Шәмші жүрегімнің толқыны мен тебіренісі
Әдеби-музыкалық кештің мақсаты
- Ән өнерімізге жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, «вальс падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндерімен таныстыру.
- Шәмші әндерін жасөспірімдерге кеңінен насихаттау арқылы халық арасында өнерге құштар, таланты биік ұрпақтың қалыптасуына ықпал ету.
- Ұлы сазгердің әндері арқылы оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
Кештің ашылуы
1-оқушы (Ақниет)
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Саған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзімнен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір — өмір ме, қаңсымай ма?
Өзегіңді өртеп дерт жаншымай ма,
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау, Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын.
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын.
2-оқушы (Нұрдәулет)
Құрметті өнерсүйер қауым, әнді қадір тұтатын ағайын! Аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы бақыт туралы тамаша әндер жазып, ән әлемінің падишасы атанған бірегей талант иесі — қазақ халқының ұлы мақтанышы Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Нәр берген ән бұлақтан» атты ән кешіне қош келдіңіздер!
Ұлы дарын өмірден өткенімен, халық жадынан өшкен жоқ. Қыстың құлазытар қара суығында да жүректі жылытатын — Шәмші әуендері.
Ән
Ш. Қалдаяқов әндерінен попурри
Көрініс: «Арыс жағасында»
Рөлдер
- Қалқожа Жолдықпаев — Дінмұхаммед
- Шәмші Қалдаяқов — Бисембаев Нұрсұлтан
Автор: Бір күні Шәмшіге қараторы, дембелше жігіт жолығып:
— Мен Қалқожа Жолдықпаевпын.
— Е, болсаң бол. Оны маған несіне айтып отырсың?
— Екеуміз де Арыстың бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда алдымда сескенбеймін. Осы өзеннің жағасында мен ең сұлу жанымды таптым. Сіз — Шәмші. Осы өзеннің бойында бір сұлу жолықпады ма сізге?
— Неге олай дейсің?
— Олай болса, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Ерке өзеннің аруларын неге ән етпедіңіз?
— Әй, бала, сен қалай сөйлейсің? Мен кімді ән қыламын, кімді... онда шаруаң қанша?
— Шаруам бар! Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз? Мен соны айтуға келдім, — деді де тайып тұрды.
Автор: Осы сөз Шәмшінің жанды жерін қозғап өтті. Сөйтіп, Арыс жағасында туған әуенге сол жігіттің де әсері болды.
Ән
«Арыс жағасында» — 4-оқушы
Ана тақырыбы: әнге айналған сағыныш
4-оқушы (Аружан)
Әр адамға әлемнің жарығын сыйлаған кім?
5-оқушы (Ақбота)
Жер бетіндегі тіршіліктің қайнар бұлағы, нәр беруші — Ана. Ана — теңдесі жоқ, таусылмайтын жыр.
Ана туралы жырдың тууына Шәмшінің ән әлеміне жетелеген аяулы анасы — Сақыпжамал Бұқарбайқызының мезгілсіз дүние салуы себеп болды. Бұл қаза композитордың жүрегін қатты тебірентті. Жазылмастай дертке шалдыққан анасы Алматыдағы баласын шақыртады.
Анашым, ортамызға келсең күліп,
Болады Алатаудай еңсем биік.
Мен сенің қарызыңды өтеймін бе?
Әлемнің жақсылығын берсем жиып?!
Көрініс: «Ана туралы жыр»
- Авторы — Ақбота
- Анасы — Нұрсезім
- Шәмші — Нұрсұлтан
Автор: Шәмші өз анасы туралы: «Анамның ең сүйікті әні — “Қорлан” еді» деп еске алады. Анасы өнерді бағалайтын, жақсы ән айтатын жан болса керек. Шәмші анасына әндерінің ең асылын арнады.
Анасы: Бұл өмірден жас кеттім демеймін. Жазмыш маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді жазбады. Тағдыр солай. Жалғыз тілеуім — сен аман бол! Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам.
Шәмші: Апа, қарыздармын саған... Қарыздармын, апа! Сенің басыңа кесене орнату қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әсем әннің ең асылынан — ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын.
Автор: Бұл 1959 жылдың 4 қыркүйегі еді. Шәмші уәдесінде тұрып, 1961 жылы «Ана туралы жыр» әнін дүниеге әкелді — ана алдындағы өтелмес борышты сезінген перзенттің көз жасы, аналарға арналған әнұран.
Ән
«Ана туралы жыр» — 6-оқушы орындайды
Әннің тағдыры: «Сыр сұлу»
Ақерке: Ән де адам секілді — өз тағдырымен туады. 1963 жылы Қызылордада ән-би ансамблін құру туралы шешім қабылданады. Бағдарлама дайын болғанда, ансамбльдің болмысын айқындайтын, жалау етіп ұстайтын ән қажет болады. Сол тапсырмамен Алматыдан Шәмші Қалдаяқов шақырылып, «Сыр сұлу» әні жазылады. Сөзін Зейнолла Шүкіров жазған.
