Рахмет апай
Кештің мақсаты
Құрметті қонақтар, қадірлі мектеп ұжымы! Бүгінгі кештің мақсаты — әр адамның өзіне ғана тән дара жолы бар екенін дәріптеу. Дара жол кәсіби шеберлікті шыңдауда ой мен сөздің үйлесімінен, ал ең бастысы — істің айқын нәтижесінен танылады. Бұл жол адам тек өзі үшін емес, өзгелер үшін: жас ұрпаққа, әріптестеріне, елі мен ұлтына пайдасы тисін деген ниеттен бастау алады.
Бүгінгі кештің өзегі
- Ұстаз бойындағы мүмкіндіктің ашыла түсуіне жол ашу;
- Шабытқа шабыт қосу, тәжірибе мен адами қасиеттерді бөлісу;
- Ұстаз еңбегінің қоғам үшін құндылығын айқындау.
Кеш кейіпкері
Бүгінгі кешіміз Аққала орта мектебіне еңбегін сіңірген бастауыш сынып мұғалімі, құрметті ұстаз, қадірлі ана, бүгінде зейнеткерлік жасқа жеткен Хасанова Қансұлу Жұмабайқызының дара жолына арналады. Қош келдіңіздер!
Ұстазға арнау сөз
«Ұстаз» сөзі әр адамның жүрегіне жылулық сәулесін себетін аяулы ұғыммен астасады. Адам баласы қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — ұстаз. Қазақ үшін «ұстаздан тәрбие алған», «ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен қатар жүретіні бекер емес.
Сұхбат: ұстаздық таңдаудың сыры
Ұстаздық — ең қиын әрі ең қызықты мамандықтардың бірі. Осы жолды таңдауға не әсер етті? Өмірлік ұстанымдарыңыз бен кәсіби сеніміңіз туралы ой бөліссеңіз.
Отбасы туралы
Отбасыңыз жайлы қысқаша мәлімет берсеңіз. (Осы бөлімде отбасы туралы слайдтар көрсетіледі.)
Музыкалық үзіліс
Әңгімемізді әсем әуенмен толықтырып, көрермендерге және ұстазымызға арнап бір ән тыңдайық. Одан кейін сұхбатымызды жалғастырамыз.
Балалық шақ пен шәкірттік жылдар
Әр ұстаз да бір кездері мектеп табалдырығын аттаған шәкірт болған. Сол күндердің естелігі — бүгінгі ұстаздық болмыстың қайнар көзі.
Естелік айтуға шақыру
Қансұлу апайдың сыныптасы Айқын Нұрманқызын балалық шақтан естелік айтуға шақырамыз. (Осы бөлімде балалық шақ пен оқушылық кезеңнің фотослайдтары көрсетіледі.)
Шәкірттердің құттықтауы
5-сынып оқушыларының құттықтауын қабыл алыңыз.
Еңбек жолының бастауы
Осы мектепке алғаш келген жылдарыңыз туралы айтып берсеңіз. Алғашқы сынып, алғашқы қоңырау, алғашқы жауапкершілік — ұстаздық тағдырдың ең қымбат беттері.
Әріптестер естелігі
Ортамызда сізбен бірге еңбек еткен ардақты әріптестеріміз отыр: ұстаздардың ұстазы Күнжамила апай, Күлима апай; 20 жылдан астам мектеп директоры қызметін атқарған көшбасшы ұстаз Нажімеден ағай; сондай-ақ замандастарыңыз — Ғалия Қарымсаққызы, Гүлжан Айтуғанқызы, Нағима Жексенқызы. Осы қонақтарымыздан бір естелік тыңдайық.
Сұрақ: Осыдан 30 жыл бұрын Қансұлу Жұмабайқызы қандай мұғалім еді?
(Осы бөлімде ұстаздың жас кезіндегі еңбек жолынан фотослайдтар көрсетіледі.)
Шәкірт жүрегіндегі ұстаз
Шәкірт тәрбиелеу, білім нәрімен сусындату, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру жолындағы еңбегіңіз — ұшан-теңіз. Есіңізде ерекше сақталған шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз. (Осы бөлімде шәкірттермен түскен фотослайдтар көрсетіледі.)
Шәкірттерден сөз
Бүгінде сіздің оқушыларыңыз түрлі мамандық иесі атанып отыр. Сол шәкірттердің бірқатары ұстаздық жолды таңдады. Құттықтауға келген шәкірттеріңіз: осы білім ошағын басқарып отырған Нұртас Оразұлы, көп жылдар бір ұжымда қызметтес болған шәкіртіңіз Гүлнафис Маратқызы, өнер саласында еңбек етіп жүрген шәкіртіңіз Рафаэль Демеуұлы. Келесі сөз кезегін осы шәкірттерімізге береміз. Қош келдіңіздер!
