Бір топтың ойын бастаушысы

Ұлттық ойындардың денсаулыққа пайдасы

Ұлттық ойындар — ата-бабадан қалған тәрбие мен шынығудың өміршең мектебі. Олар баланың денесін ширатып қана қоймай, зейінін арттырып, мінезін шыңдап, қоғаммен тіл табысуға үйретеді.

Мақсаты

  • Ұлттық ойындар туралы білім беріп, оның денсаулыққа пайдасын түсіндіру.
  • Ойын арқылы ептілік, икемділік, зеректік пен ойлау қабілетін дамыту.
  • Қозғалыс мәдениетін қалыптастырып, шынығуға баулу.

Көрнекіліктер

  • Нақыл сөздер
  • Асықтар
  • Кітапшалар

Барысы

  1. 1Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2Кіріспе сөз
  3. 3Топтық тапсырмалар (талдау, қорғау)
  4. 4Қорытынды

Кіріспе

Этнограф-ғалымдардың пайымдауынша, ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде біздің заманымыздан бұрын-ақ, алғашқы мыңжылдықта қалыптаса бастаған. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін басты мұрат санап, баланың нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше мән берген. Сондықтан ұлттық ойындарды дәстүрлі тәрбиенің негізгі құралы ретінде дамытып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.

Ұлттық ойындар — халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен біте қайнасқан құндылық. Олар баланы жастайынан дене тәрбиесіне баулып, батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді.

Халық даналығы: «Денсаулық — зор байлық», «Дені саудың — жаны сау». Тіршіліктің негізгі тірегі — денсаулық. Сондықтан ұлттық ойындардың адам денсаулығына берер пайдасын танып-білу — маңызды.

Ұлттық ойындардың түрлері

Қазақтың ұлттық ойындары мазмұны мен сипатына қарай бірнеше бағытқа топтастырылады:

Аңға байланысты ойындар

«Ақсерек — көксерек», «Аңшылар», «Аңшылар мен қояндар».

Малға байланысты ойындар

«Соқыр теке», «Асау көк», «Аларман (қойға қасқыр шапты)».

Заттармен ойналатын ойындар

«Ақсүйек», «Алтыбақан», «Арқан тартыс», асық ойындары, «Қыз қуу», «Орамал тастау», «Сақина жасыру», «Көкпар», «Күміс ілу», «Түйілген орамал».

Зеректік, ептілік, икемділікті қажет ететін ойындар

«Айгөлек», «Аударыспақ», «Жасырынбақ», күрес, «Орын тап», «Санамақ», «Ұшты — ұшты», «Теңге көтеру», «Сұрақ-жауап».

Кейінгі кезеңде қалыптасқан ойындар

«Сымсыз телефон», «Әріп таңдау», «Пароль», «Сыңарын табу».

Ойындар және олардың тәрбиелік-сауықтыру мәні

Тоғызқұмалақ

Терең ойды талап ететін, ойнаған сайын қызығы арта түсетін халық даналығының бір үлгісі — тоғызқұмалақ. Бұл ойын логикалық ойлауды, есептеуді, алға жоспар құруды дамытады. Тоғызқұмалақтың қашан және қалай қалыптасқаны туралы нақты тарихи деректер әзірге аз болғанымен, бүгінгі таңда ол кеңінен дамып, жаңғырып келеді.

  • Негізгі пайдасы: зейін, логика, шыдамдылық.

Алтыбақан

Алтыбақан — жастардың кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, әзілдесіп, көңіл көтеретін ойын-сауық түрі. Қазіргі уақытта да үлкен тойларда алтыбақан құрылып, ұлттық дәстүр жалғасып келеді.

Құру тәсілі: сырықтың екі басын үш-үштен қосақтап, мосы тәрізді етіп байлайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұрады. Құрастырып болған соң екі басына үш қатар арқан байланады.

  • Негізгі пайдасы: тепе-теңдік, ырғақ, әлеуметтік қарым-қатынас.

