Заттық мағынадағы сөйлемдер

Сабақтың тақырыбы: Тұйық етістік

Бұл сабақ жаңа білім беруге бағытталған. Негізгі назар — тұйық етістіктің жасалу жолын түсіну, сөйлем ішінде мағынасын ажырату және грамматикалық түрлену ерекшеліктерін меңгеру.

Сабақтың түрі

Жаңа білім беру сабағы

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, түсіндіру

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, өмірмен байланыстыру

Көрнекілік

Кесте, кеспе қағаздар

Сабақтың мақсаты

Білімділік: оқушылардың тұйық етістік туралы білімін толықтыруға жағдай жасау.

Дамытушылық: іздену, есте сақтау, қажетті ақпаратты қорыта білу және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: тіл сабағындағы мақал-мәтелдер мен мысалдарды талдау арқылы білімділікке және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сұрақтар

  • Көсемше дегеніміз не?
  • Көсемшенің жасалу жолдары қандай?

273-жаттығу

Берілген тіркестерден сөйлем құрап жазу.

Тіркестер

Еркін дем алып, еркіндік туып тұр, масайрасып, анасы келгелі, кері қайтқалы, сағынады, тайынбайды, аянбайды.

Шағын шығарма

«Төрт түлік мал», «Ауыл» тақырыптарына көсемше мен есімшені қатыстырып, шағын шығарма жазу.

III. Жаңа сабақ: тұйық етістік

Тұйық етістік тек қана жұрнағы арқылы жасалады. Ол етістіктің негізгі және туынды түбіріне, етіс және болымсыз етістік тұлғаларына жалғанады.

Мысалдар

бар-у барғызба-у ойла-у ойна-у қысқар-у басқар-у желбіре-у көгер-у кел-у келме-у келтірме-у қуыл-у қуыспа-у

Тұйық етістіктің мағынасы

Тұйық етістік сөйлемде заттық та, қимылдық та мағынада қолданылады. Сұрақ қою арқылы оның қай мағынада тұрғанын ажыратуға болады.

Заттық мағына

  1. Көсеуді әперші. (шоқты көсейтін құрал)
  2. Сабаумен жүн сабайды.
  3. Жасау — қызға жиналған дүние-мүлік.
  4. Оюдың түр-түрімен таныстық.

Қимылдық мағына

  1. Отты көсеу керек.
  2. Малды басқа сабауға болмайды.
  3. Нағыз домбыраны шебер жасау керек.
  4. Ұлттық нақышты ескере ою қажет.

Грамматикалық ерекшеліктері

  • Тұйық етістік септеледі және тәуелденеді, бірақ жіктелмейді.
  • Көптік жалғауы жалғанса, одан кейін тәуелдік жалғауы қосылып қолданылады.
  • Зат есімше түрленіп, қимылдың, іс-әрекеттің атын білдіреді.

Жаттығулар

274-жаттығу

Тұйық етістіктерді теріп жазып, түбірі мен қосымшасын ажыратыңдар.

сыйлама-у-шылық сыйла-ма-у ет-у ашығ-у-ға бер-у сұра-у

275-жаттығу

Мәтінді көшіріп жазып, тұйық етістіктің астын сызыңдар және сұрақ қойыңдар.

Ауыл жанындағы суда жүрген құсты атуға, үркітуге болмайды.

Халық жердің, судың, ауаның тазалығын сақтауды ежелден қадірлей білген; өсімдіктерді құрып кетуден сақтау үшін жиі-жиі қоныс аударып отырған.

Ақыл-парасат күші — адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш.

Өз мініңді көруден басқаның мінін көру оңай.

277-жаттығу

Мақал-мәтелдерді оқып, тұйық етістіктің қай мағынада (заттық не қимылдық) жұмсалғанын анықтаңдар.

  • Оқу түбі — тоқу.
  • Күле білу — өмір, күлдіре білу — өнер.
  • Күлкі болу — өлім.
  • Қызығу мен қызғану бірдей емес.
  • Мақтау мен мақтану бірдей емес.

Сөйлем құрастыру

Тақтадағы сөздерді әрі тұйық етістік ретінде, әрі зат есім ретінде қолданып, сөйлем құраңдар.

егеу жабу басу оқу

278-жаттығу

Берілген сөздерді буынға бөліп жазыңдар және төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер.

Ашық буын

Ашық буын дегеніміз не?

Тұйық буын

Тұйық буын дегеніміз не?

Бітеу буын

Бітеу буын дегеніміз не?

Су, сау, жа-уын, ке-йу-а-на, қи-ю, бу-у, қа-бу, уа-қыт, сы-ю, тыр-на-уыш, ру-ха-ни, же-теу, у-ыс, у-ыл-ды-рық, жу-у, ба-ян-да, уыш, а-йу-ан, ту-ыс, у-лы, та-уыс, қа-уын.

IV. Сабақты қорытындылау

Бекіту сұрақтары

  • Тұйық етістік дегеніміз не?
  • Тұйық етістік қандай жұрнақ арқылы жасалады?

V. Оқушыларды бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі және жаттығуларды орындау сапасы бойынша бағалау.

VI. Үй тапсырмасы

279-жаттығу орындау.