Дарынды оқушының шығармашылығын дамыту

Дарынды оқушының шығармашылығын дамыту

Бұл сабақ жоспары дарынды оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, орындаушылық шеберлігін жүйелі түрде жетілдіруге және музыка өнеріне деген тұрақты қызығушылық қалыптастыруға бағытталған.

Мақсаты
Жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін дамыту, рухани бай, білімді шәкірт тәрбиелеу.
Тәрбиелік мақсаты
Еңбексүйгіштікке, мейірімділікке баулу, қиял мен қабілеттерін ашу.
Дамытушылық
Орындаушылық қабілеттерін арттыру арқылы өзіндік жұмысқа дағдыландыру; тапсырманы еркін әрі көркем орындауға үйрету.
Білімділік
Шығарма авторы туралы ізденіп жазуға, музыкалық-теориялық мазмұнын түсініп орындауға меңгерту.

Сабақ форматы

  • Түрі: жеке оқушымен жұмыс
  • Сипаты: аралас сабақ

Пәнаралық байланыс және құралдар

  • Пәнаралық байланыс: сольфеджио, музыка әдебиеті
  • Көрнекіліктер: баян аспабы, сызбалар, видеопроектор

Сабақ жоспары

  1. 1 Гамма C-dur, арпеджио: оң және сол қолмен бөлек орындату.
  2. 2 Музыкалық-техникалық жаттығулар.
  3. 3 М. Магиденко — «Петушок» әні.
  4. 4 Орыс халық әндері: «Василек», «Как под горкой, под горой».
  5. 5 Б. Ғизатов — «Біз өмірдің гүліміз».
  6. 6 В. Клин — Этюд.
  7. 7 Жаңа тақырып: Д. Б. Кабалевский — «Маленькая полька».

Сабақ барысы

Мотивациялық бөлім

Шаттық шеңбері

Үйренсек нотаны, Ән де саламыз. Барлығын оп-оңай Жаттап аламыз.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушының психологиялық күйін, оқу құралдарының дайындығын, сырт келбетін және дұрыс отырысын бақылаймын. Сабаққа қатысқан әріптестерге шәкіртім туралы қысқаша мәлімет беріп, таныстырамын.

II. Үй тапсырмасын тексеру және қол жаттығулары

а) Гамма, арпеджио, аккорд

C-dur гаммасын (сызба үлгісін көрсетіп), арпеджио мен аккордтарды оң және сол қолмен бөлек орындатамын. Сольфеджио пәнімен байланыстыра отырып, басқыштар арасындағы интервалдар мен тондар туралы түсінігін тексеремін.

Нота — қағаз бетіне жазылатын музыкалық дыбыстардың таңбасы екенін нақтылап өтемін.

ә) Оң және сол қолға арналған жаттығулар

Өлшемді сақтап, нота ұзақтығын санай отырып, мәнерлеп орындауын қадағалаймын.

б) Репертуарды орындау

М. Магиденконың «Петушок» шығармасын және орыс халық әндерін («Василек», «Как под горкой, под горой») екі қолмен бірге жатқа орындатамын. Екпін мен динамикалық ерекшеліктерді түсініп ойнауына ерекше мән беремін.

в) Аккордтарға дәл түсу және үйлесім

Б. Ғизатовтың «Біз өмірдің гүліміз» әнін екі қолмен орындауда d-moll және g7 аккордтарына дұрыс түсуін бірнеше рет қайталатып, бекітемін.

Авторлар туралы ізденіс

Оқушыға шығарма авторлары туралы конспект жазбаларын оқытып, түсінігіне, ізденімпаздығына, ой-өрісіне және қабілетіне талдау жасаймын.

Интеллектуалдық бөлім

г) В. Клин — Этюд

Автор туралы білімін нақтылап, нотаны бірден оқу (парақтан оқу) әдісі арқылы музыкалық сауаттылығын жеделдетуге бағытталған жұмыс жүргіземін.

ғ) Жаңа сабақ: Д. Б. Кабалевский — «Маленькая полька»

Шығарманы оқытып, талдатамын; ырғақтық құрылымын (ритмін) соққызамын және композитор туралы қысқаша мәлімет беремін. Би жанрының сипатын түсіндіріп, оң және сол қол аппликатурасының жүру жолдарын дұрыс әрі мәнерлі орындау талаптарын айқындаймын.

Музыка тыңдау

Музыканттардың орындауындағы заманауи үлгідегі шығармаларды тыңдату арқылы оқушының қызығушылығын оятамын. Бұл жұмыс музыка өнеріне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушы әуеннің мазмұнын түсінуге, тыңдаған шығармалардың атауын есте сақтауға талпынады.

Ритмикалық диалог ойыны: «Жаңғырық»

Сольфеджио пәнімен байланысты «Жаңғырық» ойынын белсенді түрде ойнатамын. Жоғары сынып оқушыларын қатыстырып, жарыс түрінде ұйымдастыру арқылы жылдам ойлау, шапшаң қимылдау дағдыларын дамытамын. Бұл әдіс балаларды сергітіп, сабақтың қарқынын жандандырады.

Рефлексиялық бөлім

Сұрақтар

  • Бүгін қандай шығармаларды орындап үйрендік?
  • Авторларын ата.
  • Шығарма не туралы, қандай жанрда?
  • Сабақтың қай бөлігі көбірек ұнады?

Қорытынды

Оқушы өз ойын еркін білдіреді. Сабақты қорытындылап, үй тапсырмасын беремін. Шәкіртімді мадақтап, бағалаймын.