Күрделі етістікті ата

Сабақтың мақсаттары

Бұл сабақта оқушылар киіз үй және оның ішкі жабдықтары туралы білімін тереңдетіп, сөздік қорын байытады. Сонымен қатар етістік туралы меңгерген теориялық білімін практикамен ұштастырып, жүйелейді.

Білімдік

Киіз үй, оның құрылымы мен жабдықтары туралы түсінікті кеңейту; етістік бойынша білімді бекіту.

Дамытушылық

Зерттеушілік пен шығармашылық қабілетті дамыту; ойлау мәдениетін және тіл байлығын молайту.

Тәрбиелік

Ана тілі мен салт-дәстүрді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу.


Кіріспе: көшпелі өмір және киіз үй

Отырықшы халықтардың өмірінде егіншілік маңызды рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы басты тірек болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-нанымы және тұрмысы көшпелі өмір салтымен тікелей астасып жатты.

Маусымдық көшіп-қону мал өсірушілерге жайылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Көш бағыты көбіне меридиан бойынша, яғни оңтүстіктен солтүстікке қарай жүзеге асты. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары көбіне бір аумақта орналасып, әр рудың өз көшу жолы қалыптасты.

Төрт маусымға сай қоныстар

Қыстау

Қыста малшылар көбіне құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады.

Көктеу

Көктемгі қоныс; көбіне күзеумен бір өңірде орналасатын кездер болған.

Жайлау

Жаздық жайылым көбіне ортақ пайдаланылған.

Күзеу

Күзгі қоныс; көктеумен қатар қолданылған өңірлер кездеседі.

Киіз үй — көшпелілер үшін кеңістікте үйлесімді, табиғатпен жарасқан шағын баспана. Ол бір күнде, бір адамның ғана ақылымен пайда болған дүние емес: көшпелі өмір салтымен бірге туып, бірге қалыптасты.

Көшпенділер өзін табиғаттың бір бөлшегі санап, аспанды көк күмбез — тіршіліктің ортақ панасы деп түсінді. Ал киіз үй — әр отбасының «шағын әлемі», өз көк күмбезі. Сондықтан киіз үйде тұру — астамшылық емес, өмір қажеттілігі болды.

Қазақтың киіз үйі тәуелсіздік пен бостандықтың, береке мен байлықтың, рухани кісілік пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің символы ретінде бағаланады. Көшуге ыңғайлы болу үшін 4, 5, 6, 7, 8, 10 қанатты, ал сән-салтанат үшін 12, 14, 16 қанатты етіп тігілген үлгілер де кездескен.

Қызығушылықты ояту

Киіз үйдің жабдықтарынан нені білеміз? Бүгінгі сабақта киіз үйдің құрылысымен таныса отырып, тапсырмалар арқылы етістік тақырыбынан алған білімімізді еске түсіреміз.


Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқу құралдарын түгелдеу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II–V. Қайталау мен бекіту

  • Үй тапсырмасын тексеру: 281-жаттығу — мысалдардан тек тұйық етістіктерді көшіріп жазу.
  • Бекіту: «Етістік» тарауын тірек-сызба арқылы түсіндіру.
  • Қорытындылау: тест сұрақтарына жауап беру.

«Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен» деген ойды тірек ете отырып, қазақ тілі пәніне арналған электронды оқулықпен жұмыс жүргізіледі (19 және 27-тапсырмалар).


