Білімнің сара жолының бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негізі болып қалатынына көз жеткізу

Шараның мақсаты

Бұл кештің негізгі мұраты — білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын ұғындыру және бастауышта алған білімнің берік негіз болып қалатынына көз жеткізу.

Сонымен бірге, бастауыш сыныппен және алғаш қалам ұстатқан алғашқы ұстазбен қоштаса отырып, орта буында сабақ беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін танып, алдағы оқу жолына ақ тілек айту.

Мектеп ордасын, ұстаз еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу, білімге деген құштарлықты арттыру және әр оқушыны өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға баулу — кештің тәрбиелік өзегі.

Көрнекілігі

Қанатты сөздер, тақырыптық безендіру, шарлар.

Салтанатты кеш сипаты

Өлең, ән, көрініс, ата-ана лебізі, ұстаз тілегі.

Кіріспе сөз

Мұғалім: «Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат, алдына түсіп баланың жүргенін көрген — бір мұрат», — демекші, осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз бүгін ес жиып, етек жапқан шәкіртке айналды.

Оқу жылдары ішінде сыныпаралық спорттық жарыстарға қатысып, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттарында белсенділік танытты. Бұл күн — олардың жүрегінде ұзақ сақталатын қимас естелік.

Мұғалім: «Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да, мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда… Қол соғып, қошеметтеп шақырайық, 4-сыныпты ортамызға!»

Музыка әуенімен бастауыш сынып оқушылары залға кіреді.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші: Бейбарыс

Армысыздар, жадыраған қазақ елі!

2-жүргізуші: Айнұр

Қайырлы күн, қарыштаған Қазақстан! Асқақтаған ел жұртшылығы!

3-жүргізуші: Дамир

Армысың, Кеңес орта мектебі — алтын ордам, жарқырар ұлы ғылым үміт алдан. Жалғасқан тарих үнің бүгіндегі, армысың, киелі білім ордам!

4-жүргізуші: Әсем

Бала шаққа болашақты жырлатып, шәкірттерге ой түзеткен сымбатты. Күн нұрындай сәуле құйған көңілге — армысыздар, ұстаздарым қымбатты!

Бейбарыс: Армысың сен, алтын ұя мектебім! Саған айтар жыр-алғысым көп менің. Жүректерге жаққан білім шырағын — мектебіме арналады бұл әнім.

Айнұр: Дұрыс айтасың, Бейбарыс! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алды десеңші! Мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады.

Дамир: Олай болса, алтын ұя мектебімізге арнап «Үйретеді» әнін шырқайық!

Ән: «Үйретеді»

4-сынып туралы таныстыру

1-оқушы: Мерей — Алдарыңызда Кеңес орта мектебінің 4-сынып оқушылары!

2-оқушы: Ұлжан — Бұл сынып — өнерге жаны құмар, көңілді жұлдыздар.

3-оқушы: Ділназ — Бұл сынып — эстетикалық талғамы биік, сұлулық пен әсемдікке жақын жұлдыздар.

Оқушы: Аманда — Бұл сынып — салауатты өмір салтын қолдаушы, болашақ спортшылар.

Мерей: Мектеп деген — киелі ғажап ат, тынысы мен тіршілігі ғаламат. Бала шақтан болашаққа аттанған, түлеп ұшты талай-талай азамат.

Ұлжан: Мектеп деген — білім кені, жыр кені. Мектеп деген — ғылымның ең үлкені. Мектеп деген — тәрбиеші адамға, мектеп деген — даналардың мекені.

Ділназ: Ұлылықты ардақ тұтар үнемі, алтын ұя, ақ босаға киелі. Қанат қаққан білім алып өзіңнен, күллі шәкірт саған басын иеді.

Мерей: Мектебім — мәңгі бапкерім, қарызбыз біз бәріміз. Өзіңе деген парызды, ақтаймыз талай әлі біз.

Ұстазға тағзым

Айнұр: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан мектептегі анамыз — ұстаз.

Бейбарыс: Ұстаз туралы не айтар едің, Әсем?

Әсем: Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға, жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім — мектептің жүрегі», — деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.

Дамир: Иә, бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», — деген.

Келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!

Аманда: Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай, ұстазымның жүзіндегі нұр қандай? Мейірлене қарап қойып біздерге, күн астында сабақ беріп тұрғандай.

Ұлжан: Алғашқы ұстаз — ерекше тұлға, дара шың. Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын. Сағына әркез суреттерді парақтап, шәкірттерін жиі еске алатын.

Мерей: Әр үйдің ерке өскен тентегі едік, ақылға ерте келмедік көндік. Бойымыз бірте-бірте үйренісіп, мектептің ережесін үйрендік көп.

