Үлгілі бала боламыз, Жүретіндей мақтана
Іс-шараның мақсаты
Бұл ертеңгіліктің мақсаты — оқушылардың жыл бойы алған білімін, үйренген дағдылары мен атқарған жұмыстарының нәтижесін көрсету; сөздік қорын байытып, тілін, ой-өрісін кеңейту. Сондай-ақ Отанды сүюге, имандылыққа тәрбиелеу.
Бағыт
Білім нәтижесін таныстыру, тіл дамыту, ой-өрісті кеңейту.
Тәрбиелік мәні
Отансүйгіштік, ізгілік, әдеп, жауапкершілік.
Көрініс
Ән, би, сайыс, ата-анаға арналған бөлімдер.
Сахна көрінісі
Сахна ертеңгілікке сай безендіріледі: қанатты сөздер ілінеді, шарлар мен гүлдер қойылады. Музыка әуені ойнап тұрады. Сахнада үлкен гүл қауызының ішінде гүл болып киінген балалар топтасып отырады.
Көркем идея
Тәрбиеші — бағбан, ал балалар — нәзік гүлдер. Бұл бейне арқылы бір жылдық еңбектің нәтижесі, мейірім мен білімнің әсері көрініс табады.
Жүргізуші сөзі: қошемет пен қоштасу
Тәрбиеші:
Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Мектепалды даярлық сыныбының «Қош бол, даярлығым, өзіңмен өтті қызықты күнім» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Тәрбиеші (бағбан бейнесінде):
Мен ұстаз атты бағбанмын. Кішкентай ғана гүлзарымда жұпар иісті, нәзік те үлбіреген, әдемі де сүйкімді 17 тал раушан гүл өсіп, өніп, жайқала түсті.
Алғашқы күннен бастап күн болып жылуымды төктім, жел болып маңдайларынан сипадым, жаңбыр болып білім нәрін септім. Алақаныма салып аялап, мейірім мен махаббатымды арнадым. Олар құлпырып, еркелеп, сүйкімділігімен баурап алды.
Бүгін сол нәзік гүлдерімді енді төрт жыл бойы мәпелеп өсіретін тәжірибелі, талантты, білімді бастауыш сынып ұстазы — Жанар Кәрбекқызына табыстамақпын.
Сахналық әрекет:
- Балалар орындарынан тұрып, музыка әуенімен билеп ортаға шығады.
- Жүргізуші көрерменнің қошеметімен балаларды ортаға шақырады.
Тәрбиеші:
Айналайын, балалар,
Сендерде ой-сана бар.
Өздеріңнен шығады
Өнерлілер, даналар.
Өтті қызық көп күндер, 7 жасқа жеттіңдер,
Барасыңдар мектепке — бір белестен өттіңдер.
Өсті міне ойларың, өсті міне бойларың,
Қуанышқа ортақпын, құтты болсын тойларың!
Ендігі кезекті түлектерге беремін.
Түлектердің өлеңдері
1-оқушы — Толғанай
Айтып шаттық өлеңін,
«Алақай!» дер күн бүгін!
Басамыз алға бір қадам,
Арқалап ұстаз сенімін.
Даярлықпен қоштасып,
Оқулықпен достасып,
Үлгілі шәкірт боламыз,
Дәл осылай топтасып.
2-оқушы — Дарын
Оқимыз, білім аламыз,
Болашақ жолын саламыз.
Бір жасқа өсіп жасымыз,
Біріншіге барамыз.
Жақсылыққа құмармыз,
Жақсы адам боп шығамыз.
Біздер үшін шаршаған,
Ұстазым, сізге мың алғыс!
3-оқушы — Асқар Аянат
Үлкендердей тап-таза,
Жазамыз бормен тақтаға.
Үлгілі бала боламыз,
Жүретіндей мақтана.
Қаламды ұстап жазуды,
Сандарды қосып, алуды,
Үйретті бізге ұстазым,
Әдепті бала болуды.
4-оқушы — Балым
Партаға отырып жазуды, сызуды,
Ұстаз кірсе есіктен — орныңнан тұруды,
Әндерді жаттауды, әдепті сақтауды —
Үйретті біздерге ұстазым мақтаулы.
«Анамыз» деп сізді еркелеп біз келдік,
Қателік жасадық, тентектік те көрдік.
Бәрін де кешірдің, жыласақ жұбаттың,
Бір күліп, бір жүріп біздерді қуанттың.
Арналсын әніміз өзіңе, қымбаттым!
Ән
«Мұғалім — ол біздің!»
Білім ханшайымы: білімді сынау
Тәрбиеші:
Балалар, сендердің даярлықпен қоштасып, 1-сыныпқа баратындарыңды естіп, ортамызға Білім елінің ханшайымы келіпті. Ол сендердің мектепке қаншалықты дайын екендеріңді білгісі келеді.
Білім ханшайымы:
Армысыңдар, балдырғандар! Мен — Білім ханшайымы. Сендердің 1-сыныпқа қаншалықты дайын екендеріңді білгім келеді. Білімге құштар балаларды жақсы көремін, ал жалқаулықты ұнатпаймын. Түрлеріңе қарасам, бәрің де ақылды, алғырсыңдар! Ендеше, келіссеңдер, білімдеріңді сынап көрейін.
Сайыс бөлімдері
- Таныстыру
- Бәйге
- Полиглот
- Капитандар сайысы
Қосымша ойын: «Оқу құралдарын тез жина»
Білім ханшайымы:
Жарайсыңдар, балақандар! Өте білімді, алғыр екендеріңді көрсеттіңдер. Сендерге арнаған сыйлығым бар.
