Аян мен Тортай ұқсастығы
Сабақтың тақырыбы
«Тағдырластар» (О. Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» және С. Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармалары бойынша)
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: өткен тақырыптарды қайталау, кейіпкер бейнесіне талдау жасау.
- Тәрбиелік: кейіпкер тағдырына ортақтастыра отырып, жан дүниені түсінуге, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелеу.
- Дамытушылық: сөйлеу мәдениетін жетілдіру, өзгенің пікірін тыңдау, дәлелді ой айту және өзінше қорытынды жасауға үйрету.
Әдіс-тәсілдер
Сабақтың түрі
Қайталау, пікірлесу, сұхбат сабағы.
Көрнекіліктер
Слайдтар, кітап көрмесі.
Сабақтың жүрісі
I. Ұйымдастыру
Сыныптың назарын сабақ мақсатына шоғырландыру, алдыңғы білімді еске түсіруге бағыттау.
II. Экрандағы мәтін: үзінділер
Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін шілбиген арық, ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ, ақ шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай жүгіріп келе жатқанын көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын!» — деген жалынышты үнін естимін.
Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар бір бала болушы еді. Әке-шешеден ерте айырылып, алыстан қосылатын аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі — таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін.
III. Жетелеуші сұрақ
Үзінділер кімнің қай шығармасынан алынған? Кейіпкерлерді атаңдар.
IV. Интерактивті жұмыс: Аян мен Тортайдың ұқсастығы
«Жусан иісі» — Аян
- Жетім.
- Дене кемістігі бар (ақсақтық).
- Ертегіші, қиялшыл.
Ұқсастығы (Венн)
- Жалғыздықты көп көреді.
- Жәбір көреді, соған қарамастан ішкі әлемі бай.
- Арманы үлкен, бірақ өмір тосқауылдары көп.
Осы ұқсастықтар арқылы екі шығарманың мазмұнын қысқаша еске түсіреміз.
«Тортай мінер ақ боз ат» — Тортай
- Жетім, туыстарының есігінде жүреді.
- Дене мүкістігі бар (құлағының мүкісі).
- Кітапқа құмар, көп оқиды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Аян ауылға көшіп келгенде оны кімдер қарсы алды?
- Ауыл балалары тиіскенде Аян не деді?
- Аянның дене кемістігі неден болды? Тобығын қалай тайдырып алды?
- Ертегіні қай кезде айтатын еді? Ертегі қалай басталады?
- Тортайдың қиялы қандай еді?
V. Тағдырдың сынағы: екі үзінді
Киініп, жарты күрішке сүтті апыл-ғұпыл іше сап, Бапай шалдың үйіне мен де жеттім. Аян есік жақтағы темір пештің түбіне төселген құрым киіздің үстінде кір-қожалаң жұқа құрақ көрпе жамылып жатыр екен. Бір жамбастап жатқан күйі қозғала алмайды. Қамшы мен тепкі тиген денесі көкпеңбек боп ісіп кетіпті. Бет-ауызы да ісіңкі. Көзі кішірейіп, жылтырап, жаутаңдап жатыр. Бір кезде ғана: «Ағам келеді ғой жақында… сонда көрсетеді Тұржанға», — деді.
Бір күні мен Тортайды іздеп әрең таптым. Тұрған үйі аузына келгенін айтып, ұрысып, қуып жіберіпті. Салық салғанның ұшар басындағы қалың қамысты тасқорымның үңгіріне кіріп, от жағып жатыр екен. Мені көрген соң қуанып қалды. Ешкім жоқта жылаған секілді: от сәулесі тиген көзі қызарып, домбығып тұр еді.
Түйінді сұрақ
Екі мәтіннен нені байқаймыз, нені түсінеміз?
Екі баланың да туыстарынан жәбір көргені, жапа шеккені анық байқалады. Өмір жолдары өзара ұқсас. Осы тұста сабақ тақырыбы нақтыланады: «Тағдырластар».
Пікірлесу
- Екі шығарманы оқығаннан кейін қандай күйде болдыңдар?
- Аян мен Тортайға жаны ашып, олардың ішкі әлемін түсіне білген кім?
Қимастық сәті: Аян
Тек Аянның жолдасы ғана емес, ауыл балаларының бәрі де онымен қимай қоштасты. «Мен әлі бәріңе де хат жазып тұрамын», — деді ол күлімсіреп. Арба ұзап бара жатқанда, Аян бас киімін алып, қол бұлғап қояды…
Аян кеткенде көңілсіз болып, оны қимаған — оның жолдасы.
Қимастық сәті: Тортай
Күз жақындап, фермадағы балалар ауылға оқуға аттанғанда, тау басында бұзау бағып, жападан-жалғыз Тортай ғана қалды. «Өзіммен бірге оны да мектепке ала кететін шамамның жоқтығына жыным келді…» — деп, досы ішкі қиналысын жеткізеді.
Тортайды өзімен бірге ала алмауына қиналған — досы Ораш.
Авторлар туралы
Авторлардың портреттері көрсетіліп, оқушылардың Оралхан Бөкей мен Сайын Мұратбеков туралы білетіндері сұралады және толықтырылады.
VI. Оқулықпен жұмыс: шығармалардың аяқталуы
Жазға салым Жусандытөбе жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі… Сонда есіме Аян түседі. Шынында да, бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ал тірі болса, Жусандытөбеге бір оралмауы қалай?
Әңгіме күңгірлеп, еміс-еміс естіле берген соң, есіме баяғы бір қоңыр үн түсіп, еріксіз құлағымды түрдім. Келген Тортай екен… Шынымды айтсам, ұялдым, Тортайдан ұялдым. «Тортай мінер ақ боз ат» менің тақымымда кеткендей еді… Иесіне қайтаруға кеш еді…
Талқылау сұрақтары
- Шығармалардың соңында Аян мен Тортайдың арманы орындалды ма?
- Аян кім болды? Тортай ше?
- Арманға жете алмауына не кедергі болды?
6-слайд — Түйін
Жетімдік, мейірімсіздік, салғырттық салдарынан Аян мен Тортай армандарына жете алмады.
VII. Шығармашылық жұмыс
Ой қозғау
- Бүгінгі заманда Аян мен Тортай сияқты балалар бар ма?
- Олардың мұңын түсіне аламыз ба?
- Ондай балаларға қандай көмек көрсете аламыз?
Жазылым тапсырмасы
Ақын Ф. Оңғарсынованың «Мұқтаждық немесе жетімнің монологы» өлеңін тыңдай отырып, Аянға, Тортайға немесе өлең кейіпкеріне хат жазу.
VIII. Қорытындылау
Салыстыру
- Бүгінгі бала мен Аян, Тортай тағдырында қандай ұқсастық бар?
- Айырмашылық қандай? Қазіргі балалар қалай білім алып жүр?
Негізгі ой
Мемлекет тарапынан жетім балаларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, дарынды әрі қабілетті оқушыларға қолдау көрсетіледі. Барлығы жалпыға міндетті білім алады. Дегенмен өмірде тағдыр түрленеді: «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ». Біреу әкеден, біреу анадан айырылып қалуы мүмкін. Әкенің ыстық құшағын, ананың аялы алақанын сағынып, күтіп, көздері талған қаншама бала бар. Олар өзгелердің қателігі үшін жауапты болмауы керек. Бала — бақытты болу үшін жаратылған.
IX. Бағалау және сабақтың аяқталуы
Бағалау жүргізіледі. Сабақ Ұ. Жолдасовтың «Сәби бақыты» әнімен аяқталады.