Қайталауға арналған тест сұрақтары

Етістік түрлері мен етіс категорияларын пысықтау
  1. 1) Туынды етістікті табыңдар:
    А) сұра
    Ә) бөл
    Б) ойла
    В) қал
  2. 2) Ортақ етісті табыңдар:
    А) тарс
    Ә) жумас
    Б) жуыс
    В) дос
  3. 3) Ырықсыз етісті табыңдар:
    А) айтқыз
    Ә) жуынды
    Б) орылды
    В) жәбірледі
  4. 4) Сабақты етістікті атаңдар:
    А) әкел
    Ә) көмектес
    Б) қалма
    В) жатыр
  5. 5) Омоним болатын етістік:
    А) кел
    Ә) бол
    Б) бақ
    В) отыр
  6. 6) Туынды етістікті табыңдар:
    А) ойын
    Ә) ойна
    Б) ойлы
    В) ой-қыр
  7. 7) Өздік етістікті табыңдар:
    А) көрінді
    Ә) көзгіз
    Б) көрсетіңіз
    В) көрісті
  8. 8) Ортақ етісті табыңдар:
    А) сыйлас
    Ә) құрдас
    Б) бармас
    В) достас
  9. 9) -дыр, -дір, -тыр, -тір — қандай етістің жұрнағы?
    А) өздік етіс
    Ә) өзгелік етіс
    Б) ырықсыз етіс
    В) ортақ етіс
  10. 10) Субъектісі белгісіз әрекет қалай аталады?
    А) өздік етіс
    Ә) өзгелік етіс
    Б) ырықсыз етіс
    В) ортақ етіс

Дәптермен жұмыс: күрделі етістік

Тапсырма 1

Төмендегі күрделі етістіктердің қандай тұлғадағы сөздерден құралғанын анықтаңдар:

  • Келе жатыр екен.
  • Оқығалы келіпті.
  • Оқып отыр.
  • Жығылып қала жаздады.
  • Баратын шығар.
  • Келе алмай жүр ғой.
  • Орналасса игі еді.
  • Сұрағысы келіп жүрген көрінеді.
  • Оқығым келеді.
  • Сөйлесіп отырғандай боласың.
  • Бөліп қарауға болмайды.
  • Оқи алмайтын тәрізді.
Үлгі

оқып отыр — күрделі етістік (оқып — негізгі етістік, отыр — көмекші етістік).

Тапсырма 2

Дара етістіктерден күрделі етістіктер жаса:

Еріді, жылады, күресті, оқыды, келді, жаттықты, жүгірді, айналдырды, бар, дайындал, қатыс, кел, шомыл, түс, ал, жарат, шық, тұр, қара.

  1. Күрделі етістіктерді қатыстырып сөйлем құра.
  2. Болымсыз етістікке айналдыр.

Жеке оқушылармен жұмыс

Әр оқушыға тапсырмалары бар қалташалар таратылады. Қалташаның ішінде киіз үйге қажетті бұйымдар мен ішкі-сыртқы баулардың атауы беріледі. Сұрақтарға жауап бере отырып, оқушылар киіз үйді тігу үдерісіне де атсалысады. Жұмыс дәптермен де, тақтамен де орындалады.

Сөйлемді тиісті етістіктермен толықтыр

  • Екі дос көшеде …
  • Алыстан бірнеше аттылар …
  • Қар жауып …
  • Мен сабақ оқып …
  • Анам дүкеннен нан сатып …
  • Ол шелекті сұрап …
Қымыз — ерекше дәмді, құнарлы, тәбетті ашатын хош иісті сусын; жылқы сүтінен дайындалатын пайдалы тағам.

Болымсыз етістік жаса

  • Сен мектепке бар…
  • Сен дәптерге жаз…
  • Тақтаға шық…
  • Тақтаны сүрт…
  • Ертең мектепке кел…

Жалғасын тап

  • Досы көпті жау …
  • Ақылы көпті дау …

Сурет бойынша әңгіме

Суретке қарап әңгіме құра. Сөйлемдеріңде етістіктің мүмкіндігінше барлық түрі қамтылуына назар аудар.

Мәтінмен жұмыс: «Жеңіс»

Жеңістің негізі — алдымен мінез-құлықта, қажыр мен қайратта. Жауапты жарыс алдында тас түйін болып, езу тартып, орынсыз күлмейсің. Орынсыз ыржалақтасаң, босаңсып сала бересің.