Ділназ: Тек үйреттің әділдікті, адалдықты, жирендік, ажыраттық жамандықты. Жалғастырар ақ жолды сіздер салдыңыз, бар деп ұққын әрқашан — балаң мықты.

Әсем: Ұсынғаны — адалдық, үйреткені — адамдық. Бар ұстазға тілейміз: бақыт, табыс, амандық.

Айнұр: Шәкірттердің тыңдап жауап сұрағын, жан санаға төгіп білім шуағын. Хат танытып жол сілтеген өмірге — барша жанға құрметті жан мұғалім!

Ән: «Аяулы ұстаз»
Көрініс: «Жұмыртқа туралы»

Ата-анаға алғыс

Аманда: Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз; бір мектептің ұлы менен қызымыз. Бірдей өстік оқуда да, еңбекте, күліп-ойнап бірімізбен біріміз.

Дамир: Ыстық-ау кім-кімге де әке деген, суыққа шалындырмай мәпелеген. Өмірдің соқпағымен өрге тартып, «алдымен адам бол» деп жетелеген.

Бейбарыс: Әкешім тілеуімді тілеп жүрген, аумайсың жарығы мол ашық күннен. Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін, ақылды балаларың соны білген.

Әсем: Дүниеге әкелген — ол да сенің анашың, ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анашың. Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анашың. Мәпелеген баласын, аман болшы, анашым.

Ұлжан: Кеудемнен сезім селi ақтарылсын, болармын күні ертең-ақ мақтанышың. Білім алып, тер төгем, еңбек етем — өзіңнің сеніміңді ақтау үшін.

Ән: «Бала тілегі»
Ата-аналардың құттықтау сөзі

Бастауыштан алған өнеге

Дамир: Бастауыш сыныпта біз не үйрендік?

Ұлжан: Білімнің алғашқы баспалдағынан өттік: үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді; ата-анаға, жерімізге, елімізге жақсылық жасауды үйрендік.

Бейбарыс: Бір сөзбен айтқанда: Әйтекенің жырып айтқан, Қазыбектің қазып айтқан, Төле бидің тауып айтқан ұлағатты сөздерінен өнеге алдық.

Айнұр (ақын рөлінде): Ей, тәкәппар дүние, маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен — қазақтың баласы!

Әсем: Қазақпын, еңселі елмін егеменді, кеңейттім кең әлемге керегемді. Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар таныды тепе-тең деп тереземді. Қазақпын — қойнауы құт, жері дарқан, әнімді бес құрлықтың бәріне айтам.

Би / Көрініс

Қоштасу сәті

Мерей: Жас жүректің өмірлік құштары — гүл, бағбан-ұстаз баулыған құстары бұл. Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

Аманда: Қоштасып тұрып қимадым, бастауыш мектеп — сырласым. Сен маған білім сыйладың.

Барлығы: Бастауышым — балбұлағым, білімдегі бал құрағым!

Ділназ: Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңізге, біздерді ойлап көңіліңіз жүдеді де. Шәкірттер, тыңдаңыздар ұстаз сөзін — сіздерге арнап айтар тілегін де.

Ұстаз тілегі

Өлкеміздің ертеңі болыңдар, сенімдердің серпіні болыңдар. Ұстаздық ақ жүректен тілеймін: тек сәттілік шәкірттерімнің ертеңіне!

Айналайын, жап-жарқын жүздеріңнен аластайтын жанды күз көңілден. Мен сендерге мәңгілік тілекшімін, тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Мойытпасын қиындықтар сендерді, батылдықпен асыңдар сан белдерді. Біліміңмен қуантсаңдар ұстазды, жақсы іспен қуантыңдар елді енді.

Қанаттарың қатайды — биікке енді самғаңдар. Білім жолы — сара жол, ізденіңдер, талмаңдар!

Оқушыларға арналған парақтарды тапсыру

Айнұр: Әр отбасы еркесінің бабын таба білдіңіз. Ұстаздықтың қиын жолын көтеріп сіз жүрдіңіз. Төрт жыл бойы тынбастан өнер-білім үйреттіңіз, әрбір жүрекке жол тауып, бүгін міне түлеттіңіз!

Ән: «Ұстазым»

Қорытынды сөз

Мұғалім: Қоңырау сыңғырла асыға, үн қосқан қиялдан асуға. Білім ал, еңбек ет, жасұлан — өрле сен биік шың басына!

Құрметті оқушыларым, балаларым! Сендер үшін бүгін ерекше күн. Өйткені сендер бастауыш мектептегі сәби шақтағы өмірдің келесі баспалдағына қадам бастыңыздар: білімді тереңдету, іздену, өсу жолына бастайтын орта буынға өттіңіздер.

Орта буындағы оқуларыңа ақ жол тілеймін! Сәт сапар!