Жақын қалды желтоқсан, Жабырқайды жапырақ
Мақсаты
- Балалардың табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері туралы білімін кеңейту.
- Күздің берекелі мезгіл екенін түсіндіру, ойлау қабілетін дамыту.
- Балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Безендіру
Топ іші күзгі суреттермен, мерекеге сай сарғайған жапырақтармен безендірілген.
Мерекенің ашылуы
Жүргізуші
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, кішкентай бүлдіршіндер! Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Күз мезгілі әр үйге молшылық әкелсін!
Музыкалық номер
Балалардың орындауында: «Күз келгенде» әні.
Жүргізуші
Бүгінгі мерекеге балалар аналарының қолдауымен сән көрсетілімін дайындап келді. Енді ана мен баланың сән көрсетілімін бағалайтын әділқазылар алқасымен танысамыз.
Жүргізуші
Қанеки, балалар, енді күзге арнаған тақпақтарымызды айтайық.
Күз туралы тақпақтар
1-бала
Алтын күз, әсем айналам,
Қараймын көзім талғанша.
Жақын қалды желтоқсан,
Жабырқайды жапырақ.
2-бала
Жел тынымсыз гуілдеп,
Боп кетті тым бұзық.
Шуылдайды тал-терек,
Жапырағын жұлғызып.
3-бала
Көк майсалы көрікті,
Алқаптағы көп егін.
Бұл күндері киіпті,
Сары жібек көйлегін.
4-бала
Алтын, сары, қызыл, көк —
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады жапырақ.
5-бала
Алқаптан бидайды
Қоймаға ел жинайды.
Тырнасы тізілген,
Ұнатам күзді мен.
6-бала
Жайдарлы күз, жомарт күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы кең далам
Дариядай шалқып жүр.
Музыкалық номер
Балалардың орындауында: «Күзгі бақ» әні.
Көкөністер мен жемістер шеруі
Жүргізуші көкөністер мен жемістерді ортаға шақырады. Олар бір айналып өтіп, қатарласа шығады.
Сәбіз
Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянға да азықпыз,
Сәбіздерміз жазықсыз.
Алма
Мен алмамын, алмамын,
Таңдай жуар бар дәмім.
Қызылша
Ақ түсім бар — қант алар,
Қызыл түсім — қанға нәр.
Зияным жоқ, біліп қой,
Қызылшамын, пайдам бар.
Өрік
Мен өрікпін, өрікпін,
Табиғатқа көрікпін.
Қарбыз
Көрсең егер бақшада,
Доп екен деп қалма.
Шөл қандырар қарбызбын,
Ерте үзіп алма.
Алмұрт
Мен алмұртпын, алмұртпын,
Ауыздамын бар жұрттың.
Қауын
Иісім жұпар аңқыған,
Бақшадағы шырынмын.
Жеп көргенде тамсанған,
Балдай тәтті қауынмын.
Қорытынды сәт
Күз
Балалар, ойын ойнап, көкөніс пен жемісті тани білдіңдер. Ризашылығым ретінде сендерге сыйлық табыстаймын.
Сендердің жаттаған әсем тақпақтарың, айтқан әндерің, билерің көңілімді көтерді. Рахмет сендерге, келесі кездескенше!
(Күз балаларға алма таратады.)
Жүргізуші
Балалар, бәріміз күздің сыйына алғыс айтып, шығарып салайық.
Балалар
Рахмет сізге, күз! Сау болыңыз!
Күз
Сау болыңдар, балалар!
Жүргізуші
Ендігі кезекті әділқазылар алқасына береміз.
Музыкалық номер
Балалардың орындауында: «Жеміс тердім» әні.
Алғыс және мәлімет
«Алтын күз» атты ертеңгілігімізді тамашалағандарыңызға рахмет!
- Мекеме
- М.Жұмабаев атындағы орта мектеп
- Сынып
- Мектепалды даярлық сыныбы
- Мұғалім
- Н.Қ. Шобдарбаева