Менің жүрегімнің жанашырлығына рахмет

Сабақтың барысы

Сабақ балалардың көңіл күйін көтеріп, бір-біріне ізгі тілек айту арқылы басталады. Негізгі ой — жүректегі жылуды сезіну және оны жақсылыққа айналдыру.

«Шаттық шеңбері»

Балалар бір-біріне күлімсіреп, өздеріне және келген қонақтарға жақсы тілек айтады.

Амансыз ба, Алтын күн,
Амансыз ба, Көк аспан!
Амансыз ба, ағайын!
Сіздерді көрсем қуанам.

Тақырыпқа кіріспе

Балалармен бірге мына сұрақтарға қысқаша тоқталамыз:

  • Жүрек дегеніміз не?
  • Жылу дегеніміз не?

Тыныштық сәті: жүрек жылуын сезіну

Әуен қойылып, мұғалім Ж. Әділжанқызының өлеңін оқиды. Өлеңдегі әр көрініс жүректің жылуын оятатын сәттерді еске салады.

Жан-жағына нұр шашып,

Арайлап жарқын таң атса,

Жер бетінде жайқалып,

Көгеріп өссе көк майса,

Жүрегім жыли бастайды.

Оралғанда сапардан

Алдымнан жақын жан шықса,

Кездескенде достарым

Құшағын маған кең ашса,

Жүрегім жыли бастайды.

Ж. Әділжанқызы

Әңгімелесейік

  • Үлкендер еркелеткенде өздеріңді қалай сезінесіңдер?
  • Жақсы көретін адамдарыңа қандай тілек айтқың келеді?
  • Басқаларға жақсылық жасаған кездерің болды ма?

Мәтінмен жұмыс: «Жай ғана әжей»

Тақырыпты тереңдету үшін В. Осееваның «Жай ғана әжей» әңгімесі оқылады (оқушылар тізбектей оқиды). Оқудан кейін оқиғаға баға беріп, қорытынды жасаймыз.

Ойлан

Осындай жағдай өз өміріңде кездесуi мүмкін бе?

Үйрен

Оқиғадан қандай сабақ алдың?

Талда

Абзал мен Айнұрдың пікірлері туралы не айтар едің?

Дәйексөз: жылудың бастауы

Табиғаттағы барлық жылу — күннен.
Өмірдегі барлық жылу — адамнан.

М. Пришвин

Негізгі ой

Қайырымды іс мұқтаж адамға жұбаныш береді. Ал өзің жақсылық жасағанда көңілің көтеріледі, жаның тынышталып, қуанышқа бөленесің. Сенің жақсы ісіңе жақындарың да қуанады. Егер әр адамның жүрегінде осындай жылу болса, адамдар бір-біріне мейірім танытып, әлем мейірімді әрі бақытты мекенге айналар еді.

Тапсырмалар мен ойын-жаттығулар

Тапсырма

Жақсы көретін адамдарың туралы қысқаша әңгімелеп беріңдер: ол кісі сендерге несімен қымбат, қандай қасиеті үлгі?

Ойын-жаттығу: «Көмек»

  • Сен досыңмен көлге шомылуға бардың. Кенет «Құтқар!» деген дауысын естідің. Не істер едің?
  • Жолда келе жатып шұңқырға түсіп кеткен балапандарды көрдің. Олар шыға алмай жатыр. Қандай әрекет жасайсың?
  • Әр адамның жүрегі мейірімді, қайырымды болуы үшін не істеу керек?
  • Достарыңа қандай жақсы тілектер айтар едің?

Жағдаяттарды талдау

Компьютерден берілген жағдаяттарды көріп, топ болып шешім ұсынамыз:

  1. Бір құшақ газет-журнал көтеріп келе жатқан пошташыны кездестірдің. Не істейсің?
  2. Аулаға ролик тебуге шықтың, ал досыңда ролик жоқ. Қандай ұсыныс айтасың?
  3. Анаң ас пісіріп жатыр, ал інің мазасызданып кетті. Қалай көмектесесің?

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс арқылы көңілді сергітіп, жақсы сөздерді бірге қайталаймыз.

Мейірімді жүрек:

  • Жүректі жұбату.
  • Жүректі қуанту.