(Егер алыстағы шәкірттерден құттықтау видеосы болса, осы бөлімде көрсетіледі. Қонақтар сөйлеп болған соң, Рафаэльден жеке орындауда өлең сұралады.)
Әріптестік қадірі
Бастауыш сынып бірлестігінің пікірі
Бүгін біз ұстазға арналған дара жолды бірге жасап келеміз. Енді Қансұлу апайдың ұстаз әрі әріптес ретіндегі ең басты қасиеттерін атап өту үшін бастауыш сынып бірлестігін ортаға шақырамыз.
Оқушылар құттықтауы
Құрметті ұстаз Қансұлу Жұмабайқызының құрметіне 9-сынып оқушыларының құттықтауын қабыл алыңыз.
Қорытынды блиц-сұрақтар
Апай, қорытынды ретінде бірнеше сұрақ қоямыз. Қысқа нұсқа жауап берсеңіз.
- 1Сіз ашуланасыз ба? Қандай сәттерде?
- 2Ұстаздық ұстанымыңыз қандай?
- 3Бүгінгі таңда сіз бағындырған ең үлкен белес қандай?
- 4Қандай жағдайлар сізді өкпелетеді?
- 5Мінезіңізді қалай сипаттар едіңіз?
- 6Кімге сыр айтасыз?
- 7Мұғалім бойында қай қасиет басым болуы керек?
- 8Болашаққа деген сеніміңіз қандай?
- 9Егер ұстаз болмағанда, өзіңізді қай салада елестетер едіңіз?
- 10Бастауыш білімнің керегесі, босағасы, тұтқасы неде деп ойлайсыз?
- 11Бүгінгі кеш көңіліңізден шықты ма?
Жылы қорытынды
Рахмет, апай! Бұл — көп жылдар бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен Қансұлу Жұмабайқызының дара жолына арналған кеш. Өмірде әркімнің өз жолы бар. Ал оны дара ету — әркімнің өз қолында.
Зейнетке шығумен құттықтау
Арнау өлең
Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап,
Бірақ қимыл әлі жастай шымыр-ақ.
Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі,
Күндеріңіз мұң салмасын қырындап.
Талай күндер төккен термен өткен күн,
Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн.
Талай жылдар тағылымы толысып,
Еңбектен соң зейнет келіп жеткен күн.
Еленді еңбек — қуаныш қой бәріміз,
Зейнет жаспен құлпырады сәніңіз.
Жалынды жас кейпін әлі сақтапсыз,
Қуанышқа ортақ кіші-кәріміз.
Осы жасқа жеткен де бар, жетпеген…
Жаратқанның нұры сізде көктеген.
Зейнет жастың бар қызығын көрсетсін,
Көңіл деген көркем кейіп көк дөнен.
Зейнет жас та құтты болсын, ағайын,
Мына өмірде көрдің қиын талайын.
Қиын белдер артта қалып бақ келсін,
Қара шашты ақ шалмасын самайын.
Ізгі тілектер
Еңбегіңіз еленіп, құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай, немере-шөберенің ортасында аяулы әже атанып, шаттыққа бөлене беріңіз.
Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын! Еткен еңбектің еленуі — кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет. Әр күніңіз отбасы-отанның, ұл-қыздың, немере-шөберенің шуақты күлкісімен нұрлансын.
Өмір жолыңыз ұзақ болып, көрген бейнетіңіздің зейнеті 100 есе, 1000 есе болып қайтсын: денсаулық, бақыт, береке алып келсін. Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ғұмыр тілейміз!
Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз. Қуанышыңыз ұзағынан болсын! Ағайын-туыстың құрметіне, қосағыңыздың сүйеніші мен қуанышына, ұл-қыздарыңыздың жеңісті күндеріне куә болып, ғұмырыңыз мәнді де сәнді өтсін.
Іс-шара туралы мәлімет
- Мекеме
- Аққала орта мектебі
- Тақырып
- «Дара жол»
- Форматы
- Бастауыш сынып мұғалімі Хасанова Қансұлу Жұмабайқызының зейнеткерлік жасқа толуына орай мектеп ұжымы, оқушылар және ардагер ұстаздардың қатысуымен ұйымдастырылған кездесу кеші.
- Дайындаған
- Г. Есқайырова