Адал болсаң досың жақын, Еркелейтін немерең жақын
Барысы
Бұл тәрбие сағатының өзегі — сөз құдіреті мен халық даналығы. Қазақ үшін сөз — тек қатынас құралы емес, елдік пен кемелдікті, тәлім мен тәрбиені, арман мен мұңды бір арнаға тоғыстырған рухани мұра.
Жүргізуші сөзі
1-жүргізуші: Қазақ — сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған. Оның тарихы, тағдыры, тәлімі мен тәрбиесі, даналығы мен дала көңілі — бәрі де сол сөзде жатыр.
2-жүргізуші: Қазақ тарихында сөздің орны айрықша. Бітпес даудың да, бәтуәсіз шудың да кесімі мен шешімі — сөз болған. Тұла бойдағы тылсым сырды сыртқа жайған сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң-шер — бәрі де сиқыр сөзге сыйған. Сондықтан да сөзден өткен күш те, сөзден өткен құдірет те жоқ.
Оқушылар орындауындағы өлең-толғаулар
Шешендіктен не пайда, Артында сөз қалмаса. Батырлықтан не пайда, Халқына қайрат қылмаса. Хандықтан да пайда жоқ, Қарашаға қорған болмаса. Молдалықтан пайда жоқ, Шариғатты бұрмалап, Надан жұртты алдаса.
Даралық сөз — суырыпсалма ақындықпен туыстас. Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды: ел қамын жеген ерлер, сөзін сөйлеп, жағдайын жайлаған шешендер, білімпаз билер қалыптасты. Би — халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділеттің жоқшысы.
Тарихи үлгі: Абыз бабаға айтылған өсиет
1-жүргізуші: 120 жасқа келген Абыз бабаға Әсет би сәлем бере келіп, былай дейді:
Ассалаумағалейкүм, Абыз баба,
Жасыңыз келіп қалыпты 120-ға.
Атамыз айтып еді дейтұғын ұрпақтарға,
Айтыңызшы өсиет, асқан дана...
Өркенің өссін десең, өршіл болма — Кесапаты тиер еліңе. Елің өссін десең, өршіл болма — Өркеніңді өшірерсің. Басына іс түскен пақырға Қастық қылма — Қайғысы түсер басыңа. Жанашыры жоқ жарлыға Жәрдемші бол асыға, Қиын-қыстау күндерде Өзі келер қасыңа. Бүгін сағы сынды деп, Жақыныңды басынба.
Тату болса ағайын — жақын, Ақылшы болса апайың — жақын. Бауырмал болса інің — жақын. Алдыңа тартқан адал асын Қимас жақын қарындасың. Сыбайлас болсаң нағашың — жақын. Адал болсаң досың — жақын, Еркелейтін немерең — жақын.
Алтын ұяң — Отан қымбат, Құт-берекең — атаң қымбат. Аймалайтын анаң қымбат, Мейірімді апаң қымбат. Асқар тауың әкең қымбат, Туып-өскен елің қымбат. Ұят пен ар қымбат, Кіндік кескен жер қымбат.
Арадан шыққан жау қиын, Таусылмайтын дау қиын. Шанышқыланған сөз қиын, Жазылмаса дерт қиын. Іске аспаған серт қиын. Ақылыңнан адасып, Өзің түскен өрт қиын. Не істеріңді біле алмай, Ашиды сонда бас миың.
Өнер бөлімі
7-оқушы: «Қызыл-жасыл киінбесе, қыздың сәні кірер ме. Мың бұралып билемесе, бидің сәні кірер ме», — дегендей, келесі кезекті Айдананың биіне береміз.
Ақыл — адамды аздырмайтын ем, Білім — таусылмайтын кен. Адамның басшысы — ақыл, Жетекшісі — талап, Шолғыншысы — ой, Жолдасы — кәсіп, Қорғаны — сабыр, Қорғаушысы — мінез.
Еліңде жақсы көп болса, Пайдасы ерге тиер. Содырлы-сотқар көп болса, Еліне найзасы тиер. Ақылды, кең болсаң, Әрқашанда халқыңды сүйер. Басыңа үлкен қатер төнсе, Үшке дейін қатты шыда. Кең болсаң, кем болмайсың — Деген сөз бар.
Терме
1-жүргізуші: Нартуғанның термесі: Қызыл тілім, сөйлеші! Иә, туған соң адам боп, Білімсізден жаман жоқ. Ардақ тұтып үлкенді, Ата жолын жалғапты.
Жақсыға үлкен-кіші — бәрі жақсы, Жасына бірге өскен көкесіндей. Жақын адам алысты жақын етер, Беттескен екі таудың өркешіндей. Дедім-ай, ау…
Қорытынды сөз
Мұғалім: Қайтадан қайрылып өмірге келмейсің. Барыңды, нәріңді тіршілікте бер. Артыңа ғибрат алар із қалдырсаң — шын бақыт. Осыны ұқ: адам жақсылығымен мәңгілік өлмейді.
Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды. Ден қойып тыңдағандарыңызға рақмет.