Дәптер оған күлді

ҰОІӘ: Драма ББС: Қатынас Мектепалды даярлық

Сабақтың мақсаты

  • Балалардың білімге деген қызығушылығын арттыру.
  • Оқу құралдары туралы түсінік беру.
  • Оқу құралдарын күтіп, таза әрі ұқыпты ұстауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Көрсету
  • Ойын

Көрнекіліктер

  • Оқу құралдарының суреттері
  • Интерактивті тақта
  • Слайд

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Мынау менің жүрегім, Барлығы осыдан басталар. Мынау менің басым, Бәрін осы басқарған. Мынау менің оң қолым, Мынау менің сол қолым — Барлық істі атқарған. Бәріміз тату болайық, Амандасып алайық: «Сәлеметсіздер ме, апайлар?» Бүгінгі сабағымызды бастайық.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Отыра қойыңдар. Мен сендерге бір жұмбақ жасырайын — тауып көріңдер.

Жұмбақ

Біліміне мол сый-асы,
Балдырғанның ұясы.
Бұл не? (Мектеп)

Тәрбиеші: Жарайсыңдар! Ендеше мектеп туралы не білесіңдер? Мектепте біз не үйренеміз?

  • Оқу-жазуды үйренеміз.
  • Сурет саламыз.
  • Тәртіп пен жауапкершілікті меңгереміз.

Балалардың жауабы: Біз Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде оқимыз. Мектебіміз үлкен, әдемі.

Мектеп туралы тақпақтар

1) Сәлем саған, мектебім, Алғыстарым көп менің. Оқу-білім, тәрбие, Ой-санаға еккенің.

2) Мектебің — мынау класың, Осында он жыл тұрасың. Тарыдай боп кіресің, Таудай болып шығасың.

3) Біз — балдырған, тең басқан, Дос құшағын елге ашқан. Бір қалада тұрамыз, Бір мектепке барамыз.

4) Мектебім — айтар әнім, Сан рет қайталадым. Өзіңнен алғанымды, Өзіңе қайтарамын.

Оқу құралдарына кіріспе

Тәрбиеші: Сендер мектепке келгенде өздеріңмен бірге не алып келесіңдер? Дұрыс — оқу құралдары. Ендеше оқу құралдары туралы бір ертегі тыңдайық.

Ертегі: «Оқу құралдары хикаясы»

Биыл Жанатбек бірінші сыныпқа барады. Анасы оған оқу құралдарын сатып әперді: жаңа сөмке, қызыл қапты әдемі қаламсауыт. Дәптерді әкелген күні-ақ шимайлап, сурет салып тастады. Анасы ұрысқанда, атасы оны қорғап: «Жанатжан әлі кішкентай ғой, қайдан білсін?» — деді.

Түн болды. Бәрі ұйқыға кетті. Оқу құралдары үстелде қалды. Қалам дәптерге шимай салғанына мәз болып, дәптерді мазақ етті. Дәптер жылап қоя берді.

Қаламсауыт: Біздің иеміз дәптерге сурет салды ма?

Бәрі: Салды!

Қаламсауыт: Салса, немен салды?

Қалам: Қаламмен!

Қаламсауыт: Ендеше дәптердің жауы — сенсің!

Өшіргіш: «Мен болмасам, артық сызықты кім өшіреді?» — деп сөз қосты. Бірақ әрқайсысы өз пайдасын ғана айтып, дәптерге үстемдік көрсетті.

Таң атты. Жанатбек қуанып, сөмкесін алып, атасымен мектепке келді. Мұғалім балаларға кітап таратты. Жанатбек кітаптарды сөмкесіне салды. Кітаптар қаламсауытты басып қалды. Сонда дәптер қаламсауытқа күліп жіберді.

Кітап: Дәптер, неге күлесің?

Дәптер болған оқиғаны айтып берді. Сонда кітап ақылын айтты: «Сендер — бір адамның оқу құралдарысыңдар. Біріңмен бірің байланыстасыңдар. Дәптерге жазу үшін қалам мен қарындаш керек, артық сызықты өшіруге өшіргіш керек. Бәріміз бірігіп, иеміздің жақсы оқушы болуына көмектесейік».

Бәрі кітаптың сөзін құптап, бір-бірін тыңдап, тату болуға келісті. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» — деген осы.

Ертегі бойынша сұрақтар

  1. 1Жанатбек биыл қайда барады?
  2. 2Анасы оған қандай оқу құралдарын сатып әперді?
  3. 3Жанатбек дәптерді қалай бүлдірді?
  4. 4Неліктен қалам мен дәптер ренжіді?
  5. 5Атасы немересін қайда апарды?
  6. 6Мұғалім Жанатбекке не берді?
  7. 7Жанатбек кітаптарды қайда салды?
  8. 8Кітап қандай ақыл айтты?
  9. 9Кітаптың айтқаны дұрыс па? Неліктен?
  10. 10Жанатбектің жасағаны дұрыс болды ма?

Негізгі ой: «Бірлік болмай, тірлік болмайды» — бәріміз бірге қайталаймыз.

Сахналау және сергіту сәті

Бұл — драма сабағы. Ендеше ертегіні сахналап көрейік.

Біз мектепке барамыз, Қолға қалам аламыз. Кітапты да оқимыз, Суретті де саламыз. (Қимылмен көрсету)

Жұмбақтар арқылы бекіту

Ұшымен қазық, торкөзді жазық,
Үстінен өттім асыл сөз жазып.
Жауабы: дәптер

Қабат-қабат қаптама,
Ақылың болса аттама.
Жауабы: кітап

Ақыл-ойдың шырағы,
Зәулім көктей шынары.
Биігіне бойлаған,
Қанбайды адам құмары.
Жауабы: білім

Дыбыстық жаттығу және сөз құрастыру

Дұрыс айту

Ме-ме-ме — мектеп
Ді-ді-ді — дәптер
Кі-кі-кі — кітап
Бі-бі-бі — білім

Тапсырма

2 сөзді буынға бөлу, дыбыстық талдау жасау (интерактивті тақта арқылы).

Осы сөздерге сөйлем құрастыру.

Үш тілде айту

Мектеп
школа — school
Дәптер
тетрадь — notebook
Кітап
книга — book

Ойын: «Сөмкеге не саласың?»

Алдарыңдағы қағаздағы суреттерге қарап, сөмкеге қажетті заттарды ғана «саламыз» — яғни сызықпен қосамыз. Кейін бірге талқылаймыз: сөмкеге не салу керек, ал кейбір заттарды неге салмаймыз?

Жұптық жұмыс: диалог құрастыру

Көршіңмен жұптасып, суреттерге қарап кейіпкерлердің рөліне еніп, шағын диалог құрастырыңдар: олар не туралы сөйлесуі мүмкін?

Қорытынды және бағалау

  • Бүгін біз не туралы айттық?
  • Оқу құралдарын қалай ұстауымыз керек?
  • Мектепте оқу сендерге ұнай ма?

«Бағдаршам» арқылы көңіл күйді бағалау

Жасыл

Өте жақсы

Қызыл

Орташа

Сары

Онша емес

Кітап керек — білім таңдап аларға, Білім керек — іске жақсы қараға. Кітап — шырақ, қара түнді ашатын, Білім — жарық, нұрын саған шашатын.