Желтоқсан шеруі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Игілік ауылы

Т. Әубәкіров атындағы жалпы орта мектеп

Кітапхана меңгерушісі: Болатбекова Салтанат Қарсыбековна

Ашық тәрбие сағатының жоспары

Тақырыбы

«Желтоқсан шеруі»

Тәсілі

Тарихи шолу, баяндама оқу

Мақсаты

  • Желтоқсан оқиғасының мәнін оқушыларға таныту және түсіндіру.
  • Тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенімізді көрсету.
  • Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жету кезеңдерін жүйелі түрде баяндау.
  • Отанға, ел мен жерге сүйіспеншілікті арттыру, тарихты қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Патриоттық сезімді ояту.

Көрнекілігі

Қазақстан Республикасының рәміздері, сахналық көрініске қажетті материалдар, үнтаспа, күй жинақтары, ел тұлғаларының суреттері, нақыл сөздер, слайдтар.

Кіріспе сөз

Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар! Тәуелсіздік күніне арналған «Желтоқсан шеруі» атты мерекелік іс-шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Бүгін — ерекше күн. Республикамыздың тәуелсіз ел болып, егемендігін жариялағанына 24 жыл толып отыр. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін заман талабына сай білімді де өнерлі болып өсу — басты міндет. Еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуға нық қадам басты.

Болашақтың тірегі — бүгінгі балалар, сендерсіңдер. Сәби күлкісі мен ана мейірімінің нұры ешқашан сөнбесін.

Сахналық белгі

Әнұран орындалады (интерактивті тақтадан бейнежазба көрсетіледі).

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші: Дәуіржан

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар — ол тәуелсіз Қазақстан. Кең байтақ Қазақстан — туған өлкеміз. Оны сүю және құрметтеу — баршамыздың парызымыз.

Ел тізгінін ұстап, мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беріп отырған көшбасшымыз — елдің өркендеуіне еңбек сіңірген тұлға. Біз еліміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз.

2-жүргізуші: Айару

Тәуелсіздік… Бір ғана сөздің астарында қаншама қайғы-қасірет, қаншама тағдыр жатыр. «Елім, жерім, халқым» деп соққан жүректі, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай қайсар жастарымыздың үні бар.

Ұлтарақтай жер үшін, атамекен ел үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың рухы — тәуелсіздіктің мәңгілік тірегі.

3-жүргізуші: Жәнібек

Тәуелсіздік — егемен еліміздің ең биік тұғыры. Бұл жолда халқымыз талай ғасырды бастан кешірді. Туған жерімізде еркіндік орнату үшін бар күш-жігерімізді сарп етіп, болашаққа үлкен үмітпен қарадық.

Азаматтық ту көкте желбіреп, бостандық қыраны көгімізде еркін самғауы үшін бұралаңы көп, өткелі ауыр жолдардан өттік. Батырлығымыз бен жігеріміздің, рухымыздың биіктігінің арқасында аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Тәуелсіздік жылдарының мәні

Кітапханашы: Салтанат апай

Биыл тәуелсіздігіміздің арайлап атқан таңына 24 жыл! Осы уақыт ішінде саяси жүйесі орнықты, экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі жоғары қуатты мемлекетке айналдық.

Еліміздің сайын даласында, Сарыарқаның төрінде бой көтерген көрікті де сәулетті Бейбітшілік шаһары — Астана арқылы әлемге жаңа Қазақстанды таныттық. Бұл — егеменді еліміздің қарқынды дамуын жаһанға паш етудің айқын нышаны. Бүгінгі елордамыз Түркі әлемінің маңызды орталықтарының біріне айналды.

4-жүргізуші: Үрпия

Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді қайта жаңғырттық. Тәуелсіздігіміздің рәмізі саналатын Әнұран, Ту, Елтаңбамызды бекітіп, төл теңгемізді айналымға қостық.

Бірлік пен бейбітшіліктің негізі болған Конституциялық заңды қабылдап, қорғаныс қабілетімізді нығайттық. Көптеген елдермен экономикалық байланыс орнатып, әлемге қайтпас қайсар қазақ халқының бар екенін таныттық.

Өлең жолдары (1-жүргізуші: Дәуіржан)

Халықпыз бірлігі зор, бір туған,
Шеңгелін сала алмас ара дұшпан.
Жасай бер еркіндікке қолы жеткен,
Тәуелсіз, егеменді Қазақстан!

Құттықтау

Тәуелсіздік — тәтті ұғым, қастерлі сөз. Соңғы 24 жылдың ішінде тәуелсіздік туын биік ұстап, алға басқан ел — Қазақстан. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған, бізге бұйырған ұлы мереке — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты да қайырлы болсын!

Музыкалық фон

«Желтоқсан желі» әні баяу әуенмен орындалады.

Тарихи кезеңдерге шолу

1-жүргізуші: Дәуіржан

Тәуелсіздік халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабамыз жерін, Отанын, халқын қорғау жолында талай тарихи сыннан өтті, бірақ ешқашан мойымады. Ендеше, сол тарихи кезеңдерді еске түсірейік:

  1. 1 1723–1725 жж. — «Ақтабан шұбырынды».
  2. 2 1730–1916 жж. — Қазақстан Ресей отарына айналып, тәуелсіздік үшін көптеген көтерілістер болды.
  3. 3 1917 ж. — Қазан төңкерісі, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы.
  4. 4 1918–1920 жж. — Азамат соғысы.
  5. 5 1937–1938 жж. — Жаппай қуғын-сүргін кезеңі.
  6. 6 1941–1945 жж. — Екінші дүниежүзілік соғыс (КСРО–Германия майданы).
  7. 7 1986 ж. — Қазақстандағы жастар қозғалысы, «Желтоқсан оқиғасы».
  8. 8 1991 ж. — Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел атанды.

Өлең жолдары (2-жүргізуші: Айару)

Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,
Бізге мұны ешкім аяп бермеді.
Тәуелсіздік — Қайрат, Ләззат, Ерболдың
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені,
Шалажансар қар астына көмгені.
Тәуелсіздік — ата-баба арманы.
Қандай елмін бүгін міне, көр мені!

Желтоқсан оқиғасына кіріспе

Кітапханашы: Салтанат апай

Алаулайды — сөндіру мүмкін емес. Тәуелсіздікке бастар жолда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орны айрықша. Ол еліміздің тағдырына үлкен өзгерістер әкелді. Дүниені дүр сілкіндіріп, тәуелсіздік туын көтерген әйгілі 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасына арнайы тоқталу — парыз.

Ой қозғау (сұрақтар)

  • Желтоқсан оқиғасының шығу себебі қандай?
  • Бұл оқиға неліктен «Желтоқсан оқиғасы» деп аталады?