Балалар бүгін барлығымыз, күз мерекесіне жиналдық

Күз мерекесі: сахналық көрініс

Бұл мәтін — балабақшада немесе бастауыш сыныпта өткізілетін «Алтын күз» мерекесіне арналған ертеңгіліктің сценарийі. Онда балалардың тақпақтары, хор мен әндер, билер, сондай-ақ көрермендерді (қонақтарды) мерекелік көңіл күйге бөлейтін шағын диалогтар қамтылған.

Негізгі тақырып: Алтын күз Формат: Тақпақ · Ән · Би · Ойын Кейіпкерлер: Мұғалім · Балалар · Күз · Күз айлары

Кіріспе

Санжар

Ой, балалар, балалар, қоңырқай күз болыпты. Қурап, жапырақ солыпты. Ел егінін орыпты. Ой, балалар, балалар, ойнайық та, күлейік, енді оқуға кірелейік.

Мұғалім

Балалар, бүгін бәріміз күз мерекесіне жиналдық. Қонақтар да келді. Бірақ мерекемізге біреу жетіспей тұрған сияқты. Сендер ол кім екенін білесіңдер ме?

Балалар: Ол — Күз!

Ендеше, Күзді ортаға шақырайық.

Бірге: Берекелі күз келді, мерекелі күз келді!

Күз

Береке, бақ дарыған, жомарт көңіл, жарқын жаз. Сары алтынға малынған, алтын күз деген мен болам.

Армысыздар, құрметті қонақтар, кішкентай бүлдіршіндер! Мерекеге кешігіп қалдым ба?

Балалардың күз туралы тақпақтары

Балалар Күзді қарсы алып, табиғаттың өзгерісін, еңбектің берекесін және күздің салқын лебін өлеңмен суреттейді.

Адина

Берекесін сыйлауға, өлкемізге күз келді. Жемістерін жинауға, шақырады біздерді.

Жанеля

Құстар қайтты ән салып, бұлт шарлады аспанды. Кеткен күнім, келдің бе? Күзгі суық басталды.

Ақбаян

Қайтқан құсты көрдің бе, қаптай ұшқан әуелеп? Кеткен күнім, келдің бе, сыңсып бағың мәуелеп.

Саялым

Жетті желмен алтын күз, жеміс жинау — салтымыз. Толтырды да қамбасын, той жасады халқымыз.

Нұрасыл

Күз де келді, күз келді, күдерін жаз үзгенді. Күз де келді, күз келді, көкте бұлттар жүзгенді.

Хор

«Күз келгенде»

Елдар

Қамба толды астыққа, алғыс саған, алтын күз! Бір уыс дән шаштық та, қап-қап қауын алдық біз.

Күз айлары: Қыркүйек, Қазан, Қараша

Мұғалім

Балалар, бізге тағы кімдер жетіспейді?

Балалар: Күз айлары!

Жел тұрған сияқты. Сірә, күз айлары келе жатқан секілді.

Ж. Зарина — Қыркүйек

Аспанды құс шарлай бастады. Алғашқы қоңырау қуантты жастарды.

Ербағылан — Қазан

Қазанда халқымыз тойшыл — ол салтымыз. Береке-байлығын беріп тұр алтын күз.

Ерсайын — Қараша

Қараша айында қыс қамын дайында. Үйін жұрт жылытқан, мал қора жайында.

Мұғалім

Күз айларына алғысымызды білдіріп, оларды жолдарынан қалдырмайық. Ду қол шапалақтап шығарып салайық!

Мадияр

Таза жездей жайнаған, сары бояу айналам. Енді сары бояумен күз суретін салам мен.

Ойын және жапырақтар туралы өлеңдер

Ойын (ата-аналармен)

Аружан

Кейде құйын өтеді, тозаңдатып жан-жақты. Кейде құйын кетеді, доп қылып ап қаңбақты.

Күзгі жапырақтар

Күз

Балалар, жапырақтар туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

Хор: «Күзгі жапырақтар»

Диас

Алтын сары, қызыл, көк — алуан-алуан жапырақ. Күзгі бақта күлімдеп, көз тартады атырап.

Әділхан

Тапталады табанға судыр-судыр жапырақ. Өрттей сары бояуға малынғандай атырап.

Би

«Жапырақтар биі»

Жемістер мен көкөністер туралы тақпақтар

Күз

Жарайсыңдар, балалар! Ал енді жемістер мен көкөністер туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

Айдын

Бейне тентек баладай, ойран-асыр салады. Алма бағын жағалай, алмаларын қағады.

Инсар

Самал қозғап қалғанда, үзіледі сары алма. Шолып едім бақшаны, қауын біткен сап-сары.

Ескендір

Ала шапан киініп, теңкейіпті қарбыздар. Жесең тілді үйіріп, сусыныңды қандырар.

Қарақат

Еңбек түбі — зейнет қой, мен де қарбыз жинадым. Атам сыйға береді, құшағыма сыйғанын.

Зере

Күшімді ішке жинаған, бес саусақтай жұмылған. Тентекті де ықтырған, сарымсақ деген мықты мен.

Айбек

Қолымдағы қиярым, оны кімге қиямын? Бойындағы тікені — бір сипасам бітеді.

Тоғжан (шалқан)

Көргендерді аң-таң ғып, жұлып алдым шалқанды. Көзге түсер қиырдан, ай секілді ол жымиған.

Зарина (қызылша)

Жер-ананың баласы — қызылшаға қарашы. Томпақ беті қып-қызыл, су шошытпас мықты бұл.

Ән

«Күз жомарт»

Қорытынды: би және қоштасу

Мұғалім

Ал енді, кішкентай бүлдіршіндердің «Қуыршақтар» биін қабыл алыңыздар.

Би

«Қуыршақтар»

Күз

Жарайсыңдар, балалар! Маған мереке қатты ұнады. Біз сендермен ән айтып, би биледік. Ал енді менің орманға баратын уақытым болды. Сау болыңдар! Келер жылы кездескенше!

Мұғалім

Осымен «Алтын күз» мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды. Тамашалағандарыңызға көп рахмет!