Дене тәрбиесі - компьютермен жұмыс жасау ережелерін сақтауда көз, дене жаттығуларын өткізгенде
Түсінік хат
Қазіргі уақытта мектеп оқушыларын еңбекке баулу және мамандыққа бағдарлау бағытында дайындауда информатиканың рөлі ерекше. Ақпараттық қоғам жағдайында қызмет салаларының барлық түрін ақпараттандыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты әрбір маман иесін ақпараттық технологиялар негізінде даярлау қажеттілігі туындады.
Сондықтан мектеп жасынан бастап оқушылардың ақпараттық-технологиялық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған оқыту үдерісі енгізілді. Орта білім беру жүйесіндегі информатиканың маңызы әлемнің жүйелі ақпараттық бейнесін қалыптастырумен, адам мен ақпараттық ортаның тиімді өзара әрекеттесуін дамытуымен және қазіргі ақпараттық қоғамдағы кәсіби қызметтің негізгі құрамдасы ретінде ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыруымен айқындалады.
Стандарт және оқытудың басталу сыныбы
Оқушылардың ақпараттық қоғам жағдайындағы дайындық деңгейін айқындау үшін информатика пәнінен мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт (6-сыныптар үшін) әзірленді. Осы талаптарға сәйкес, информатика пәні 5-сыныптан бастап оқытылады.
Оқытудың негізгі мақсаты
Оқытудың негізгі мақсаты — оқушылардың оқу үдерісінде компьютерлік технологиялар арқылы өз бетімен тиімді білім алуына және өзін-өзі анықтауына мүмкіндік жасау. Оқыту мазмұны информатиканың дүниетанымдық және пайдаланушылық аспектілерін қалыптастыруға бағытталады. Бұл мазмұн Мемлекеттік ақпараттандыру бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерінен туындайды және компьютерді оқу құралы ретінде оқушылардың оқу-танымдық қызметінде тұрақты қолдануды көздейді.
Информатиканы оқу оқушылардың компьютер туралы жалпы түсінігін қалыптастырады және ақпараттық технология әдістерін меңгеруіне ықпал етеді.
Курс мақсаты
Microsoft Word мәтіндік редакторын іске қосу, оның терезесінің стандартты элементтерімен жұмыс істеу ережелерін тереңдете меңгерту; жаңа құжат құруды, бұрын сақталған құжатты ашуды, құжатты сақтауды үйрету және осы әрекеттерді сенімді орындау дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар, компьютермен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту.
Міндеттері
- Microsoft Word мәтіндік редакторын іске қосу және терезе элементтерімен танысу.
- Алмасу буфері құралдарын тиімді пайдалану.
- Кесте кірістіру және кестелерді форматтау.
- Графикалық объектілерді енгізу және оларды форматтау.
- Дыбыстық объектілерді өңдеу.
- Құжаттарды баспаға шығару.
Пәнаралық байланыс
Информатиканы оқыту барысында төмендегі пәнаралық байланыстар жүзеге асырылады:
Математика
- Компьютерді оқыту құралы ретінде пайдалану арқылы оқушылардың өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыру.
- Математикадан алған білімді графикалық ақпарат ретінде компьютерде өңдеу.
Қазақ тілі
- Ақпараттық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында кез келген мәтінді редакциялау.
- Сауатты жазу талаптарын негізге ала отырып, мәтін жазу және оны редакциялау.
Әдебиет
- Ақпаратты кодтауда алфавиттердің орналасу ретін пайдалану.
- Мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ мәтіндерін компьютерде сауатты теру үлгілерін қолдану.
Жаратылыстану
- Табиғат құбылыстарын информатикадағы практикалық тапсырмалар мазмұны ретінде қолдану.
- Ақпараттың қоршаған ортада символдар арқылы бейнелену мәнімен байланыстыру.
- Графикалық редактор құралдары арқылы табиғат құбылыстарын бейнелеу.
Музыка өнері
- Дыбыстық ақпараттарды өңдеуде музыкадан алған білімді қолдану.
- Музыкалық редактор арқылы музыкалық ақпаратты өңдеу.
- Ноталарды жазу үдерісінің алгоритмін құрастыру.
Технология
- Қазақтың ою-өрнектерін графикалық редактор құралдары арқылы компьютерде бейнелеу.
- Құрақ үлгілерінің бейнесін салуда графикалық редактор мүмкіндіктерін қолдану.
- Әртүрлі заттар мен бұйымдардың моделін жасақтауда графикалық модельдеуді қолдану.
Дене тәрбиесі
- Компьютермен жұмыс істеу ережелерін сақтай отырып, көзге және денеге арналған жаттығулар жасау.
- Сергіту сәттерін ұйымдастыру.
Күтілетін нәтиже
Курсты оқу барысында оқушы алған білімі мен дағдыларын болашақта графикалық кескіндер құрастыруда, жарнамалық өнімдер дайындауда, түрлі пәндер бойынша альбом, реферат және ғылыми жоба әзірлеуде қолдана алады.
Оқушы интернет ресурстарынан қажетті суреттер мен иллюстрацияларды тауып, өз қажеттілігіне сай пайдалана алады және оларды MS Word құжаттарына дұрыс орналастырады. Сондай-ақ бұл таңдаулы курс алдағы уақытта күрделі кәсіби бағдарламалармен жұмыс істеу шеберлігінің берік негізін қалайды.