Мектепке дейінгі ұйымдардағы музыка педагогтарына арналған шебер - класс

Кіріспе

Білім мен тәрбиенің бастауы — балабақшадан басталады. Бүгінгі қоғамның даму бағыты мектепке дейінгі тәрбие мамандарына жан-жақты дамыған, сауатты, саналы, өзіндік орны бар, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор бола білетін азаматты тәрбиелеу міндетін жүктейді.

А. Байтұрсынов: баланың білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керектігін айтады. Педагогтің қызметі — баланың қиындау жолын қысқарту, білімді дер кезінде беру, тапсырманы баланың шамасына қарай шағындап ұсынып, оны мақсатқа бағыттап отыру.

Дәйексөздер

«Естігенімді — ұмытамын, көргенімді — есте сақтаймын, өз істегенімді — меңгеремін.»

Конфуций

«Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды.»

В. А. Сухомлинский

Шығармашылық ұғымы және оның мәні

Ғылымда «шығармашылық» ұғымы ХІХ–ХХ ғасырларда кеңінен зерттеле бастады. Тура мағынасында ол — жаңалық ашу. Тереңірек қарастырсақ, шығармашылық адамның мақсатқа жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, ішкі сұранысынан көрінеді.

Шығармашылық — ойлаудың және өз бетінше әрекет етудің жоғары формасы. Ол объективті де, субъективті де болуы мүмкін. Философиялық сөздікте шығармашылық проблемалық сипаты бар, барлық ішкі байланыстарды біріктіретін, нәтижесінде жаңа материалдық және идеялық құндылықтар алынатын мақсатты әрекет ретінде түсіндіріледі.

Шығармашылық әрекеттің мәні туралы ойлар көне философтардан бастау алады. Гераклит оқушыларын «өзін зерттеуге» бағыттаса, Сократ дайын жауап ұсынбай, ақиқатқа жетуді адамның өзіне тапсырып отырған. Бұл «сократтық әдістің» құндылығы қазіргі таңда да жоғары.

Шығармашылық түрлері

Ғылымда шығармашылықтың бірнеше түрі ажыратылады:

  • Материалдық-техникалық

    Құрастыру, жасау, жаңа тәсіл ұсыну арқылы көрінетін шығармашылық.

  • Рухани-теориялық

    Ойлау, талдау, тұжырым жасау, идея қалыптастыру.

  • Әлеуметтік-ұйымдастырушылық

    Топпен келісу, жоспарлау, рөлдерді бөлу және бірлескен нәтиже.

  • Педагогикалық

    Оқытуда жаңа әдіс-тәсіл табу, баланың әлеуетін ашу.

  • Көркем-шығармашылық

    Музыка, би, сахналау, образ жасау арқылы көркем өрнектеу.

Музыкалық іс-әрекет арқылы шығармашылықты дамыту

Балабақшаның ересек топ балалары ойлап табуды, құрастыруды, жасауды жақсы көреді. Музыкалық шығармаларды қимылмен көрсету, әнді сахналау, музыкалық ойындар балаларға шығармашылық ізденіс танытуға мүмкіндік береді. Кейбір шығармалар мектепке дейінгі балалардың музыкалық-ойындық шығармашылығын дамыту мақсатында арнайы жазылған.

Педагогтің рөлі

Педагог балалардың іс-әрекетін бағыттай отырып, біртіндеп күрделенетін шығармашылық тапсырмаларды ұсынады: алдымен жеке кейіпкердің әрекетін ойлап табу, кейін бірнеше кейіпкердің рөлін орындау, олардың ерекшелігін айқындау.

Бұл мақсатта балалар қызыға орындайтын музыкалық сценарийлер, әндер, пьесалар, сондай-ақ би арқылы орындалатын шығармашылық тапсырмалар қолданылады. Балалар қарапайым қимылдардан бастап, жаңа музыканы тыңдай отырып өз қимылын ойлап шығара алады.

Ұжымдық тапсырмалар

Балалар өзара ақылдасады, би композициясын құрастырады, шешім қабылдайды. Мұндай жұмыс келісім мәдениетін, тыңдай білуді және ортақ нәтижеге жауапкершілікті қалыптастырады.

Инсценировка және ойын

Музыканы тыңдағаннан кейін балалар образды өздерінше ашады: қимылмен бейнелейді, сюжетті толықтырады, кейіпкерге мінездеме береді. Қол ұстасып айтылатын әндер, сахналанған шығармалар — шығармашылықты оятатын тиімді құрал.

Әндік шығармашылықты дамыту тәсілдері

Әндік шығармашылық — суырыпсалмалық қабілетті дамытуға бағытталған тапсырмалар жүйесі арқылы қалыптасады. Ән үйрену барысында педагог балаларға белгілі бір ретпен орындалатын тапсырмалар ұсынады: алдымен вокалдық дауыс ырғағын табу, кейін үлгі-әндер арқылы тапсырманы күрделендіру.

Жаттығулар үлгілері

  • Дыбысқа еліктеу арқылы қысқа әуен құрастыру.
  • Музыкалық «сұрақ–жауапты» қайталап айту және өзгертіп айту.
  • Берілген мәтінге сәйкес немесе керісінше мағынада шағын ән шығару.