  1. Жеңістің негізі не?
  2. «Қажыр» мен «қайрат» сөздерін қалай түсінесің?
  3. Көсемшені тап.

Жіктік жалғауды жалға

Көп нүктенің орнына тиісті жіктік жалғауын жалғаңдар:

  1. Мен бүгін үйде бола…
  2. Біз үйде сағат үште бола…
  3. Асқар, сіз қашан келе…?
  4. Сен кітап оқып отыр…
  5. Мен мұғаліммен сөйлеспек…
  6. Ол ертең сабаққа бармақ…
  7. Мен биыл үйлене…
  8. Мұрат суық суға жуына…
  9. Сен оның сөзіне сенді… бе?

Есімше мен көсемше

Мына етістіктерден есімшенің және көсемшенің үш түрін жаса: істеу, орындау, түсу, көрсету, жасау, бару.


Сергіту сәті

Ойынның атауы: «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді…». Қазір гүлді бір-бірімізге ұсына отырып, мақтау айтып, жылы тілек білдіреміз.

Мысал:

«Сіз бүгін сондай сүйкімді болып тұрсыз. Жүзіңізден күлкі кетпесін!»


Шаңырақ: киелі ұғым және ұлттық символ

Ұлттық танымда киіз үй және оның әрбір бөлшегі қасиетті саналады. Сол себепті ата-бабаларымыз әр затқа лайық ұлықтау, теңеу, бейнелеу секілді мәнді ұғымдармен бірге тәрбиелік мәні зор қағидалы, қанатты сөздер шығарған. Сол тағылымның өзегі — шаңырақ.

Атадан балаға мұра болып келе жатқан үйді «қара шаңырақ» деп қастерлейді. Қара шаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату — ежелгі халық жоралғысы. «Шаңырақ» сөзі «үй», «отбасы» деген тұтас ұғымды білдіреді.

Бата мен қарғыс мәні

  • «Шаңырағың биік болсын!» — ең ізгі баталардың бірі.
  • «Шаңырағың ортасына түссін!» — ең ауыр қарғыстардың қатарына жатады.

Дәстүрлі тыйым мен рәсім

  • Шаңырақты аттамайды.
  • Көшкенде шаңырақты жеке түйеге артып, көштің алдында алып жүреді.
  • Киелі шаңырақ бейнесі Қазақстан Республикасының Елтаңбасында да көрініс тапқан.

Сұрақ

Шаңырақ бейнесін Елтаңбаға енгізудің мәні неде деп ойлайсыңдар?

Ойтолғау

Бір шаңырақ астында — бірлігіміз жарасқан.


Қорытындылау және бағалау

«Бір минуттық блиц»

Бір минут ішінде кім қанша сұраққа қысқа әрі тез жауап береді?

  1. Қазақ халқы үшін киіз үйдің маңызы неде?
  2. Киіз үйдің негізгі бөлшектерін ата.
  3. Киіз үйдің жабуларын ата.
  4. Киіз үйді тіккенде ең алдымен орнатылатын бөлік қайсы?
  5. Киіз үйдің ішкі және сыртқы бауларын ата.
  6. Киіз үйдің жасауларына қысқаша тоқтал.
  7. Етістік нені зерттейді?
  8. Етістік қандай сұрақтарға жауап береді?
  9. Күрделі етістікке мысал келтір.
  10. Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата.
  11. Сабақты етістік қай септікпен байланысады?
  12. Салт етістік қай септікпен қолданылады?
  13. Етіс дегеніміз не?
  14. Салт етістікті сабақтыға айналдыратын етіс түрін ата.
  15. Етіс категориясында арнайы жұрнақтар қолданыла ма?

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысып, тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап берген оқушылар бағаланады.


Үйге тапсырма

  • Шаңыраққа және дастарханға берілетін бата түрлерін жаттап келу.
  • Жаттаған баталардың ішінен етістіктің түрлерін тауып, ажыратып жазу.