Шана тартысу

Ойын-сауық тақырыбы: «Қыс қызықтары»

Бұл ойын-сауық қыс мезгілінің ерекшеліктерін балаларға жақын тілмен таныстырып, қимыл-қозғалысын дамытуды, тәрбиешінің дабылы бойынша дұрыс әрекет етуін және ойындарға қатысуға ынтасын арттыруды көздейді.

Мақсаты

  • Қысқы ойын-сауық атауларын бекіту.
  • Қимыл-қозғалысты дамыту, дабыл бойынша дұрыс қимылдай білу.
  • Қызығушылық пен ынта-ықыласты ояту.

Көрнекілігі

Шана Шаңғы Таяқтар Жалаушалар

Кіріспе: қыстың ақ әлемі

Жүргізуші

Сәлеметсіздер ме, балалар!
Аппақ көше бар дала,
Аппақ ой мен қыраттар.
Ақ шатырлы қар дала,
Ақ жамылып тұр бақтар.

Нұртас

Жасыл емес жайнаған,
Ақ мамық қар айналам.
Сырғанақты ойнайсың,
Қызыққа енді тоймайсың.
Алақай-ау, алақай,
Қыс келіп тұр, балақай!

Жүргізуші

Міне, балалар, аппақ қыс та келді. Бірақ қыстың өзі көрінбейді ғой. Кәне, орманға барып қысты іздеп көрейік. Алдымен сұраққа жауап берейік: қыста қандай өзгерістер болады?

(Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Кейіпкердің келуі: Мыстан кемпір

Мыстан

Бұл кімдер менің орман патшалығыма келді? Мен ешкімді шақырған жоқпын. Кетіңдер!

Жүргізуші

Ашуланбаңыз, әжей. Біз орманға қысты іздеп келдік. Сіз қысты көрдіңіз бе?

Мыстан

Кімді? Қысты ма? Ол мен ғой — Қыс! Не, ұқсамаймын ба? Әдемімін бе?

Жүргізуші

Сіз өтірік айтып тұрсыз: сіз — Мыстан кемпірсіз. Дегенмен, бізге көмектесесіз бе — қысты табуға?

Мыстан

Жарайды. Бірақ алдымен тақпақ айтып беріңдер. Білесіңдер ме?

Балалардың тақпақтары

Ұлжан

Жапалақтап ала қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларын арқалап.

Марғұлан

Жұлдыз болып ағамыз,
Ақ мамықтың үстімен.
Біз спортшы боламыз,
Үлгі аламыз күштіден.

Рахат

Қуаныштың бүгінгі
Басылмайды ыстығы.
Жылдамырақ жүруді
Үйретеді қыс күні!

Ойындар: Мыстан кемпірмен бірге

1-ойын: «Мұздатам»

Қимыл-қозғалыс және зейін

Ойын шарты: жүргізуші дауыстап айтады — «Боран борайды — 1, Боран борайды — 2, Боран борайды — 3, Түрлі фигура боп қат!» Балалар айтылған сәтте әртүрлі қалыпта қатып қалады.

2-ойын: «Мұрныңды аққалаға тық»

Тепе-теңдік және ептілік

Ойын шарты: балалар қолдарын артқа жасырады да, тек мұрнын созып тапсырманы орындайды.

3-ойын: «Шана тартысу»

Күш пен командалық рух

Ойын шарты: екі шана арқанмен байланады. Екі бала шанаға отырып, қалғандары тартады. Кім бірінші болып шананы шеңбердің ішінен тартып шығарса, сол жеңеді.

Мыстан

Жарайсыңдар, балалар! Мына жолмен жүрсеңдер, Қысты кездестіресіңдер. Сау болыңдар, адасып қалмаңдар!

Қыспен кездесу

Жүргізуші

Балалар, кәне, ән салайық!

(Осы кезде алдарынан Қыс шығады.)

Қыс

Далада қар борайды,
Ақ мамыққа орайды.
Мұз болады — қатады,
Жып-жылтыр боп жатады.
Аралайды бақшаны,
Үзілмейді жақсы әні.
Гүлденеді бақшалар,
Жақсы жаусын ақша қар.

Мариям

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр-мылқау — танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Қыс жасыратын жұмбақтар

Жалт-жұлт етеді, ұстасаң еріп кетеді.

Жауабы: мұз

Зулап түсті төменге, шықпас менен төбеге.

Жауабы: коньки

Тікен-тікен тік пісте, қысы-жазы бір түсте.

Жауабы: шырша

Күміс тұяқ тұлпарды ерттеп міндім тай қылып.

Жауабы: шана

Қыста айна, көктемде су.

Жауабы: мұз

Ойындар: Қыспен бірге

1-ойын: «Бір шаңғымен жүріп көр»

Командалық жарыс

Ойын шарты: екі командадағы балалар бір-бірден бір аяқтарына шаңғы киіп жүреді. Қай команда бірінші болып жалаушаға жетсе, сол жеңеді.

2-ойын: «Әділ қол»

Дәлдікке арналған тапсырма

Ойын шарты: таяқтарды қарлы төбешікке лақтырып, қадап түсіру.

Жүргізуші

Рахмет саған, Қыс! Біз өте ризамыз. Бүгін керемет көңіл көтердік.

Қорытынды: би және сыйлық

Жүргізуші

Ендеше, балалармен бірге «Биші үйректер» биін билейік!

Қыс

Сендерге көп рахмет, көңілім көтерілді! Мына тәтті ұлпалар — менің сыйлығым. Сау болыңдар, балалар!