Сабақ соңындағы бақылау тапсырмалары

1) Аспап сүйемелдеуімен ән айту

Дыбыс шығару сапасы, интонация, орындау мәдениеті бағаланады.

2) Сүйемелдеусіз ән айту

Баланың әнді дұрыс меңгеруі мен дербестігі анықталады.

3) Екі түрлі үндестіктегі әнді орындау

Көңіл күйді жеткізе алу, музыкалық есту қабілеті байқалады.

4) «Музыкалық жауап» ойыны

Педагог: «Сенің атың кім?» — деп әндетеді. Бала: «Айгүл» — деп әуенмен жауап береді.

Сөйлеу, ойлау және театрландыру

Мектепке дейінгі жаста балалар айналасындағылардың сөйлеуін бақылап, бағалай бастайды. Өз атын музыкамен айту, шағын диалог құрастыру, жұмбақ, ертегі, әңгіме ойлап табу — сөйлеу әрекетіне шығармашылықпен кірісудің табиғи жолы.

Бір жастағы балалардың сөздік қоры мен байланыстырып сөйлеуі, сауаттылығы, шығармашылық сөйлеу қабілеті әртүрлі болуы мүмкін. Логикалық ойлау, интеллектуалдық дарындылық, есте сақтау және өз бетінше ойлау қабілеті түрлі логикалық, сенсорлық ойындар арқылы күшейеді.

Ертегі мен әңгімені еске түсіріп, оны музыка арқылы «сөйлеу театры» форматында көрсету — балалардың тілін де, қиялын да, сахналық мәдениетін де дамытады.

Сергіту жаттығулары (өлеңдер)

«Үш аю»

Үш аю тұрды орманда, Таңғы мезгіл болғанда Жаттығады екен сол маңда. Кішкентай аю момақан, Құлағы ұзын балақан. Папалары артында Қорбаңдаған қалпында. Бәрі суға шомылды — Болды олар көңілді. Мамасы да биледі, Папасы да биледі, Екеуіне қосылып, Баласы да биледі.

«Құмырсқа»

Бармақ болып жұмысқа, Қырға шықты құмырсқа. Тайып кетіп аяғы, Қырға қайтып шығады. Ой-ой-ой, ой-ой-ой, Әне аю келеді, Шомылуға келеді, Құмырсқаны көреді. Енді қайда құтылар, Илеуіне тығылар.

Релаксация (жетекші мәтіні)

Қазір әркім өз орнына ыңғайланып отырып, көзін жұмады. Терең тынысты 3 рет алыңыз. Қолдарыңыз еркін, бос жатыр. Аяқтарыңыз да босаңсып келеді. Қол-аяғыңыз толықтай еркіндеп, ауырлай бастады. Денеңіздегі қысым азайып, сіз толықтай демалып отырсыз.

Енді өзіңізді басқа бір қалада, шағын көшеде келе жатқандай елестетіңіз. Оң жағыңызда да, сол жағыңызда да әдемі үйлер. Сол үйлердің бірінде болашақты дәл болжайтын көріпкел тұрады. Ол — айтқаны келеді дейтін ерекше жан. Оған барған адамдар өз болашағын айқындап, мақсатты өмір сүруге шешім қабылдайды.

Сіз сол үйге жақындадыңыз. Еменнен жасалған ауыр есікті аштыңыз. Есіктің ар жағынан ақ сақалды, жылы жүзді қария көрінді. Ол сізді ішке шақырды. Бөлмеге кіргенде көне кітаптарға толы сөрелерді, үстел үстіндегі картаны, жарқыраған айнаны көрдіңіз. Диванда ала мысық ұйықтап жатыр.

Көріпкел сізді креслоға жайғастырып отырғызды да сөйлей бастады: «Көзіңді жұм. Мен саған жарқын болашағыңды айтамын…» Осы сөзден кейін сіз қалғып бара жатқандайсыз: қарияның даусын естіп отырсыз ба, әлде түс көріп жатырсыз ба — ажырату қиын.

Көз алдыңызда болашақ өміріңіздің көріністері пайда болады: бәлкім, сіз Қазақстанның үздік педагог-музыканты атанған шығарсыз; құттықтаулар қабылдап, жетістіктеріңіз туралы журналдарда жарияланып, теледидарда көрсетіліп жатқан болар. Бәлкім, жиі араласатын жандарды көрерсіз. Немесе мәдениет қайраткері атанып, профессор дәрежесіне жетіп, тәжірибеңізді таратып жүрген сәтіңіз елестеген шығар. Бәлкім, отбасыңызбен тұратын көпқабатты коттедж үйіңізді, мінетін көлігіңізді көрерсіз…

Қорытынды ой

Музыкалық сабақтарда балалардың іс-әрекеті оқу тапсырмаларымен қатар шығармашылық ізденіске бағытталады: орындау дағдылары қалыптасады, би мен ойын арқылы образ жасауға талпыныс күшейеді. Тұлғаны жан-жақты дамыту музыкалық-эстетикалық тәрбиенің адамгершілік, ақыл-ой және дене тәрбиесімен өзара байланысы арқылы жүзеге асады. Осы шығармашылықты жүйелі ұйымдастыру нәтижесінде өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға дайын, өзін таныта алатын құзыретті тұлға тәрбиеленеді.

Ақтөбе гуманитарлық колледжі оқытушылары: Н. С. Булекеева, Г. С. Карина