Мүшел жастың тарихы, қасиеті туралы

Сынып жетекшісі: А. Қ. Сейпулла

Сабақтың тақырыбы: «Мүшел жас – мерейлі жас!»

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды мүшел жас туралы қызықты деректермен таныстыру.
  • Мүшелдің мәнін, шығу төркінін түсіндіру.
  • Алғашқы мүшел жас — 13 жастың ерекшелігін сипаттау.
  • Ата-ананы сыйлауға, мейірімділікке, әдептілікке, достық пен сыйластыққа тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың түрі
Баяндау
Сабақтың әдісі
СТО
Көрнекілігі
Слайдтар, шарлар, жыл басы туралы суреттер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.
  • Назарды сабаққа аудару, ынталандыру.
  • Әнұран орындау.

Психологиялық дайындық

Гүл сыйлау арқылы бір-біріне таңғы тілектер айту, бүгінгі күнге сәттілік тілеу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тақырып бойынша сұрақ-жауап, қысқаша қайталау.

III. Жаңа сабақ жоспары

  1. Кіріспе сөз
  2. Мүшел жастың тарихы мен қасиеті
  3. Әр мүшел жасқа тоқталу: 13, 25, 37, 49, 61, 73, 85
  4. «Сөз тапқанға қолқа жоқ»: мақал-мәтел жалғастыру
  5. «13 жас бізге не берді?» ойтолғау

Кіріспе сөз

Құрметті оқушылар, бүгінгі ашық тәрбие сабағымыз ата-бабадан жеткен таным мен тәжірибеге негізделген мүшел жас туралы. Қазақтың ырым-нанымдарының бірі ретінде мүшел жас адам өміріндегі маңызды белес саналады.

Алғашқы мүшел неге 13 жас?

Мүшелді есептегенде бір ерекшелік бар: бала 13 жасқа толғанда «бір мүшел» деп аталады, ал кейінгі мүшелдер әр жолы 12 жыл қосылып есептеледі.

«Он үште — отау иесі»

Бұл нақыл 13 жаста үй болу керек дегенді білдірмейді. Мағынасы — осы жаста адам жауапкершілікті сезініп, ер жетудің табалдырығын аттайды: білімге ұмтылып, тәртіпке мән беріп, өнер мен спортта белсенді болуға тиіс.

Мүшел есебіндегі жылдар рет саны бойынша емес, 12 түрлі хайуан атауымен аталады. Әр жылға бір хайуанның аты беріледі.

Мүшел жастың тарихы мен мәні

Мүшел — қазақ және жалпы шығыс халықтарының жыл санауындағы 12 жылдық айналым. Бұл жүйенің таралуына қатысты «жыл қайыру» туралы көне аңыз бар.

Жыл қайыру туралы аңыз (қысқаша)

Ертеде түркі қағандарының бірі бұрын болған үлкен соғыстың нақты қай жылы өткенін анықтай алмай, жыл санаудағы шатасуды байқайды. «Жылдарға ат қояйық, кейінгі ұрпаққа белгі болсын», — деп, Іле өзенінің бір тұсына ау құрып, жабайы аңдарды өзенге қарай қуады. Судан аман өткен он екі хайуанның әрқайсысы бір жылдың атауына айналады.

12 жыл атауы

Ең алдымен судан өткен тышқан, кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Осылайша 12 жыл бір айналса — бір мүшел, екі айналса — екі мүшел.

Мүшел жастың есептелуі

  • 13 жас — 1 мүшел
  • 25 жас — 2 мүшел
  • 37 жас — 3 мүшел
  • 49 жас — 4 мүшел
  • 61 жас — 5 мүшел
  • 73 жас — 6 мүшел
  • 85 жас — 7 мүшел

Халықтық түсінік: «қауіпті кезең» және ырым

Дәстүрлі түсінік бойынша мүшелден мүшелге өту аралығы — адамның тәні мен жаны өзгеріске түсетін, сақ болуды қажет ететін белес. Кей өңірлерде 25, 37, 49 жас қауіпті кезең деп саналып, аман-есен өту үшін құран бағыштау, сүйікті киім-кешекті жақын-жуыққа тарату сияқты ырымдар жасалған.