Айгөлек

Айгөлек ойынында қыз-жігіттер екі топқа бөлініп, қаз-қатар тұрып, бір-бірінің қолынан ұстайды. Ойын бастауышы өлеңдетіп сұрақ қояды, екінші топ жауап беріп, бір ойыншының атын атап шақырады. Аты аталған ойыншы жүгіріп келіп, қарсы топтың тізбегін үзіп кетуге тырысады.

Ереже: тізбекті үзсе — қарсы топтан қалаған бір ойыншыны алып кетеді, үзе алмаса — сол топта қалады. Ойын бір жақтың ойыншылары таусылғанша жалғасады.

  • Негізгі пайдасы: жылдамдық, күш, топтық бірлік.

Ақсүйек

Ақсүйек — қыз-бозбалалар жаздың айлы түнінде ойнайтын ойын. Ойын жүргізуші жылқының бақай сүйегін (болмаса қойдың жілігін, жауырын немесе жамбас сүйегін) көрсетіп, белгіленгеннен кейін қатысушыларды екі топқа бөледі де, сүйекті алысырақ жерге лақтырады.

Жеңіс шарты: ақсүйекті бірінші болып тапқан топ жеңеді. Сүйек алдын ала күнге күйіп, әбден ағарған болуы керек.

  • Негізгі пайдасы: қырағылық, бағдарлау, төзімділік.

Ұшты — ұшты

Бұл ойында жүргізуші қатысушыларды жаңылыстыру үшін ұшатын және ұшпайтын заттарды араластырып, тез-тез айтады. Шарт бойынша ойыншылар тек ұшатын зат айтылғанда ғана қол көтеруі керек.

Қате жіберсе, айып ретінде өз өнерін көрсетеді (өлең айту, жұмбақ шешу, т.б.).

  • «Ұшты, ұшты — тарғақ ұшты!»
  • «Ұшты, ұшты — жарғақ ұшты!»
  • Негізгі пайдасы: реакция, зейін, өзін-өзі бақылау.

Аударыспақ

Аударыспақ — қазақ пен қырғыз халықтарына ортақ кең тараған ат үсті ойыны. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып түсіруге тырысады. Үлкен тойларда арнайы жүлде тігіледі.

Қатысушылар әдетте 18 жастан асқан, қарулы жігіттер болады. Ереже бойынша сайыс салмақ дәрежесіне қарай үш топқа бөлініп өткізіледі.

  • Негізгі пайдасы: күш, ептілік, батылдық, төзімділік.

Ат бәйгесі

Ат бәйгесі — халқымыздың салтына терең сіңген спорттық ойын. Ұлы дүбір тойларда, ас берілгенде ат жарысы ұйымдастырылып, бәйге тігілген. Аттар ондаған шақырымнан келеді, ал көмбеге бірінші жеткен жүйрікке — бірінші бәйге, келесісіне — екінші бәйге және солай жалғасып беріледі.

  • Негізгі мәні: шыдам, дайындық, мақсатқа ұмтылу мәдениеті.

Көкпар

Көкпар — ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан: ерте кезде көшпелі жұрт көк бөріні алған соң, өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып ойын-сауық құрған. Кейін бұл дәстүр ұлттық ойынға айналған. Көкпар Орта Азия халықтары арасында да кең тараған.

Көкпар жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілген. Алаң көлемі қатысушылар санына сай белгіленеді. Мысалы, әр команда 5 адамнан болса, алаң ұзындығы 300 м, ені 100 м. Ойында басы кесілген серке тартылады.

  • Негізгі пайдасы: күш-қайрат, ептілік, батыл шешім, командалық үйлесім.

Қорытынды

Ұлттық ойындар — халықтың болмысын танытатын, күнделікті тұрмыс-тіршілікпен тығыз байланыста туған тәрбиелік қазына. Олар баланы батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке баули отырып, салауатты өмір салтының негізін қалыптастырады.

Бүгінгі міндет — осы құндылықтарды ұмытпай, ұлттық ойындарды дәстүрлі түрде жалғастырып, дамуына өз үлесімізді қосу.

Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, №3 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Кеншілік Гүлбаршын