Еліміздің біз жастары келешегі, Жалғасымыз бабалардың кешегі

Жалағаш ауданы, Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Жәмет Айдос. Қызылорда ОІІД ЕБҚКБ ұйымдастырған «Мен өмірді қалаймын» тақырыбындағы сайысқа арналған ой-толғау.

Біз — Қазақстанның ертеңі

Қазақстан XXI ғасырдың жаңа онжылдығына қадам басты. Еліміздің арайлы таңының ертеңі, болашағы — біз, жастар. Әр адамның келешегі мен өмірі өз қолында.

Өмір — бұлақ. Біз сол бұлақты екі алақанымызбен аялап, таза күйінде сақтай білуіміз керек. Ал егер жаман жолға түссек, өміріміздің мәнін өз қолымызбен жоғалтып алуымыз мүмкін.

Тәрбие бастауы — отбасы

Қазіргі кезде жастар өзін көрсеткісі келіп, кейде жаңсақ қадам жасап, бұрыс жолға түсіп жатады. Бұл — тәрбиенің, мәдениеттің іргетасы әлсірегенінің белгісі.

Тәрбиенің негізі, ең алдымен, әр отбасынан басталады. Өйткені отбасы — тәрбиенің алтын ұясы.

Есірткі — тағдырды талқандайтын қасірет

Есірткі адам өмірін жалмап, тағдырын күл-талқан ететін қасірет. Есірткіге елігіп, балалық шағыңа, болашағыңа балта шабу — адамдыққа мүлде жат.

Осы тұста Ұлы Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиеті еріксіз ойға оралады. «Адам» деген ардақты ат бекер берілмеген. Ал қаншама жанның бақытын баянсыз еткен бұл нәубет әлі де тыйылар емес.

Бүгінгі күні есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы тұруға ерік-жігері жетпейтін жастар көбейіп барады.

Бейнелі ой: раушан мен қураған гүл

Күннің шуағынан, жылуынан нәр алып, тамырын топыраққа кең жайған раушан гүл қандай көрікті! Ал қараңғылықта сол жылудан мақұрым болған гүл қурап, солып, сәнінен айырылады. Адам өмірі де сол секілді: жарыққа, тазалыққа, пайдалы ортаға жақын болса — гүлденеді; ал зиянды әдетке бой алдырса — жан-дүниесі де, болашағы да солады.

Кейбір ауруды дәрігердің көмегімен емдеуге болады. Бірақ есірткіге тәуелділік асқынып кетсе, оны емдеу әлдеқайда қиын. Ол — адамның өмірімен қоштасуға дейін апаратын ауыр жол.

Ақыл мен денсаулық — өмірдің тірегі

Ұлы Жүсіп Баласағұн «Ақыл — Алланың сыйы» деген. Ақыл мен денсаулық — егіз ұғым. Екеуі ұштасқанда ғана адам шынайы бақытқа кенеледі.

Ал наша, есірткі, темекі, ішімдік ақыл мен денсаулықты түпсіз, қараңғы құзға құлатады. Бұл жолға түскен адам тек өзін ғана бақытсыз етпейді: аяулы ата-анасының сағын сындырып, туған-туысын жерге қарататыны, достарының үмітін өшіретіні де рас.

«Денсаулықты сақтай білу де — өнер»

Бір ойшылдың «Денсаулықты сақтай білу де — өнер» деген нақылы бар. Меніңше, бұл өнерді қазіргі дәуірде өмір сүріп отырған әрбір жас азамат міндетті түрде меңгеруі керек.

Өмірді мәнді, бақытты ету үшін, ең алдымен, мықты денсаулық қажет. Ал мықты денсаулық салауатты өмір салтын ұстанған кезде ғана қалыптасады. Есірткінің ешқандай жақсылық әкелмейтінін ешқашан ұмытпайық.

Жастарға үндеу

Есірткі деген қасірет
Улайтұғын көп жастың санасын,
Ұмыттырар әке түгіл анасын.
Жаман әдет, жат қылыққа үйір боп,
Ей, жастарым, қайда кетіп барасың?

Аздырады бұл адамның тірлігін,
Қызығында білдірмейді өмірдің.
Қайта айналып келмейтұғын бір күнді,
Өз мәнінде бақытты ғып өткізгін!

Есірткіден бойды аулақ салайық,
Салауатты өмір салтын қолдайық.
Ей, жастарым, жат қылықтан аулақ боп,
Дені сау адам болып шаттанайық!

Біз — еліміздің келешегіміз, бабалар аманатының жалғасымыз. Болашаққа жаңа қадам басайық. Жарқын елдің ертеңін жасайтын да — біз.