Бүгінгі мерекелеріңізге орай бізде келіп қалдық

І. Ұйымдастыру

Мұғалім оқушыларға Қазақ елінің ұрпағы екенімізді, болашақтың біздің қолымызда екенін еске салады. Еліміздің рәміздері — елтаңба, әнұран, ту — әр азаматтың қастерлі құндылығы.

Әнұран орындау тәртібі

Барлығымыз орнымыздан тұрып, оң қолымызды кеудемізге қоямыз да, мемлекеттік әнұранды орындаймыз.

ІІ. Негізгі бөлім

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Көп жасаған қария,
Ақылы теңіз — дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі соқпақ, сөзі нәр.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.

Қымбатты ақ жаулықты әжелер мен ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар, қадірлі қонақтар! 5 «А» сынып оқушыларының қатысуымен 1 қазан — Қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Қарты бардың — қазынасы бар» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Қарттар күні туралы қысқаша мәлімет

Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт әрі тыныш өмір сүруіне өз үлесін қосқан ардақты қарттарымыздың еңбегі ерекше. Қарттар күні — саналы ғұмырларын Отанға арнап, тынымсыз еңбегімен мемлекетіміздің нығаюына жол ашқан ата-әжелеріміздің мерекесі.

Тарихи дерек: 1990 жылы 30 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп бекітті.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, келешекке сенімі — баланың ата-анасын ардақтап, перзенттік парызын еш ұмытпауында. Үлкендікке ешкім құтыла алмайды, бірақ кәріліктің де өз сәні мен мәні бар. Қартты «құт-береке» деп тану — ұрпақтың парасаты.

Қонақтарды құттықтау

Қадірлі ата-әжелер, бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер жас ұрпаққа төзімділік пен даналықтың үлгісісіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Мөлдір

Мерекеңіз құтты болсын, ата-апа!
Көкіректен жыр төгілмей жата ма?
Зейнетіне жетіңіздер өмірдің,
Кенеліп бір ілтипаты батаға.

Абылай

Қош келдіңіз, ақ жаулықты аналар,
Ақыл кенін арқалаған аталар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.

Хормен

Мерекені көңілді өткізіңіздер!

Ән мен би

Сыныптың әншісі Динара «Мерекем» әнін орындайды. Одан кейін ата-әжелерге арналған би нөмірі ұсынылады.

Ескерту: Би атауын алдын ала нақтылап, бағдарламаға енгізіңіз.

«Мен ата мен әженің жалғасымын» бөлімі

Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, ата ақылымен беріледі. Бұл бөлімде оқушылар үлкенге құрметтің мәнін өлең арқылы жеткізеді.

Аружан

Атам менің әрқашан,
«Әдепті жан бол» деген.
Ата сөзі санамда:
Жасы үлкенге жол берем,
Алдын орап кісінің,
Көлденең кесіп өтпеймін.
Ізетімен кішінің,
Сәлемдесіп қол берем.

Диас

Атам менің әрқашан,
«Кішіпейіл бол» деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
Атам менің әрқашан,
«Әділетті бол» деген.
Ата сөзі санамда,
Тура жолмен жүрем мен.

Құттықтау тілек

Күндеріңіз гүлге, желекке толсын.
Отбасыңызда ырыс-береке орнасын.
Шын жүректен құттықтаймыз,
Өмір думан, бақ әкелсін мереке.

«Ата-әжемен сұхбат» бөлімі

«Қарттық — қасиетті ұғым. Балалардың болашағын аңсаған жүректе әрдайым ерекше жылу бар» деген оймен келесі бөлім — ата-әжелермен сұхбатқа ұласады.

Сұхбат жүргізушілер

Оқушылар рөлдік форматта жүргізеді

«Қазақстан» арнасынан тележүргізуші Зарина мен түсіруші Дәулет ретінде оқушылар ортаға шығып, қонақтарға сұрақтарын қояды.

Альфияның кіріспесі

Сәлематсыздар ма, ата-әжелер! Бүгінгі мерекелеріңізге орай біз де келіп қалдық. Қанеки, достар, кімде қандай сұрақ бар?

  1. 1 Жас кездеріңізде қандай қызықтар мен қиындықтар болды?
  2. 2 Мектеп қабырғасында есте қалған ерекше оқиғалар бар ма?
  3. 3 Сіздер біздей кезде қандай едіңіздер?
  4. 4 Өмірлік серігіңізді қалай таптыңыз?
  5. 5 Қазір қанша балаңыз, немере-шөбереңіз бар? Қызығын айтып берсеңіз.
  6. 6 Немерелеріңізді қалай еркелетесіздер?
  7. 7 Туған жер сіздерге несімен ыстық?
  8. 8 Жас кезіңізде тентек болдыңыз ба?
  9. 9 Мектепте қай пәнді сүйіп оқыдыңыз?
  10. 10 Ән салып бересіз бе?
  11. 11 Біздің сыныпқа тілегіңіз қандай?

Оқушылардың сұрақтары арқылы ата-әжелердің өмірінен тағылымға толы көп мағлұмат алынады. Мейірімге толы «күнім», «балапаным», «қошақаным» деген жылы сөздердің өзі — тәрбиенің бір бөлігі.

Немерелердің арнауы: ән

Сұхбаттан кейін оқушылар ата-әжелеріне арнап ән шырқайды.

«Ата-әже» әні

1-шумақ

Қалмасын деп қатардан,
Ойлайтынын сезем мен.
Айналайын атамнан,
Айналайын әжемнен.
Мақтанбаймын бекер мен,
Өшпейсіңдер санамнан.
Айналайын әкемнен,
Айналайын анамнан,
Күн сияқты ашылар,
Қамқоршым да осылар.

Қайырмасы

Ата, әже —
Мен сіздерді сүйіп өсемін.
Ана, әке —
Сыйлаймын ғой бәріңді.
Мен сіздерге қарап өсемін.

2-шумақ

Қанша көрдім дегенмен,
Көрмегенім көп менің.
Қанша білдім дегенмен,
Білмегенім көп менің.
«Мен» дегенде ештеңе
Аямайтын — осылар.
Таңертең де, кешке де
Аялайтын — осылар.
Қалай жаман боламын?
Мен бақытты баламын.

ІІІ. Қорытынды

Мұғалім

Бабаларым, рақмет сендерге!
Балаларым болмасын деп бос кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде.
Бабаларым, рақмет сендерге!

Мұқағали Мақатаевтың осы ойы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді: ата-әже алдындағы қарызымызды жақсы тәрбие, адамгершілік, мейірім және құрмет арқылы ғана өтей аламыз.

Қарттарымызды ардақтайық. Оларды сыйлайық, қадірлейік.

Кім үлкенді сыйласа,
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.

Тәрбие сағатын қорытындылай келе, ата-әжелерімізден ақ бата сұралады. Соңында оқушылар келген қонақтарға алғыс айтып, сыйлықтарын табыстайды.

Ұрпақтардың бағы болсын, арайланған таңы болсын. Ақ батамен қол жайғанның тілегінің бәрі болсын.