Балалар біздің еліміздің бас қаласы қай қала
Сабақ тақырыбы: «Менің Отаным — Қазақстан»
Сабақтың түрі
Аралас сабақ (сұрақ–жауап, пікірталас).
Көрнекіліктер
- Қазақстан картасы
- Тірек сызбалар
- Мемлекеттік рәміздер
- Тақырыптық суреттер
- Нақыл сөздер
Сабақтың мақсаты
Білімділік мақсаты
Балалардың Отан, мемлекеттік рәміздер және Елбасы туралы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық мақсаты
Ой-өрісін, шығармашылық қабілетін дамыту; тіл байлығын, сөздік қорын молайту; Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жағдай жасау.
Тәрбиелік мақсаты
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, Отанын сүюге тәрбиелеу.
I. Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: Құрметті оқушылар мен қонақтар! Бүгінгі «Менің Отаным — Қазақстан» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер. Біз ата-аналармен бірлесе отырып, Отан туралы ой-пікірімізді ортаға саламыз, оқушылардың Отанға арнап салған суреттерін қараймыз, өз ойынан жазған шығармаларын тыңдаймыз.
Тарихи дерек
Егемендігі мен тәуелсіздігі жас мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау оңай болған жоқ. Экономикалық және құқықтық негіздерді қайта қалыптастыру қажеттілігі туындады. Осылайша, 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.
Өлең жолдары
Қазақстан — ұлан-байтақ кең далам,
Қазақстан — өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан — ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Сұрақ–жауап
- Сұрақ: Біздің Отанымыз қалай аталады?
- Жауап: Қазақстан.
- Сұрақ: Қазақстан жері қандай?
- Жауап: Қазақстан жері үлкен, әдемі әрі бай.
Нұрайна
Отаным — Қазақстан, туған жерім,
Мұнай мен газ — асыл кенім.
Көркейтіп бір өзіңді келе жатқан,
Артамыз Елбасына үлкен сенім.
Біз жас ұлан — Отан-ана өркені,
Үміт артқан болашағы, ертеңі.
Туған елдің даңқын көкке өрлетіп,
Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені.
Ән
«Бақытты балалық шақ»
Қазақстанның кеңдігі мен байлығы
Қазақстан жері батыстан шығысқа қарай шамамен 3 000 км-ге, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1 700 км-ге созылып жатыр (Қазақстанның физикалық картасынан көрсету).
Еліміз табиғи байлыққа да өте мол: мал шаруашылығы, балық қоры, егін алқаптары, аң-құсқа бай даласы және таусылмас кен орындары бар.
II. Негізгі кезең
Балалар, мынау — біздің Қазақстан Республикасымыз. Оны картадан көріп тұрсыңдар. Елімізде әсем, үлкен қалалар көп.
Астана туралы
- Сұрақ: Еліміздің бас қаласы қай қала?
- Жауап: Астана.
- Сұрақ: Астана қандай қала?
- Жауап: Үлкен, әдемі қала.
Бәйтерек туралы аңыз
Ертеде Самұрық деген құс болыпты. Самұрық жылына бір рет қана жұмыртқалайды, жұмыртқасы алтын екен. Ол дүниеде сирек кездесетін «Бәйтерек» ағашына барып жұмыртқалайды. Аңыз бойынша, алтын жұмыртқасы бар бәйтеректі көрген адамның жолы болып, бақытты өмір сүреді, тірегі мен таянышы болады.
Данат
Көз қуанып күн сайын көркеміне,
Көңіліміз сенеді ертеңіне.
Қазақстан — алып ел, төрі Астана,
Таңым ғана лайық ел төріне.
Қазақстан — көк байрақты ел едің,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің менің мақтанышым, тірегім,
Өзің менің қуанышым, бақытым.
Елбасы туралы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы 1 желтоқсанда сайланды.
Бақытты боп жүргенім — сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім — менің тірегім, құшағыңда гүл атам.
Атам, әжем, әкем, анам — төртеуі де Отан маған.
«Ботам» дейді төртеуі де, ер азамат атан! дейді.
