Мәтінді толықтыр
Күн — жарық пен жылу көзі
Бұл сабақта оқушылар Күннің тіршілік үшін маңызын түсініп, Күн жүйесі, ғаламшарлар және ғарыштық денелер туралы білімдерін кеңейтеді. Сонымен қатар ғарыш әлемін зерттейтін ғылым — астрономия ұғымымен танысады.
Сабақтың мақсаттары
1) Күн және оның тіршілік үшін маңызы туралы мағлұмат беру; Күн және Күн жүйесі туралы білімдерін толықтыру; Күн жүйесі, оның ғаламшарлары мен ғарыштық денелер туралы түсініктерін қалыптастыру; оқушыларды астрономия ғылымымен таныстыру.
2) Дүниетанымды кеңейту; танымдық қызығушылықты арттыру; ойлау, сын тұрғысынан айту, бақылау, талдау және қорытынды жасау дағдыларын дамыту.
3) Ғарыш әлеміне қызығушылық ояту; ізденгіштікке, еңбексүйгіштікке және табиғатты сүюге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сабаққа әзірлік
- Назарларын сабаққа аудару
- Психологиялық дайындық
Табиғат! Тіршіліксің тұнып тұрған.
Сен — күнсің! Көтерілген күліп қырдан.
Сен — көлсің, сен — ормансың, сен — бұлақсың,
Адамды сұлулыққа құнықтырған.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Ғарыш дегеніміз не?» мәтіні «Үш қадамды сұхбат» стратегиясы арқылы сұралады:
1-қадам
Сұрақ қоюшы
2-қадам
Жауап беруші
III. Қызығушылықты ояту
Ой қозғау және ассоциация құру
«Күн» деген сөзді естігенде ойларыңа не келеді? Көз алдыңа не елестейді? Нені сезінесің? Алдарыңдағы күн сәулелеріне ойларыңды жазып, тақтаға іліңдер. (1 минут)
Нәтиже
Оқушылардың жауаптары арқылы күннің жылу, жарық, өмір, қуат сияқты негізгі ұғымдармен байланысы айқындалады.
Мағынаны тану
Негізгі ұғымдар
- Астрономия
- Ғарыштық денелерді зерттейтін ғылым.
- Астроном
- Астрономия саласының маманы.
- Тарихи дерек
- Алғашқы астрономдарды «жұлдыз санағыштар» деп атаған.
Күн туралы қысқаша ғылыми мәлімет
Біздің планетамыздағы өсімдіктер мен жануарлар әлемі, сондай-ақ адамзат тіршілігі үшін жылу мен жарық ерекше маңызды. Ал жылу мен жарықтың негізгі көзі — Күн.
Күн — Жерге ең жақын орналасқан жұлдыз, аса үлкен газды шар. Ол Күн жүйесіндегі ең орасан дене. Жұлдыздар жай көзге көбіне түнде ғана көрінеді, ал күндіз байқалмайды — себебі Күн сәулесі олардың әлсіз жарығын басып кетеді.
Қашықтық
≈ 150 000 000 км
Жерден Күнге дейін
Жасы
≈ 5 млрд жыл
Күннің шамамен жасы
Беткі температура
≈ +6000 °C
Ішкі температурасы бұдан да жоғары
Жарықтың жету уақыты
8 мин 19 сек
Күн сәулесінің Жерге келуі
Тіршілік үшін маңызы
- Күн сәулесі болмаса, жасыл өсімдіктер көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөле алмас еді.
- Оттегімен жан-жануарлар мен адамдар тыныс алып, өмір сүреді.
- Күн сәулесі түспеген жерде өсімдік өспейді; ал адамға қажет киім, тамақ, баспана, дәрі-дәрмек те көбіне өсімдіктер арқылы өндіріледі.
- Демек, Күннің жарығы мен жылуынсыз Жер бетінде тіршілік болмас еді.
Ескерту: Күн көкжиектен неғұрлым жоғары көтерілсе, соғұрлым күштірек жылытады. Алайда Күн сәулесі Жер бетін біркелкі жылытпайды.
Мәтінмен жұмыс
Мәтінді 1–2 оқушы дауыстап оқиды. Оқушылар негізгі ойды анықтап, маңызды деректерді атап шығады.
Шығармашылық тапсырма: «Зерттеу»
«Ғалымдар» тобы
- Күннің басқа жұлдыздарға ұқсастығы неде?
- Күннің беткі температурасы қандай?
«Астрологтар» тобы
- Жер Күннен қанша қашықтықта орналасқан?
- Күннің жарығы мен жылуының Жер беті үшін маңызы қандай?
«Мәтінді толықтыр» тапсырмасы
Күн — Жерге жақын орналасқан жұлдыз.
Бұл жанып тұрған — орасан зор ғарыштық дене.
Күннің пішіні шар тәрізді.
Күннің диаметрі Жердің диаметрінен 109 есе үлкен.
Күннің массасы Жер массасынан шамамен 330 мың есе артық.
Күн Жерден шамамен 150 миллион км қашықтықта орналасқан.
РАФТ стратегиясы
Р — рөл, А — аудитория, Ф — форма, Т — тақырып.
Бүгінгі сабақта басты рөлде — Күн. «Нұрлы әлем» тақырыбында өз таңдауларың бойынша ақынның жүрегімен, жазушының тілімен немесе суретшінің көзімен Күнге ризашылығыңды білдір.
Жеткізу формасы еркін: сурет, өлең, қара сөз, не хат түрінде орындауға болады. (10 минут)
Тірек сұрақтар
- Күн адам өміріне қандай игілік береді?
- Күнсіз табиғатта қандай өзгеріс болар еді?
- Күнге алғыс білдірудің ең әсерлі жолы қайсы?
Ой толғаныс және қорытынды
Тест
Электронды оқулық арқылы тақырып бойынша қысқаша тест алынады.
Қорытынды тілек
Сабағымызды қорытындылай келе, Күн шуағын шартарапқа шырайлана шашып, мейірімін бәрімізге төге берсін. Елімізде әрдайым бейбітшілік болсын!
Бағалау
- Топтағы қорытынды жауаптар
- Жазба жұмыстары
Үй тапсырмасы
- Мәтінді түсініп оқу.
- Шығармашылық тапсырма: келесі мамандық иелері үшін Күннің маңызы туралы әңгімелеуге дайындалу (дәрігер, диқан, саяхатшы).