Оқушыларға көп - көп рахмет

Сабақтың барысы

Бұл сабақта сақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі тарихи деректермен, көрініс арқылы және тапсырмалар жүйесімен бекітіледі. Оқушылардың белсенді қатысуына мән беріліп, әр кезеңде бағалау жүргізіледі.

Кезеңдер

  • Ұйымдастыру
  • Тарихи сынақхат
  • Түсіндірмелі тірек-сызба
  • Танымдық ойындар

Қорытынды бөлік

  • Бекіту: тест сұрақтары
  • Бағалау
  • Үй тапсырмасы

Ұйымдастыру кезеңі

Сәлеметсіздер ме, оқушылар! Сыныптағы оқушыларды түгендеп алайық.

Бүгінгі ашық сабағымыз «Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі» тақырыбына арналады. Ендеше сыныптастарымыз дайындап келген театрландырылған рөлдік көрініске назар аударайық (жай әуен қосылады).

Көз алдыңызға сақтар дәуірін елестетіңіз: сақ патшайымы Томирис, парсы патшасы Кир және сол заманның куәсі болған баяндаушы бүгінгі сабаққа «келеді».

Рөлдік көрініс: Томирис пен Кир

Автор

Парсы билеушісі Кир б.з.б. 530 жылы сақ жеріне келіп, сол кездегі сақтардың билеушісі Томириске елшілерін жібереді.

Кир

«Бұл хабарды Томириске жеткізіңдер! Мен — патшалардың патшасы, парсы Кирмін. Сақтардың соғыссыз берілуін талап етемін. Одақ құрайық; әйтпесе қандарыңды судай ағызып, жерлеріңді жаулап аламын!»

Томирис

«Ешкімнен қорқарым жоқ! Парсымен одақ құру ниетім жоқ. Елімнің тыныштығы қымбат. Қымбатыма қол созса, шыдарым жоқ. Кир, сен маған тең емессің. Парсы еліне бас ұрып, бағынбайды — келсін де жаулап алып көрсін!»

Автор

Бұл сөз Кирдің құлағына жетеді.

Кир

«Көнбесе, жаулап аламыз — өз обалы өзіне. Бүкіл ел бізге бағынатын, күллі Азия аңыз қылып табынатын. Құдіретті Кирдің күшін білмей, қалайша құтырады бұл ханым?!»

Автор

Кир көп әскерімен Сырдариядан өтіп, біраз жүрген соң қосын тігіп тоқтайды. Томирис жалғыз ұлы Спаргаписті жауға қарсы аттандырады.

Томирис

«Жалғызым Спаргапис, ел шетіне жау келді. Жер мен елді қорғау — қасиетті борышың. Аттан, еліңді қорға!»

Автор

Спаргапис қалың қолмен салтанатты түрде жауға қарсы аттанады. Мұны көрген Кир қулыққа барады.

Кир

«Тәжірибесізді қулықпен құртайық».

Автор

Кир әдейі қорыққандай болып, лагерін тастап қашқан сыңай танытады. Спаргапис соңынан қуып, торуылға түсіп, шайқаста қаза табады. Бұл хабарды естіген Томирис әскер бастап, Кирге қарсы аттанады. Екі жақ садақпен атысып, жекпе-жекке шығып, қылыштасып, найзаласады. Ақыры сақтар жеңіске жетіп, Кир қаза табады.

Томирис

«Кирдің денесін тауып әкеліңдер!»

Автор

Томирис Кирдің басын кесіп, қан толтырылған меске салып былай дейді:

Томирис

«Қанды аңсап келіп едің — тойғаныңша қанып іш! Ішсең, мынау құмарың қансын!»

Қорытынды

Ер жүрек сақ халқы Томиристің бастауымен елін, жерін қорғап қалды. Томиристей патшасы бар қайсар халық ешкімнің тепкісіне төзе алмайды.

Театрландырылған көрініске қатысқан оқушыларға алғыс білдіреміз. (Қол шапалақ.)

Тарихи сынақхат

Алдарыңыздағы тарихи сынақхатта көп нүктенің орнына оқулықтағы кілт сөздерді қойып жазыңыздар. Әр топтың басшысы тексеріп, тақтада ілінген бағалау парағына сүйене отырып, топтың нәтижесін шығарады.

Мәтін (толықтыру тапсырмасы)

Кир қайтыс болғаннан кейін б.з.б. 519 жылы парсы патшасы __________________ сақтарға шабуыл жасайды. ________________ есімді сақ жауынгері өз денесін жарақаттап, __________________ қашып барып, өзін сақ көсемдерінен __________________ көрген етіп көрсетеді. Ол парсы әскерлерін __________________, __________________ сусыз шөлге апарады. «Мен сендерді адастырып __________________ ұшыраттым, елімді __________________ алып қалдым, мен дегеніме жеттім. Енді __________________ келгендеріңді істей беріңдер», — деп __________________ көрсетіп, парсылардан Шырақ кегін алады. Дарий көптеген әскерінен __________________, еліне __________________ мәжбүр болады. Шырақ сияқты жауынгердің арқасында сақтар өз __________________ сақтап қалды.