1–2–3–4–5
Күн шығады күлімдеп,
Күн сәулесі төгілді,
Балалар жүр көңілді.

6–7–8–9–10
Күн қарайды бізге оң,
Біз ержеттік еркелеп,
Мектепке келдік еркелеп.

Жаңа ақпарат: мейірімді адам қандай?

Мейірімді адам — өзге адамдарға, туған-туыстарына және табиғатқа жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетуге әрдайым дайын жан.

Ойланайық, пікірлесейік

  • Жақсы көретін жануарларың бар ма?
  • Табиғатқа қамқорлық жасаған кездерің болды ма?

Тыныштық сәті: тынысқа назар

Денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза ауаның бойларыңа тарағанын сезініңдер. Жүрегіміздің қайырымдылыққа, мейірімділікке, адамгершілік құндылықтарға толы екенін сезінейік. Енді көзімізді жаймен ашамыз.

Енді жүрегіміздің жылуын бізге білім беріп, тәрбиелеп жүрген мұғалімдерімізге арнайық.

Топпен орындалатын өлең: «Ақылшы мұғалім»

Сәбилік көңілден,
Арналды бұл әнім.
Баулитын өмірге
Ақылшы — мұғалім.

Тіліңді аламын,
Айтқанды ұғамын.
Мен сендей боламын,
Ақылшы мұғалім.

Арқанда өзіңнің,
Адам боп шығамын.
Бәрі алтын сөзіңнің,
Ақылшы — мұғалім.

Дәптермен жұмыс және тренинг

Дәптер (28-бет)

Суретке қарап, жүректен шыққан мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық және жүрек жылуы кімдерге немесе нелерге арналатынын бос торкөздерге жазыңдар.

Тренинг (A4 қағаз)

  1. A4 қағазға үлкен жүрек салыңдар.
  2. Жүректің ішіне гүлдің суретін салыңдар.
  3. Гүлдің ішіне үйдегі адамдардың есімдерін жазыңдар.

Оқып үйренейік: «Қайырымдылық» (М. Сүндетов)

Талқылау сұрақтары

  • Апасы неліктен Мұхтарға риза болды?
  • Сендер қайырымды іс жасаған кездерің болды ма?
  • Сол сәтте өздеріңді қалай сезіндіңдер?

Бекіту: жүрекке алғыс айту

Оқушылар шеңбер құрып, жүрекшені бір-біріне береді. Әр бала өз жүрегіне алғыс айтып, жақсы сөзді дауыстап айтады.

Менің қайырымды жүрегіме рахмет! Менің мейірімді жүрегіме рахмет! Менің жылы жүрегіме рахмет! Менің жүрегімнің адамдарды жақсы көргеніне рахмет! Менің жүрегімдегі жақсы көру сезіміне рахмет! Менің жүрегімнің қуана білетініне рахмет! Менің жүрегімнің жанашырлығына рахмет! Менің жан-жануарларды жақсы көретін жүрегіме рахмет! Менің жақсылықты сезіне алатыныма рахмет! Мен әрқашан қайырымды боламын! Мейірімділігім — менің асыл қасиетім! Менің жүрегім әрқашан мейірімге толы! Дос болайық бәріміз!

Жүректен жүрекке

Жақсылық — үлкен әрекеттен ғана тұрмайды. Ол күнделікті кішкентай көмектен, жылы сөзден, өзгені түсінуден басталады.

Қорытынды тапсырма: суреттер бойынша ой айту

Суреттерге қарап, талға, мысыққа, қарт кісіге және сырқат жанға қандай жақсылық жасауға болатынын айтып беріңдер.

Талға қамқорлық

Тал майысып, сынғалы тұрса, сынатын бұтағын байлап, су құйып, күтіп-баптау керек.

Мысыққа мейірім

Мысыққа сүт беріп, тамақтандырып, мейірім көрсету — қарапайым, бірақ маңызды жақсылық.

Қарт кісіге құрмет

Сәлем беріп, сыйлап, ауыр сөмкесін көтерісіп, жол көрсету — үлкенге көрсетілген адамгершілік.

Сырқат жанға қолдау

Емделуіне көмектесу, хал-жағдайын сұрап бару, көңіл бөлу — сырқат жанға үміт пен күш береді. Жақындарының қамқорлығы сауығуға демеу болады.