Наурыз келді еліме, Наурыз келді жеріме

Тақырыбы

Қош келдің, әз Наурыз!

Мақсаты

Қазақтың ұлттық мейрамы Наурызды балаларға кеңінен таныстырып, ұлтжандылыққа, мейірімділікке және халықтық дәстүрді қастерлеуге баулу.

Көрнекілігі

Салт-дәстүрге байланысты бұйымдар, ұлттық тағамдар.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Армысыздар, қадірлі ата-аналар, балапандар, қонақтар! Бәріміз асыға күткен Наурыз тойы да келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!

Наурыз — «жаңа күн» деген сөз. Бұл — ата-бабамыз мыңдаған жылдар бойы тойлап келе жатқан жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Осы мерекеде денсаулықтарыңыз мықты болып, тілектеріңіз қабыл болсын!

Бұл айда күн мен түн теңеліп, табиғат түлейді. «Наурыз келсе — құт келгені» дейді халқымыз. Ендеше, есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық!

Шашу шашылады.

Өлең жолдары

Су жылтырап, бүршік ашқан жас талдан,

Бу бұрқырап, қатып қалған тастардан.

Күн күркіреп, жалын ойнап аспаннан,

Бар тіршілік Наурыздан басталған!

Наурыз келді, ал тойлаңдар, жараңдар,

Келген мына мерекеге қараңдар.

Шашу шашып, ақ жаулықты әжелер,

Тойда бүгін ойнап-күліп тараңдар.

Ал, халайық, тұрмайық — әндетейік, жырлайық! Ортамызды ашайық, ырыс тілеп бұл жылға, жырдан шашу шашайық!

Ән мен өнер көрсетілімдері

Ән

Құрметті қонақтар, ата-аналар, әріптестер! «Күншуақ» тобы орындайды: «Наурыз — достық мерекесі».

Жүргізуші: Рақмет, балалар! Керемет ән орындадыңыздар.

Би

«Күншуақ» тобы бүлдіршіндерінің орындауындағы «Қара жорға» биін тамашалаңыздар.

Жеке орындау

Тобымыздың ерке қызы Дюмбаева Салтанат орындайды: «Дастархан» әні.

Наурыз — елімнің берекесі, жаңа жылы — қазақтың мерекесі. Шаңырағы биіктеп, керегесі ұланғайыр болсын!

Балалардың Наурыз туралы тақпақтары

1-бөлім

Нұрниса
Уа, ағайын, халайық, мұнда назар салайық!
Мерекесі халықтың — Наурыз тойын бастайық!
Медет
Наурыз тойы тамаша, Наурыз тойы жаңаша.
Табиғат та тамаша — тамылжып тұр жараса.
Нұрайым
Наурыз келді еліме, Наурыз келді жеріме.
Байлық, бақыт тілеймін бұл қазақ еліне.
Диас
Наурызбен құттықтап, алыс-жақын қауышты,
Көктемдегі жарқын сәт көңілдерге ауысты.
Аружан
Наурыз тойым, Наурыз тойым — құтты болсын, халайық!
Қане, достар, шырқап әнге салайық!
Кәусар
Жыл басы — Наурыз мереке, ақ нұрға әлем бөленді.
Наурыз тойы — береке, тіршілік жаңа оянды!
Салтанат
Наурыз дала, Наурыз гүл — тентек сезім, үнсіз тіл.
Ақ қайыңның алдында айқасқан балуан білек, қыпша бел.
Дастан
Наурыз тойы — елдің тойы, көктем тойы — төлдің тойы.
Ән айтатын күні бойы — жақсы көрем Наурыз тойын.

Жүргізуші: Балалар, тақпақтарың өте әсерлі! Жарайсыңдар!

2-бөлім

Нұрай
Наурыз келді — жыл келді, тірілтуге гүлдерді.
Сәнденеді аналар сәбиімен бірге енді.
Айкөркем
Наурыз келді, нұр келді — түгел аймақ түрленді.
Бақшадағы апайлар тойға әзір боп үлгерді.
Іңкәр
Наурыз келді, алақай, кел, билейік, балақай!
Біз де қарап тұрмайық — тойға шашу шашайық.
Луиза
Той-думанға келіңіз, тамашалап көріңіз.
Ән айтайық бәріміз, қол соғайық бәріміз.
Медина
Наурыз самал, Наурыз таң — қалың орман ұйқысынан оянған.
Сағынышпен қауыштырған жұптарды — жылдың басы, он екі айға тоғысқан.
Аяулым
Наурыз жауын, Наурыз сән — әсем әуен, сазды ән.
Қыз-бозбала қыдырған жасыл желек, көк аспан.
Кәусар
Жылдың басы — Наурыз, жердің басы — Наурыз.
Мерекеге арналсын бүгінгі жыр-әніміз.
Асылай
Көктем келді, балақай, жасарды жер — алақай!
Наурыз тойын тойлайық, әсем әнге салайық.
Асылхан
Наурыз келді сән құрып, жасарып, жаңғырып,
Құлпырды жер мен көк, мейірім таң күліп.
Торғын
Наурыз тойы — салтанат, Наурыз тойы — мархабат.
Әр жүректен ән тарап, шаттанады шартарап.
Алтынбек
Наурыз — бұл мереке, құтты болсын береке.
Қыдыр ата келіп, жақсы тілек әкелсін.
Әйгерім
Наурыз көктем, Наурыз жыр — ана мейірім, шуақ нұр.
Жан иесін жаңартқан аққу-ән, бұлақ, нәзік сыр.
Әлихан
Наурыз әлем, Наурыз құс — сұлу дала, сағым түз.
Самғай ұшқан қарлығаш, аққу-қаздар мамық төс.

Ұлттық ойындар мен салт көріністері

«Қыз қуу»

Ақбоз үйді үлпілдеткен, боз баланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің — көктем, әсем едің, шіркін, неткен!

Ендігі кезекте қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуу» көрінісін тамашалаңыздар (Берекет пен Кәусар).

Ата-аналар, кішкентай балапандарымызға қошемет көрсетіп отырайық.

«Арқан тарту»

Тобымыздағы балапандардың әкелерін ортаға шақырып, қазақ халқының дәстүрлі ойыны «Арқан тартуға» қатысуға шақырамыз.

  • Айкөркем
  • Салтанат
  • Кәусар
  • Әлихан
  • Ерасыл

Шілдеханаға ұласқан тілек

Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда,

Сақталушы еді сыбаға сапарға кеткен ұлдарға.

Наурыз айы туғанда — шілдеханамызды бастайық.

Бата және қорытынды

Бата

«Ұлы күні қазан толса — ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса — сонда олжалы жыл болар», — деп бәйтеректей болып отырған Дюмбай атамыздан бата беруін сұраймыз.

Қорытынды сөз

Құрметті ата-аналар, әріптестер! Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік ертеңгілігіміз өз мәресіне жетті. Наурыз мерекесі әр отбасыға құт-береке, ырыс әкелсін!

Қорытынды сөз бен ізгі тілекті білдіру үшін балабақшамыздың меңгерушісіне сөз береміз.