Сыйлық тренингі
Тренингтің мақсаты
Бұл тренингтің негізгі мақсаты — қарттарымызға психологиялық қолдау көрсету, көңіл-күйлерін көтеру, сергіту және олардың жалғыз емес екенін сезіндіру.
Құрал-жабдықтар
- Тілек жазылған үлестірмелі қағаздар
- Түрлі суреттер
- Бейнеролик
- Презентация
- Әуезді әуен
Нәтиже
Қатысушылардың бойындағы сергектік артып, өзара жылылық пен сенім қалыптасады. Жағымды эмоция арқылы ішкі күйзеліс азаяды.
Формат
Танысу, ойын, сұхбат, релаксация, қимыл-қозғалыс және қорытынды рефлексия бөлімдерінен тұратын жеңіл әрі әсерлі бағдарлама.
Тренингтің жүру барысы
1) Ережемен таныстыру және жылы қарсы алу
Жүргізушінің сөзі
Құрметті де қадірлі қонақтар, қош келдіңіздер! Сіздер келеді дегенді естігелі қуанышымыз қойнымызға сыймай, асыға күттік. Сіздердің құрметтеріңізге ән арнаймыз.
Ереже (ұсыныс)
- Бір-бірімізді мұқият тыңдаймыз
- Қолдау көрсетеміз, сын айтпаймыз
- Белсенді қатысамыз, бірақ өз шекарамызды сақтаймыз
- Құпиялылықты құрметтейміз
2) Танысу тренингі: “Суретті таңда”
Жүргізуші өзін таныстырады: «Менің есімім Асыл. Менің көңіл-күйім керемет!» Содан кейін қатысушыларға бірнеше сурет көрсетіліп, әркім өзіне ұнағанын таңдайды. Таңдалған сурет бойынша мінез-құлық ерекшеліктері туралы қысқаша сипаттама беріледі.
Орман
Жайсаң мінезді, көпшіл, дана, дарынды жан.
Машина
Қаржы мен тәртіпті бағалайтын, өмір ырғағын тең ұстайтын, белсенді адам.
Көкөніс
Денсаулыққа мән беретін, сымбат пен салауатты өмір салтын қалайтын жан.
Гүл
Нәзік, сезімтал, жүрегі махаббатқа толы; көмектесуге әрдайым дайын.
Бағдаршам
Жағдайды алдын ала бағдарлап, өз ережесіне берік болатын адам.
Айдаһар
Ойы ұшқыр, ортаға тез бейімделеді, кез келген адаммен тіл табыса алады.
Цирк
Қалжыңқой, ортаның адамы; адамдарға қуаныш сыйлауды жақсы көреді.
Егер сипаттамалармен келіссеңіз, екі рет қол шапалақтаңыз.
3) “Сыйлық” тренингі: қимылмен түсіндір
Бір-бірімізді жақынырақ таныдық, енді сыйлық сыйлайтын уақыт келді. Жүргізуші әр қатысушының құлағына бір заттың атауын сыбырлайды. Қатысушы ол затты қасындағы көршісіне сөйлемей, тек қимылмен сыйлауы керек, ал көршісі қандай сыйлық екенін табады.
Сыйлық мысалдары
Рахмет! Өте жақсы таптыңыздар.
4) “Көңілді сұхбат” тренингі
Бұл бөлімде екі себет қолданылады: біріншісінде — сұрақтар, екіншісінде — жауаптар. Қатысушы бір сұрақ пен бір жауапты кездейсоқ таңдап, екеуін біріктіріп оқиды. Нәтижесінде көңілді, күтпеген диалогтар пайда болады.
Мысал
Сұрақ: «Сіз Шварценеггерді танисыз ба?»
Жауап: «Иә, танимын, бірақ оны құпия сақтап жүрмін…»
5) Релаксация: “Табиғатта серуен”
Ыңғайлы отырып, көзіңізді жұмыңыз. Өзіңізді орманда жүрмін деп елестетіңіз: жапырақтың иісін сезіп, құстардың әнін тыңдаңыз. Жайлап серуендеп келе жатып, үңгірге жақындаңыз. Қабырғасын алақаныңызбен сипап, тастың қаттылығын сезініңіз. Жанында сарқырап аққан судың дыбысын естіп, орман тыныштығымен үйлесім табыңыз.
Ішкі бекіту
«Иә» деген сөзге назар аударыңыз: бұл сөз арқылы жағымсыз көңіл-күйіңіз тарасын. «Иә — менің тамаша бүгінім мен ертеңім».
Күлімсіреу бейнесі
Ішіңізден күлкіні сезіңіз. Өткеніңізге, бүгінгіңізге, ертеңіңізге күлімдеңіз. Бұл күлкі жаңа ашылған раушан гүлі сияқты — ішіңізде ашылып, бүкіл бойыңызға хош иіс сыйлайды.
Демалғаныңызды сезген кезде көзіңізді ашыңыз.
6) Кофе-брейк
Енді шағын үзіліс жасап, дәм татайық.
7) “Джунглидағы жаңбыр” тренингі
Шеңбер болып отырамыз. Өзімізді джунглиде жүрміз деп елестетеміз: ауа райы тамаша, күн жарқырап тұр, ыстық жел есіп, ауа қапырық. Бір сәтте самал жел соғады. Жүргізушінің айтуы бойынша қимылдарды бір-біріміздің арқамызға жұмсақ қимылмен қайталаймыз.
8) Рефлексия және қоштасу
Сергіту сәті аяқталды. Дегенмен сіздерді бір би билемей жібергіміз келмейді: «Қызыл өрік» әніне сергіту қимылдарын бірге қайталаймыз. Соңында шағын сыйлығымызды табыстаймыз.
Тілек: “Күн сияқты болыңыз!”
Күн — жақсы мен жаманға, жануар мен өсімдікке, тіпті еріп-балқымайтын тасқа да нұрын шашып, мейіріміне бөлейді.
Сіз күн болсаңыз да, тас секілді адамдар кездеседі: олар жүрегіңізді жаралап, күйе жағып қаралауы мүмкін. Олардың алдында ақталмаңыз — күнге күйе жұқпайды.
Күлімсіреп жүру, көңілді жүру — өміріңізді ұзартады. Өмір фортепиано пернелері секілді: ақ пен қарадан тұрады. Қап-қара, нұрсыз түннен кейін күн шығатыны сияқты, әр қиындықтан соң жеңілдік келетінін ұмытпаңыз.
Мұңаймаңыз, өткенге өкінбеңіз, жақсылықтан үмітіңізді үзбеңіз!
Қорытындыда тілек пен кеңес жазылған әдемі үлестірмелі қағаздар гүл шоғы бейнесінде таратылды.
Аман-сау болыңыздар!
Бізге қонаққа келгендеріңізге мың алғыс.
БҚО, Орал қаласы, №5 ОЖББМ
Сабырова Асыл Абайқызы