Оқушылардың сабаққа дайындығына назар аудару
Адамгершілік — асыл қасиет
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой мектеп-бала бақшасы. Дайындаған: Мырзағалиева Сандигүл Сандиғалиқызы.
Мақсаты
Оқушыларға адамның бойындағы ұнамды және ұнамсыз қасиеттерді ажыратуды үйрету; адамгершілікке тәрбиелеу; асыл қасиеттерді бағалай білуге және адамдармен дұрыс қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға бағыттау.
Әдіс-тәсілдер
- Сыни тұрғыдан ойлау
- Топтастыру жұмысы
- Ой бөлісу
- Венн диаграммасы
- Презентация слайдтары
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Кеспе қағаздар
- Суреттер
- Слайдтар
Сабақ түрі: тренинг-сабақ
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- 1 Сәлемдесу
- 2 Оқушылардың сабаққа дайындығына назар аудару
II. Негізгі бөлім — тақырыпты ашу
Мұғалім оқушылардың назарын тақтаға аударып, «адамгершілік» ұғымына ой жүгіртеді: адамгершілік деген не, біздің көзқарасымыз қандай, ол қандай қасиеттерден тұрады?
Тапсырма
Алдарыңыздағы параққа өз ойларыңыз бойынша адамгершілік ұғымына жататын қасиеттерді жазыңыз.
Татулық
Кішіпейілділік
Шыншылдық
Мейірімділік
Аяушылық
Сенімділік
Сыйластық
Адалдық
Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жасалған игі іс адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын және парасаттылығын танытады.
Тренинг
Әдеп сақтап әманда,
Әрбір адал адамға.
Жасасаң бір жақсылық —
Қайтарады саған да.
Ынтымаққа қосыл да,
Ықылас қой досыңа.
Ар-мақсатың нақ болсын,
Ақылыңнан тосылма.
Оқушылар көздерін жұмып, әуен ырғағымен жақындарына, достарына, жанашыр адамдарға іштей жақсы тілек тілейді. Кейін көздерін ашып, тілекті әзірге құпия сақтайды: орындалғанға дейін ешкімге айтпайды.
Жаттығу
Бір-бірімізге гүл ұсынып, жылы сөз айтып, жақсы тілек жолдаймыз. Мысалы: «Сіз бүгін өте сүйкімді болып тұрсыз. Жүзіңізден күлкі кетпесін!»
«Маржан сөздер» — нақылдар мен ойлар
«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, ұстаздан болады.» (Абай)
«Жақсылық істеуден жалықпа, істеген жақсылығыңа өкінбе!» (Қабуснама)
«Жақсы адам жолдасынан белгілі.»
«Биікке шықсаң — көзің ашылады, жақсымен сөйлессең — көңілің ашылады.»
«Жақсы адам — елдің ырысы. Жақсы сөз — жанның тынысы.»
«Бітер істің басына — жақсы келсін қасына.»
Өлең жолдары
Дәулетін көрсең біреудің, қарама оған таңданып.
Өзімде жоқ деп опынып, күрсінбе әрі арман ғып.
Өзіңе сұрақ қою — өзіңді тануға жол
Жақсы болу — өзіңнен. «Мен қандаймын?» деп ойла.
Жақсылық көрсең біреуден — үлгі ал.
Жамандық көрсең біреуден — «Мен қандаймын?» деп ойлан.
Көрініс
Оқушылар «Асыл шөп» тақырыбындағы көріністі сахналайды. Мақсаты — жақсылықтың, жанашырлықтың және мейірімнің өмірдегі құнын сезіндіру.
Шағын мәтіндермен жұмыс
Оқушыларға нөмірлер бойынша қысқа мәтіндер ұсынылады. Мәтін оқылып болған соң, сұрақтарға жауап беріледі. Бұл бөлім сыйластық, қамқорлық, достық және сүйіспеншілік ұғымдарын нақты өмірлік жағдайлармен байланыстырады.
Шығармашылық тапсырмалар
«Бала қиялы — қалам ұшымен»
Өлең шығару арқылы ойды көркем жеткізу және жақсылық туралы жеке көзқарасты қалыптастыру.
«Ақыл жолы»
Сюжеттік көрініс арқылы дұрыс шешім қабылдау, сабыр мен парасаттың маңызын түсіну.
Венн диаграммасы және «Мен» ұғымы
Оқушылар қағазға «Мен» сөзіне қатысты ойларын жазады: өз мінез-құлқы, әдеттері, күшті жақтары және жақсартқысы келетін тұстары туралы сұрақтарға жауап береді. Кейін Венн диаграммасы арқылы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды салыстырады.
Қорытынды ой
Егер адамдар бір-біріне жақсылық жасаудан жалықпаса, қарым-қатынаста сыйластық, қамқорлық, достық, сүйіспеншілік бекиді. Ал қоғамда татулық, бірлік, ынтымақ орнайды.
Кішілерді аяла, кісілерден аянба.
Адамдығың көрінсін, анадай жан саяңда.
Ақылы бар баласың, айтқан тілді аласың.
Намысты боп өссең сен — нағыз адам боласың.
Сабаққа бар ынталарымен қатысқандарыңызға көп рақмет! Өмірде әрқашан жолдарыңыз ашық болсын. Сәттілікте жүздесейік!