Сыйлық: балаларға қаламсап таратылады.
Сендер мені қатты қуанттыңдар. Енді 1-қыркүйекте Білім елінде кездескенше!
Ортақ әндер мен билер
- Ән: «Біз мектепке барамыз»
- Би: «Теңізшілер биі»
Ата-анаға арналған бөлім
Тәрбиеші:
Баланы өмірге әкеліп, бағып-қағып, өсіріп, тәрбиелейтін; жақсылығына сүйініп, жаманына күйінетін; баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр — ардақты ата-аналар. Олар ең алғаш мектепке бөбегін жетелеп әкеліп, ұстазға табыстай отырып, болашағынан зор үміт күтеді. Ендеше келесі бөлімді ата-аналарымызға арнайық!
Ахмедов Ақниет
Бізді осындай шаттықты күнге жеткізген — ата-анамыз. Олар біз үшін аспандағы айды әперуге даяр! Біз үшін ең қымбат, ең аяулы жандар — солар. Әр қадамымызға қуанып, әр жетістігімізге жүректері елжірейді. Біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз және үмітін ақтауға бар күшімізді саламыз.
Болатбек Нұржан
Құрметтейміз әкелерді, ананы,
Біздер үшін қымбат ана жанары.
Мақтанады ата-анасы әрдайым,
Әдепті боп, жақсы оқыса баласы.
Нұрсағат Ернар
Әке — шуақ күніміз, ана — жұпар гүліміз,
Аман-есен әрдайым қасымызда жүріңіз.
Мақтанатын боласыз «менің балам қандай» деп,
Біріншіге барғанда, озат болса ұлыңыз.
Қайратқызы Іңкәр
Қос бәйтерек — әке, ана, қамқорымыз өздерің,
Жанымызға қуат берер жылы-жылы сөздерің.
Біздің әрбір қадамымыз жалын құйып жаныңа,
Көп болсыншы қуанышты кездерің.
Жұмабеков Әлішер
Өсті ой мен санамыз,
Біздер алғыр баламыз.
Әке, ана деп біз енді,
Өзіміз жаза аламыз.
Еркінқызы Айзере
Мектеп — ана, ұстаз — ана, және де бар өз анам,
Тәрбие алып сол анадан өсті бір жас ой-санам.
Қабыл алшы, аналарым, бұл қуаныш тойымды,
Әсем ән-жыр өздеріңе арнаған.
Ән
«Абзал ана» (Ақниет)
Өнер шашу: би мен ән
Би нөмірі
«Туысқан ұлт — корейлер» бөлімінде кәріс халқының әсем биі ұсынылады.
Би: «Корей биі»
Орындаушылар: Балым, Аянат С., Зухра, Іңкәр
Ән нөмірі
Ән: «Қос бәйтерегім»
Ұлдар өнері
Ұлдарымыз өнерлі: ән де айтады, би де билейді. Жақсылықты бойға жиып, ертең ел азаматы болады.
Ән: Ұлдар тобының орындауында «Біз өмірдің гүліміз»
Би
Би: «Тока-тоқа»
Орындаушылар: Ақниет, Аянат, Айзере, Толғанай, Марат, Мансұр
Даярлықпен қоштасу: түлектер сөзі
Тәрбие берген ұямыз,
Тәртіпті бала боламыз.
Қоштасып даярлықпенен,
Мектепке кетіп барамыз.
Жаздық, сыздық, оқыдық,
Жақсыны бойға тоқыдық.
Бір сәт — өмір белесі,
Жол ашқан бізге даярлық.
Солтанғалиева Аянат
Қуанышымыз бүгін мол,
Мектепке енді аштық жол.
Әрдайым есте ұстаймыз,
Даярлығым, қош сау бол.
Тұқылбеков Нұрдәулет
Түрлі ойын үйреткен,
Ән салдырып, билеткен.
Мереке сайын біздерді
Қалдырмаған дүрмектен.
Жанат апай еңбегіне
Алғыс айтамыз құрметпен.
Тұрсынқызы Зухра
Қуантып әрі қинайды
Даярлықтан кеткенім.
Қажет қой бірақ білімнің
Теңізінен өткенім.
Достарыммен бірге боп,
Биік шыңға жеткенім.
Адам болу үшін де
Ащы терді төккенім.
Нұрланұлы Ералы
Қош бол, даярлық,
Басайық алға қадам нық.
Есейтіп, бір жас өсірдің,
Біздерді міне адам ғып.
Ән
«Аяулы мектебім» (бәрі)
Ұстазға табыстау және құттықтау
Тәрбиеші:
Құрметті менің түлектерім!
Әрқайсың өзгеше, дарасың.
Бүгіннен бастап алыстап менен барасың.
Білім деген теңіздің бетіне шығып,
Еріне жүзіп, тұнығына қанасың.
Енді еркелікті қоясың,
Білімнің шәрбәт сусынына тоясың.
Білім кілтін талмай іздеп талпынсаң,
Өмірде толық адам боласың.
Ортаға болашақ 1-сынып жетекшісі Жанар Кәрібекқызын шақырамыз. Алдымыздағы енді ғана бүрін жарған нәзік балапан гүлдерімізді сізге сеніп тапсырамыз.
Рәсім: ұстазға гүл шоғын табыстау.
Қорытынды сөздер
- Сөз кезегі мектеп директоры М. М. Рахымбаев мырзаға беріледі.
- Ата-аналарды құттықтау.
- Ата-аналарға сөз беру.