Ертегілер
Сабақтың тақырыбы
Ертегілер. «Аңқау арыстан»
Сабақтың мақсаты
- 1. Ертегі түрлерімен таныстыру; мәтінді түсініп оқу; кейіпкерлердің іс-әрекетіне мінездеме беру; негізгі ойды ашып, қорытынды жасау.
- 2. Түсініп, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру; ой-пікірді жинақтап айту шеберлігін дамыту; сөйлеу әрекеттерін жетілдіру; сөздік қорды молайту.
- 3. «Анық-қанығына бармай іс істеме, асықпа» қағидасын ұғындыру; алдау-арбаудың жаман қасиет екенін түсіндіру; адалдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Сабақтың әдістері
Әңгімелеу, көрнекілік, түсіндірмелі әдіс, талдау-жинақтау, сипаттау және т.б.
Көрнекілігі мен қосымша материалдар
- Көрнекілігі: суреттер
- Қосымша материалдар: жұмбақтар, сөзжұмбақтар, кесте
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа дайындау, назарын жинақтау.
2) Жаңа бөлімге кіріспе
Бүгін әдебиеттік оқу пәніндегі келесі тарауды бастаймыз: «Атадан қалған тұяқ». Алдыңғы бөлімде ұлы ақын-жазушыларымыздан қалған асыл мұралармен, нақыл сөздерге бай шығармалармен таныстық. Бұл бөлімде халық ауыз әдебиетіне жататын ертегілер, аңыздар және басқа да туындылар қарастырылады.
Қазақтың ауыз әдебиетінде жиі кездесетін, «Ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын шығарма қалай аталады?
Жауабы: ертегі.
Ертегінің мәні және түрлері
Ертегі — халқымыздың ертеден келе жатқан мәдени мұраларының бірі, ауыз әдебиетінің маңызды жанры. Ертегілер мазмұны мен ерекшелігіне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
-
Жануарлар туралы ертегілер
Кейіпкерлері — аң-құс, жануарлар.
-
Қиял-ғажайып ертегілер
Сиқыр, керемет оқиғалар, ғажайып бейнелер.
-
Шыншыл ертегілер
Өмір шындығына жақын оқиғалар.
Ертегілер арқылы халқымыздың тұрмыс-салты мен әдеп-ғұрпын танимыз. Көп жағдайда шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға араласа беріледі.
3) Оқулықпен жұмыс: кейіпкерлер әлемі
Адам мінезі әртүрлі. Ақын-жазушылар мінез-құлықты жануарларға теңеу арқылы бейнелі ой тудырады: қу адамды — түлкіге, қорқақты — қоянға, ашқарақ не аңқауды — қасқырға, ал батыл, өжет адамды — арыстанға, бүркітке теңейді.
Бүгінгі сабақтың басты кейіпкерлерін анықтау үшін алдымен жұмбақтарды шешеміз.
Жұмбақ 1
Өзі ширақ, өзі қу, жүрген жері айқай-шу.
Жауабы: Түлкі
Түлкі — ит тұқымдасына жататын аң. Түсі жирен, сұрғылт-сары; жүні тығыз әрі жұмсақ. Орманда, өзен-көл жағалауларында, тау баурайларында мекендейді. Тауық, балық, тышқан және құстармен қоректенеді. Түлкі айлакер, қу ретінде бейнеленеді.
Жұмбақ 2
Бір аң бар, қайраты көп болған күшті, басынан өткізеді әрбір істі.
Жауабы: Арыстан
Арыстан — аңдардың патшасы. Айбатты, жыртқыш аң. Көбінесе шөлді аймақтарда кездеседі. Орта есеппен 30–35 жыл өмір сүреді, хайуанаттар бағында да ұшырасады.
Жұмбақ 3
Әртүрлі, орта бойлы, ұзын құлақ, өзіне міндеттесе, қызмет қылмақ.
Жауабы: Есек
Есек — жылқы тұқымдасына жататын сүтқоректі жануар. Түсі көбіне қоңыр, күңгірт. Азық талғамайды, құрғақшылыққа төзімді, көлік малы ретінде пайдаланылады. 18–20 жылдай тіршілік етеді.
4) Мәтінді оқу және талдау
Бүгін біз «Аңқау арыстан» ертегісін оқимыз. Мұғалім ертегіні дауыс ырғағын сақтап оқиды, кейін сөздік жұмысы жүргізіледі.
Талдау сұрақтары
- Ертегі не туралы?
- Түлкі не үшін арыстанға келді деп ойлайсыңдар?
- Есектің адам өміріндегі пайдасы қандай?
- Арыстан қандай аң?
- Есектің миы қайда кетті деп ойлайсыңдар?
Оқу түрлері
- Ертегіні іштей оқу.
- Дауыстап, бөліп оқу.
- Рөлге бөліп оқу.
Сұрақ: Ертегідегі ең ақылды аң қайсы? Неліктен?
5) Сергіту сәті
Аю салдым қорбаңдаған, Шортан салдым шошаңдаған. Қоян салдым қорқып жүрген, Қасқыр салдым жортып жүрген. Мен бәрін де сала аламын, Жазуды да жаза аламын.
6) Дәптермен жұмыс
Ертегі кейіпкерлеріне жеке-жеке сипаттама жазу, мінездеме беру.
7) Бекіту: суреттермен жұмыс
- Суреттің тақырыпқа қандай қатысы бар?
- Суреттегі арыстанның жағдайы қалай бейнеленген?
8) Қорытынды
- 35-беттегі сызбалар бойынша жұмыс.
- 36-беттегі жағдаятты шешу.
Қорытынды сұрақтар
- Бүгін қандай ертегімен таныстық?
- Өмірде түлкі мен есекке ұқсайтын адамдар бар ма?
- Ребус шешу.
- Бағалау.
Үй тапсырмасы
- Ертегінің мазмұнын айтуға дайындалып келу.
- Ертегіге байланысты сурет салу.