Ән
«Сыр сұлу» — қабыл алыңыздар
Өмір — өзен, өнер — қайық
Ақерке: Серік Жанәбілдің сөзінен. Бір жолы Шәмшіге: «Сіз “Қайықта” әнін жазарда Нұрсұлтан Әлімқұловқа тақырып бердіңіз бе?» — деп сұрадым. Шәмші сәл ойланып, күрсініп:
Шәмші: Өмірдің өзі — ұшан-теңіз. Бәріміз осы қайықпен жүзіп өтеміз. Ал менің қайығымда ескек жоқ. Бүгінге дейін ескексіз қалқып келемін. Соны жазғыздым...
Ән
«Әнім сен едің» — Жайнар орындайды
Шәмші әлемі: тақырып кеңдігі, әуен тектілігі
Жайнар: Шәмшінің әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиіп, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық және мазмұндық ауқымы аса кең: елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік — оның басты өзегі.
Азаматтық лирикаға тұнған, туған жерді жырға қосатын туындылары: «Ақ ерке — Жайық», «Отырардағы той», «Сыр сұлу», «Байқоңыр», «Отан», «Мойынқұмда», «Өмір — өзен» және тағы басқа әндер — халықтың ықыласына бөленген асыл мұра.
Шәмші тек сазгер ғана емес, суырыпсалма ақын да еді. Оның жүрек толқыны мен тебіренісін танытатын шумақтардан бір үзінді:
Әлі де бұл кеудеме толмай арман,
Жас көңіл еш нәрсеге болмай алаң.
Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан,
Қол созып, құшақ жайған қандай адам?
Шәмші ағамыз өмірде көп қиындық көрді. Себебі бар ғұмырын шығармашылыққа арнады.
Ән
«Отырардағы той» — Гүлзат орындайды
Құрмет пен қоштасу
Гүлзат: Сазгер Шәмшіге көрсетілген алғашқы әрі соңғы үлкен құрмет — 1991 жылдың 29 желтоқсанында Алматы қалалық әкімшілігі атынан «Қазақстанның халық әртісі» атағының берілуі. Ол кезде Шәмші ауруханада еді. 1992 жылдың 29 ақпанында соңғы сапарға аттанды. Бұл атақты ол небәрі 60 күн ғана иеленіп үлгерді.
Артында өнер өшпес мұра қалды,
Әніне табындырып барша жанды.
Қазақтың сазгер ұлы, сал-сері,
Ғасырдың ұлы едің маңдайалды.
Арнау
Оқушы — Меруерт
Отырарда туып-өстің, ер жетіп,
Жалауын әннің көтердің аға, өрге тік.
Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан,
Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп.
Кетті аға, әннің қазақтың жерін шарықтатып,
Көгершін болып көк аспанда қалықтап.
Байлық пен мансап бақытқа бастар жол емес,
Қоныпты сол кез басыңа аға, анық бақ.
Әніңе қосып Ақжайық, Каспий, Арқа елін,
Ғашықтардың жүрегін аға өртедің.
Жалаңаяқ көбелек қуған сәбиің,
Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің.
Ол рас аға, өмірден сыйды аз көрдің,
Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің.
Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүрме екен,
Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін.
Жабына жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген,
Санасыздар қызғаныш отын үрлеген.
Бүгіндер жүр бармағын шайнап өкініп,
Уағында қадіріңізді білмеген.
Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қарқынды,
Ән салдың аға таңға ұрып тағы бір таңды.
Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен,
Әніңіз сіздің әнұран болып шырқалады.
Күндіз туды төріне өнер өрлейтін,
Ерлер де шықты намысын ердің тербейтін.
Өлді деп сізді кім айта алар, жан аға,
Ән салдырған мәңгілік өлмейтін.
Ән
«Ән аға» — Дамира орындайды
«Менің Қазақстаным»: әннен — әнұранға
Дамира: Әр адамның өз өмірі секілді, әр әннің де өз тарихы бар. Шәмші бір жолдасына «Менің Қазақстаным» әнінің қалай туғанын еске алады. Ол кезде Ақмола (қазіргі Астана) Целиноград аталып, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, Ресейге бермек болған кезең еді.
Қазақ жері бөлшектенгелі тұрған шақта, ел рухын көтеретін, асқақ арманды жырлайтын ән қажет болды. «Менің Қазақстаным» осылай туды.
1986 жылғы 17 желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңына «Елім-аймен» бірге осы әнді де айтып шықты. Уақыт өте, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналды. ХХІ ғасырдың басында Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік әнұранға айналып, ел тарихына алтын әріппен жазылды.
Хор
«Менің Қазақстаным»
Қорытынды сөз
Нұрдәулет: Шәмші ағаның әндері жүректерді тербеді. Көңілдегі жақсы үміт әнмен бірге жаңғырып, болашаққа беттеді. Жақсы әндердей мәңгілік болып, ұрпақтарды таң қылып, тарих беттері тозбасын.
Бүгінгі кеш — халқының нәзік жүрегінен орын алған, қазақ өнер әлемінде өшпес із қалдырған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өнегесін жаңғыртқан тағылымды сәт. Оның өнер жолын жалғастырушылар — сіздер, жас өрендер.
Осымен әдеби-музыкалық кешіміз аяқталды.