Мақтанамын Отаныммен, Отаныма ботамын мен.
Мемлекеттік рәміздер
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Олар — Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер халқымыздың ғасырлар бойғы еркіндік пен бостандыққа ұмтылысын айқындайды.
Нұрмұхаммед
Қыран құсым көк аспанда самғасын,
Желбіресін көк байрағың сан ғасыр!
Жас ұландар, берік ұста туыңды,
Жарқыратып туған елдің таңбасын.
Саят
Желбірейді шалқып Қазақстан жалауы,
Көкте қыран қалықтап, қанат қағып барады.
Көк аспанда нұрлы күн күлімдейді далама,
Бақыт тілеп тұр бүгін ол барлық пәк балаға.
Назар
Ұлттық өрнек — мұрамыз, адастырмас мұраттай,
Нық көтеріп тұрамыз жалауды біз құлатпай!
Бұлт баспасын күнімді, тарылмасын өрісім.
Биік ұстау Туымды — қасиетті борышым.
Шынар
Қазақстан — біздің сүйікті Отанымыз. Асқар таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары бар. Алтай мен Атырау, Ақжайық пен Алатаудың аясында кең құлаш жайып, жайнап, түрленіп келеді.
Мен қазақпын, ұланымын қазақтың,
Тәуелсізбін, егеменмін, озатпын.
Көк байрағым тұр көгімде желбіреп,
Алатаудай көкке өрлеген азатпын.
Мағжан
1991 жылдың 16 желтоқсаны — еліміз үшін ерекше күн. Бұл күні қазақ халқы дербес мемлекет екенін әлемге жария етті. 1992 жылы мемлекеттік рәміздер бекітілді: Ту, Елтаңба, Әнұран.
Жаңа ғана қазағымның таңы атты,
Ел деп алғыс айту — сауапты.
Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам,
Тәуелсіздікті сақтау үшін жауапты.
Фархат
Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Елімізде түрлі халық өкілдері қол ұстасып, достықты дәріптеп, бейбіт өмір сүріп келеді.
Бір шаңырақта табысқан,
Дос, бауыр көп туысқан.
Отан — ортақ үйіміз,
Көңілді ән мен күйіміз.
Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — Қазақстан!
Ел тарихы, жер тарихы — өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз.
Барлық ұлтпен бауырласып жетелеу,
Ақ пен қараны тіліп тұрса сөзіміз.
Хор
«Біз өмірдің гүліміз»
Бекбол
Отан — менің өзегім,
Қиыны болса төземін.
Алдағы бақыт шақтарды,
Жүрегіммен сеземін.
Акылбек
Отаным — менің өзегім,
Қырыңды шарлап, кеземін.
Білу керек әр ұрпақ,
Бес саусақтай өз елін.
Отаным — мәңгі қорғаным,
Қалаймын бақыт қонғанын.
Сүйемін және сондықтан,
Өзенін, көлін, орманын.
Оқушылардың шығармашылық жұмыстары
Оқушылар шығармаларын оқып, өз ойларын ортаға салады. Отан туралы салған суреттерін таныстырады.
Алдияр
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Қазақстан — көк байрақты ел едің,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің менің мақтанышым, тірегім,
Өзің менің қуанышым, бақытым.
Әсель
Қойнауы мол кенге тұнған,
Кең жайлауы малға толған,
Жерұйықтай жері дархан,
Жаны жомарт елі дархан.
Бәрі: Ол — біздің Қазақстан!
Хор: «Біз Қазақстан балаларымыз»
III. Қорытынды
Сұрақ–жауап ойыны
- Біздің мемлекетіміз қалай аталады?
- Қазақстан Республикасының астанасы қай қала?
- Қазақстанда қандай ұлт өкілдері тұрады?
- Біздің Елбасымыз кім?
- Мектепке не үшін келеміз?
Альмира
Достық бізге тым ыстық,
Бірлік — байлық, ырыс — құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық!
Түйін сөз
Біз — тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағымыз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуді, сүюді және қорғауды ұмытпайық.
Ұстаздар, ата-аналар, оқушылар — баршаңызға көп рақмет! Сау болыңыздар.