Шоқан Уәлиханов - тұңғыш ғалым

Сабақтың тақырыбы

Шоқан Уәлиханов — қазақ халқының тұңғыш ғалымы.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Шоқан Уәлихановтың қазақ тарихындағы тұңғыш ғалым ретіндегі орнын, еңбектерінің маңызын теориялық тұрғыдан таныту; оқулық материалын сатылай кешенді талдау арқылы талдауға үйрету.

Дамытушылық

Сатылай кешенді талдау технологиясын қолдана отырып, әдеби және қоғамдық қайраткерлердің өмірі, қызметі мен шығармаларын талдай білу дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік

Оқушылардың тілдік-эстетикалық талғамын дамыту; елін, жерін сүюге, өнер мен білімді қадірлеуге тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдері
Сұрақ-жауап, түсіндіру, сатылай кешенді талдау (хронологиялық карта)
Пәнаралық байланыс
Қазақстан тарихы, бейнелеу өнері, орыс тілі, география
Көрнекілігі
Шоқан портреті, интербелсенді тақта, бейнежазба, слайдтар, сызба-кестелер

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сынып кезекшісі арқылы оқушылардың қатысуын белгілеу.
  • Сынып тазалығы мен құрал-жабдықтарды тексеру.
  • Сабақтың тақырыбы, мақсат-міндеттерімен таныстыру.

II. Үй тапсырмасын пысықтау

Тақырып: Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы.

Қайталау сұрақтары

  1. 1 Шоқан туралы қандай мәліметтер білесіңдер?
  2. 2 Абылай ханның Шоқанға қандай туыстық жақындығы бар?
  3. 3 Шоқанның орыс достарынан кімдерді атай аласыңдар?
  4. 4 «Ш. Уәлиханов» фильмінде басты рөлді сомдаған актер кім?

III. Жаңа сабақ

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Біз Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны мен шыққан тегі туралы таныстық. Оның ірі ғалым болып қалыптасуына әкесі Шыңғыс, анасы Зейнеп, әжесі Айғанымның тәрбиесі, сондай-ақ кадет корпусындағы ұстаздарының ықпалы зор болғанын байқадық. Жастайынан зерек, табиғи таланты мол, еңбекқор әрі білімге құштар Шоқан ғылымның бірнеше саласына бірдей терең бойлады. Қай салада болсын, оны алғашқы іргетас қалаған көшбасшылардың бірі ретінде бағалауға болады.

Тұңғыш ғалым

XIX ғасырда қазақ даласында Шоқанға дейін еуропалық үлгіде білім алып, шет тілдерде еркін сөйлеп, философия, физика, математика, география және батыс пен орыс әдебиетін жүйелі меңгерген қазақ болмаған. Ол — еуропаша толық білім алған алғашқы қазақ. Сондықтан бүгінгі ұрпақ Қазақстандағы ғылым мен білімнің жаңа дәуірлік бастаулары Шоқан есімімен сабақтас екенін мақтан тұтады.

Ағартушы-демократ

Шоқан әлем әдебиетінің озық үлгілеріне, әсіресе орыс мәдениеті тарихындағы демократтық-ағартушылық идеяларға айрықша мән берді. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский, сондай-ақ Диккенс, Теккерей, Руссо сияқты батыс қаламгерлерінің еңбектерімен терең танысты. Сол кезеңнің беделді басылымы болған «Современник» журналын тұрақты оқып, қоғамдық-саяси бағыт-бағдарды қадағалап отырды.

Адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын реформалар ғана қажет, ал осы мақсатқа кедергі келтіретін реформалар халыққа зиянды, керексіз болып табылады.

«Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегі Шоқанның азаматтық тұлғасын, демократтық көзқарасын айқын танытты.

Әдебиет зерттеушісі

Шоқан еңбектерінде әр дәуірдің әдебиет өкілдері мен мәдени мұраларына үнемі тоқталып отырады. Ол Шөже, Орынбай, Жанақ, Арыстанбай, Нұрымбай сияқты жыршы-ақындардан ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алып, ғылыми тұрғыдан талдап, қазақ халық поэзиясы туралы құнды пікірлер ұсынды.