Түсіндірмелі тірек-сызба

Ежелгі дүние тарихынан белгілі: парсы патшалары Кир мен Дарий сақ еліне басқыншылық жорықтар жасады. Оқушылар оқулықпен жұмыс жасай отырып, тақырыпты түсіндірмелі тірек-сызба арқылы меңгереді.

Негізгі тұлғалар

  • Кир
  • Дарий
  • Томирис
  • Спитамен

Кеңейту (Александр Македонский)

Б.з.б. IV ғасырда грек-македон басқыншыларының жорықтары күшейді. «Жеңілмейтін әскер» ұғымы, сондай-ақ Соғдыдағы қарсыласу қозғалыстары (Спитамен) тақырыпты толықтырады.

Кезең
Б.з.б. IV ғасыр
Ұзақтығы
3 жыл

Танымдық ойындар (топтық жұмыс)

Оқушылар 3 топқа бөлініп, әрқайсысы өз тапсырмасын орындайды. Топ басшысы нәтижеге қарай топты бағалайды.

1-топ: «Сұрақ-жауап» (доп арқылы)

Оқушылар бір-біріне доп лақтыра отырып, тақырып бойынша сұрақ қояды және қысқаша жауап береді.

2-топ: Хронологиялық диктант

Оқушыларға жылдар беріледі, сол жылдардағы оқиғаларды ретімен баяндап шығады.

  • Б.з.б. 530 жыл
  • Б.з.б. 570–520 жылдар
  • Б.з.б. 519 жыл
  • Б.з.б. IV ғасыр

3-топ: «Сөзжұмбақ/әріптерді реттеу»

Берілген сөздердің әріптерін дұрыс ретке келтіріп, шыққан ұғымдарды түсіндіреді.

СОРТИМИ → ТОМИРИС ЙАДРИ → ДАРИЙ ҚАШРЫ → ШЫРАҚ ТЕПНАМСИ → СПИТАМЕН ИРК → КИР

Бекіту: тест сұрақтары

Сабақ барысында меңгерілген тақырыпты бекіту үшін жеке оқушыларға тест тапсырмалары беріледі.

Тест

  1. 1) Б.з.б. 530 жылы қай парсы патшасы сақ еліне жорық жасады?

    A) Дарий    Ә) Кир    Б) А. Македонский

  2. 2) Сақтардың А. Македонскийге қарсы күресін кім басқарды?

    A) Спаргапис    Ә) Томирис    Б) Спитамен

  3. 3) Б.з.б. 570–520 жылдары өмір сүрген сақ патшайымы кім?

    A) Томирис    Ә) Клеопатра    Б) Семирамида

  4. 4) «Жеңілмейтін әскер» деп кімдерді атаған?

    A) Грек-македон    Ә) Парсы    Б) Сақ

  5. 5) Дарийдің әскерін шөл даламен адастырған ер жүрек сақ жауынгері кім?

    A) Томирис    Ә) Спитамен    Б) Шырақ

  6. 6) Грек-македон басқыншылары сақ еліне неше жыл бойы соғыс жүргізді?

    A) 13    Ә) 3    Б) 10

  7. 7) Томирис пен Кир арасындағы шайқас немен аяқталды?

    A) Кир қаза болды    Ә) Томирис қаза болды    Б) Екеуі де қаза болды

  8. 8) «Досқа адал, дұшпанға қатал» деген сипаттама кімдерге қатысты?

    A) Грек    Ә) Парсы    Б) Сақ

Жауап кілті

1 — Ә, 2 — Б, 3 — А, 4 — А, 5 — Б, 6 — Ә, 7 — А, 8 — Б.

РАФТ тапсырмасы

Осы тақырып бойынша әр топ Томириске, Спитаменге немесе Шыраққа арнап алғыс хат жазады. Әр топ басшысы жұмыс сапасына қарай топтың бағасын қояды.

Р — Рөл

Тарих куәгері / сарбаз / шежіреші

А — Аудитория

Томирис / Спитамен / Шырақ

Ф — Форма

Алғыс хат

Т — Тақырып

Ерлік, ел қорғау, тәуелсіздік үшін күрес

Бағалау

Оқушылар жаңа тақырыпты игеру барысында жинаған ұпайлары мен тапсырмалар нәтижесі бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Эссе

«Томирис — ерліктің символы» тақырыбына эссе жазу.