Мүшелдің өмір кезеңін меңзеуі

  • 1 мүшел — балиғатқа қадам басу.
  • 2 мүшел — ат жалын тартып мінген жастың есейген шағы.
  • 3 мүшел — ақыл-парасаттың толысу шағы.

Кейбір ғұрыптар да осы белестермен байланысты аталып өткен: ұл баланы сүндетке отырғызу, атқа мінгізу; қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағу.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ»: мақал-мәтелдер

Оқушылар мақал-мәтелдің жалғасын тауып, мағынасын қысқаша түсіндіреді. Бұл бөлім сөз мәдениетін, ой ұтқырлығын дамытуға бағытталған.

  1. Жақсының хаты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.
  2. Тұз астың дәмін келтіреді, мақал сөздің мәнін келтіреді.
  3. Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.
  4. Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде.
  5. Жақсы адамның ашуы, шәй орамал кепкенше.
  6. Досы жоқ адам — тұзы жоқ тағам.
  1. Жақсы бала ата-анасын мақтатар, жаман бала ата-анасын қақсатар.
  2. Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді.
  3. Басқа пәле тілден.
  4. Баланың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге.
  5. Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің.
  6. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.

Сергіту сәті: «Әріп таңдау» ойыны

Қаңтар және ақпан айларында туған оқушылар ортаға шығады. Әрқайсысы қалаған әріпті таңдап алады. Мұғалім қойған сұрақтарға сол әріптен басталатын сөздермен жауап береді.

Сұрақтар (1-бөлік)

  • Сенің атың кім?
  • Қайдан келдің?
  • Қайда барасың?
  • Немен барасың?
  • Онда не өседі?
  • Тағы не бар?
  • Сені кім қарсы алады?
  • Оған сыйлыққа не әпердің?

Сұрақтар (2-бөлік)

  • Әжеңнің есімі кім?
  • Жасың нешеде?
  • Қайда тұрасың?
  • Досың кім?
  • Қандай тағамды жақсы көресің?
  • Қай жерде отырасың?
  • Қандай әншіні ұнатасың?
  • Әкеңнің аты кім?
  • Нені ұнатасың?
  • Бос уақытыңда немен айналысасың?
  • Кімді жақсы көресің?
  • Оның жасы нешеде?
  • Оған қандай тілек тілейсің?

«13 жас бізге не берді?» ойтолғау

Оқушылар тақырып аясында шағын ойтолғау жазады: өз өміріне, мектебіне, ұстазына және ата-анасына деген алғысын білдіріп, осы жасқа дейінгі жетістігі мен алдағы мақсатын пайымдайды.

Ойтолғауға үлгі бағыт

«Мен өмірге келдім. Маған өмір сыйлаған Аллаға, анама алғыс айтам. Мектеп табалдырығын аттадым: маған алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазыма рахмет. Одан кейін тұлға болып қалыптасуыма, жақсы мен жаманды айыра білуге үйретіп жүрген қазіргі ұстаздарыма да ризашылығым мол».

Үй тапсырмасы

  1. Өздеріңнің туған жылдарыңа қатысты дерек жинап келу (мысалы, жылқы жылы және қой жылы туралы мәліметтер).

Қорытынды: «Шаттық шеңбері»

«Күн сәулесі» жаттығуы: күннің жылуын елестетіп, алдымен алақанды, кейін бетімізді, кеудемізді, аяқтарымызды жылытқандай болып, бойға жақсы көңіл күй мен қуат жинаймыз. Соңында күнді орнына шығарып салғандай қимыл жасаймыз.

Сабақ аяқталды. Назарларыңызға рахмет.

Сау болыңыздар!