Қазақ ауыз әдебиетінің славян және жалпы еуропалық ауыз әдебиетімен байланысын қарастырып, тақырып ұқсастығы мен сюжет қайталануын өмір шындығындағы ортақ заңдылықтармен түсіндірді. Көшпелі халықтарда суырыпсалмалық (импровизация) өнердің жоғары дамығанын атап өтті.

Қырғыздың «Манас», «Семетей» жырларын теңдесі жоқ рухани құндылық ретінде бағалап, «Манас» жырын алғаш қағазға түсіріп, баспаға ұсынғандардың бірі болды.

Этнограф

Әскери қызметте жүрсе де, Шоқан Орта Азия халықтарының, әсіресе Шығыс Түркістан өңірінің тарихын, қоғамдық құрылымын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеуге көп күш жұмсады. Халықтың тарихы, жер-су атаулары, діни наным-сенімдері бойынша мол дерек жинап, «Тәңірі (Құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» сияқты зерттеулер жазды.

Қашқарияның тарихы, этнографиясы, саяси өмірі туралы материалдары және «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Жоңғария очерктері» еңбектері оны ғылыми ортаға кеңінен танытты. Кейбір еңбектері Лондонда және Санкт-Петербургте жарық көрді.

Саяхатшы

Географ-саяхатшы П. П. Семенов-Тянь-Шанскиймен таныстық Шоқанның саяхатшы болу арманына жол ашты. 1854 жылдан бастап Жетісу, Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлерін аралады. 1856 жылы Ыстықкөл аймағына сапар жасап, «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері» еңбектерін жариялады.

1858 жылғы Қашқария сапары Ресей мен Қытай арасындағы сауда байланысын қалпына келтіру мақсатын көздегенімен, Шоқан бұл сапардан елдің саяси-әлеуметтік ахуалы, ұлттық мәдениеті мен рухани болмысы жайлы құнды мәліметтер алып қайтты.

Суретші

Шоқан орыс тілін әлі білмей тұрған кезінің өзінде сурет салуға құмар болған (Потанин). Білімге құштар жас зерттеуші аралаған аймақтарының табиғатын, тарихи ескерткіштерін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін және танымал тұлғалардың бейнесін қағазға түсіруді әдетке айналдырды. Бұл суреттер кейін ғылыми еңбектеріне көрнекі материал ретінде қолданылып, ғалым тұлғасын жаңа қырынан танытты (Ыстықкөл, Құлжа, Жетісу сапарлары; Тезек төре; Қашқарлық келіншек және т.б.).

Түсіндіру форматы

Жаңа тақырып сызба-кесте бойынша интербелсенді тақтада түсіндіріледі. Сатылай кешенді талдау үлгісіне сай Шоқан тұлғасының әр қыры оқулық материалдары мен зерттеу еңбектері арқылы дәлелденіп, жүйеленеді. Оқушы мәтінді салалар бойынша реттеп, құрылымдап үйренеді.

СКТ технологиясының басты ерекшеліктері

  • Оқу материалының жүйелілігі мен бірізділігі
  • Табиғилық, түсініктілік
  • Дағды қалыптастыруға басымдық беру
  • Барлық оқушы үшін базалық білім деңгейінің міндеттілігі
  • Оқушының мүмкіндігіне сай, міндетті деңгейден төмен емес білім алуда еріктілік
  • Оқыту мен тәрбиенің бірлігі
  • Ұлттық құндылықтарға ерекше орын беру
  • Пәнаралық байланысты мақсатты енгізу

IV. Жаңа сабақты бекіту

Оқулықпен және хрестоматиямен жұмыс барысында Шоқанның тұңғыш ғалым ретіндегі орны оның еңбектері, достарының пікірлері және жазған хаттары арқылы тереңдетіліп, дәлелмен бекітіледі.

V. Сабақты қорыту

  • Негізгі ойларды тұжырымдап қорытындылау.
  • Оқушылардың білімін бағалау.

VI. Үй тапсырмасы

Шоқанның әдебиет саласына қатысты еңбектерінің біріне сатылай кешенді талдау жасаңыздар.

Талдау реті

  1. 1 Еңбектің атауы
  2. 2 Басылып шыққан баспасы
  3. 3 Жарық көрген жылы
  4. 4 Көтерген мәселесі
  5. 5 Маңыздылығы