Өткізгіштерді тізбектей және параллель қосу

Сабақтың тақырыбы

Өткізгіштерді тізбектей және параллель қосу.

Ресурстар мен тапсырма көздері

  • Видео көріністер
  • Электрондық оқулық
  • Слайдтар (PowerPoint)
  • Оқулық

Жалпы мақсаттар

Оқытудың жаңа әдістерін қолдана отырып, электр тізбегіндегі өткізгіштердің тізбектей және параллель қосылуын түсіндіру, есептеу формулаларын қолданып шығару дағдысын қалыптастыру. Оқушылардың ток күші, кернеу, кедергі ұғымдарын ажырата білуін және олардың электр құбылыстары тарауындағы өзара тығыз байланысты негізгі шамалар екенін ұғындыру.

Диалогтік оқыту арқылы проблемалық және ситуациялық сұрақтармен жұмыс істету, логикалық талдау қабілетін дамыту. Проблемалық сұрақтарға белсенді жауап берген оқушылардың шығармашылығы арқылы көшбасшылықты байқау және салыстыру тапсырмаларында жас ерекшеліктерін ескеру.

Оқыту нәтижелері

  • Ойлану, ойды жүйелеу және тақырып мазмұнын өз бетінше түсіну.
  • Білімді күнделікті өмірмен байланыстырып, пікірге дәлел келтіру.
  • Пікірлерді салыстыру, ұқсастық пен айырмашылықтарды табу.
  • Сандық, логикалық және мағыналық есептердің шығару жолдарын талдау.
  • Іздену, шығармашылық жұмыс жасау, ғылыми көзқарасты қалыптастыру.
  • Өзін-өзі реттеу, өз білімін бағалау, өзге топты тыңдау және ортақ пікірге келу.

Негізгі идея

Күнделікті өмірде және тұрмыстық жағдайларда ток күші, кернеу, кедергі шамалары қатар жүретінін көрсету және бұл өзара байланыс электр құбылыстарының негізгі заңдылықтарының бірі екенін дәлелдеу.

Қамтылатын модульдер

  • Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
  • Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
  • Оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау
  • АКТ-ны (ақпараттық-коммуникациялық технологияларды) пайдалану
  • Талантты және дарынды оқушыларды оқыту
  • Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу
  • Оқытудағы басқару және көшбасшылық

Тапсырмалар

Әр тапсырма оқушылардың түсінуін тексеруге, талдауға, тәжірибеге және қорытынды жасауға бағытталған.

1-тапсырма: Топқа бөлу және өткенді пысықтау

5 минут
  • Жасырын парақшалар арқылы топтарға бөлу: ток, кернеу, кедергі, меншікті кедергі (атауы, өлшем бірлігі, белгіленуі).
  • Өткен тақырып бойынша есте қалған білімді анықтау үшін топ атауына байланысты ойларын постерге түсіру.

2-тапсырма: Ой қозғау және диалог

3 минут + 8 минут

PowerPoint арқылы күнделікті қолданылатын электр құрылғыларының (лампа, желдеткіш, теледидар, радио, компьютер т.б.) презентациясын қарап, ой қозғау.

Суреттерден байқалған құбылыстарды диалог арқылы талдау. Ситуациялық сұрақтардың мағынасын ашу.

1-топ: Ток

Электр тогы дегеніміз не? Формуласын жазып көрсетіңдер.

2-топ: Кернеу

Кернеу дегеніміз не? Формуласын жазып көрсетіңдер.

3-топ: Кедергі

Кедергі дегеніміз не? Формуласын жазып көрсетіңдер.

4-топ: Меншікті кедергі

Меншікті кедергі дегеніміз не?

3-тапсырма: АКТ арқылы жаттығулар мен есептер

8 минут

1-топ

Тізбектей жалғауда ток күші қалай өзгереді? Мысал келтіріңдер.

2-топ

Параллель жалғауда кернеу неліктен барлық тармақта бірдей болады? Мысал келтіріңдер.

3-топ

Тізбектей және параллель жалғауда кедергі қалай өзгереді? Нені байқайсыңдар? Мысал келтіріңдер.

4-топ

Жалғау түрі меншікті кедергіге әсер ете ме? Неліктен? Мысал келтіріңдер.

4-тапсырма: Тәжірибе және салыстыру

5 минут

Жас ерекшеліктерін ескере отырып, өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғауды тәжірибе жүзінде орындау. Әр жалғаудағы ток күші, кернеу және кедергінің айырмашылықтары бар екеніне көз жеткізу. Эксперимент кезінде кейбір оқушылардың (көбіне ер балалардың) электр құрылғыларының жасалуына, қауіпсіздігіне қызығушылығы артып, белсенділігі байқалады.

1-топ

Амперметр көрсеткіші арқылы ток мәндерін дәлелдеңдер. Неліктен ток өзгерді?

2-топ

Вольтметр көрсеткіші арқылы кернеу мәндерін дәлелдеңдер. Неліктен кернеу өзгерді?

3-топ

Кедергілер саны артқанда әртүрлі жалғауда кернеу неліктен әртүрлі болады? Түсіндіріңдер.

4-топ

Меншікті кедергі ток күші мен кернеуге қалай тәуелді? Пропорционалдық байланысын сипаттаңдар.

5-тапсырма: Миға шабуыл және деңгейлік есептер

8 минут

A тобы

Әрқайсысының кедергісі 40 Ом болатын үш шам тізбектей жалғанған. Тізбек кернеуі 120 В. Жалпы ток күші қандай?

B тобы

20 Ом кедергі алу үшін кедергісі 24 Ом болатын өткізгішке қандай кедергі қосу керек?

C тобы

Пайда болған бөліктерді параллель қосып 4 Ом кедергі алу үшін кедергісі 64 Ом өткізгішті неше бөлікке бөлу керек?

Кейінгі тапсырмалар

  • Оқулықтағы қосымша сұрақтарға жауап беру.
  • 20-жаттығуды орындау.

Кері байланыс және бағалау

Өзін-өзі бағалау

«Білім ағашы» арқылы өзін бағалау.

Формативті бағалау

Топтардың бір-бірін бағалауы үшін бағалау критерийлері бар парақшалар беріледі.

Критерий Өте жақсы Жақсы Қанағаттанарлық
Мазмұнды меңгеруі
Зерттеуі
Топтық жұмысы

Жиынтық бағалау

Сабақ барысында кімнің көбірек мәлімет меңгергені, кімнің көшбасшылық танытқаны немесе ең белсенді қатысқаны ауызша талқылау арқылы анықталады (өз тобы және өзге топ мүшелерінің пікірі ескеріледі).

Қорытынды

Нәтижелік өзгерістер

  • Ғылыми көзқарасы қалыптасады және өз біліміне есеп беруге үйренеді.
  • Өзге топтарды тыңдап, топпен бірге ортақ пікірге келуді меңгереді.
  • Көпшілік ортада өзін-өзі реттеу дағдысы артады (көшбасшылық байқалады).

Оқушы белсенділігі

  • Өзіне сенімі артып, еркін пікір білдіруге дағдыланады.
  • Проблемалық сұрақтарға белсенді жауап беріп, талдау жасау қабілеті нығаяды.
  • Тәжірибе арқылы теорияны дәлелдеуге қызығушылығы күшейеді.