Сертификаттаудың негізгі мақсаты

Кіріспе

Сертификаттаудың негізгі мақсаты — адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнім мен оған көрсетілетін қызметтің сапасын бағалау және тұтынушының мүддесін қорғау.

Қазіргі уақытта республикада өндірілетін, сондай-ақ шетелден әкелінетін азық-түлік, шикізаттар мен тағамдық өнімдер адам өмірі үшін қауіпсіз болып, сапасы да сұраныс деңгейіне сай болуы тиіс. Өндірілетін тауар мен көрсетілетін қызмет сапасы тұтынушы талабына сәйкес болуы үшін өндірістің сапа көрсеткіштері тексеріліп, өнім мен қызмет сертификатталады. Бұл жоғары сапалы тауар шығаруға және өнімдер мен қызметтердің ішкі және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Маңызды талаптар

  • Азық-түлік шикізаты мен тағамдық өнімдерді сертификаттау үшін арнайы білімі бар, білікті әрі тәжірибелі мамандар қажет.
  • Сертификаттау сынақтарын өткізу үшін аттестацияланған сынақ зертханалары қажетті жабдықтармен және нормалық, анықтамалық, құқықтық құжаттармен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
  • Сынақ нәтижелері бірдей жағдайларда басқа зертханалардың нәтижелерімен сәйкесті болуы керек (қайталанымдылық пен салыстырмалылық).

Бұл жұмыстарды жүргізу елімізде «Стандарттау және сертификаттау» мамандарына жүктеледі. Курстық жұмыста ауыл шаруашылығы және басқа кәсіпорын өнімдерін сертификаттаудың жалпы ережелері мен тәртібі қарастырылады. Сонымен бірге өсімдік және мал өнімдерін сертификаттау жолдары, азықтық өсімдік өнімдерінің, мал, балық, бал арасы және құстардан алынатын өнімдердің (ет, сүт, бал, жұмыртқа, балық, өсімдік майлары) сапасын тексеру әдістері, жолдары және сапа көрсеткіштеріне қойылатын стандарттар берілген.

Сертификаттауға қатысты қазақ тілінде терминологиялық және анықтамалық сөздіктер бұрын жеткіліксіз болғандықтан, негізгі терминдер тікелей немесе балама түрінде аударылып қолданылады.