Сүйікті қалам - Астанам, Жарқырай бер жас қалам
Алтын төрім — Астана
Мақсаты
- Байтақ қазақ даласының иесін алыс-жақынға танытатын, қазақ жерінің кіндігіне Ақ ордасын тіккен жаңа Астананың тарихымен таныстыру.
- «Астанасына қарап елін таниды» дегендей, Астананың мемлекетіміздің биік мәртебесі мен жоғары дәрежесін, елдік пен тұтастықтың, бірлік тұтқасының нышаны екенін ұғындыру.
- Екі ғасыр тоғысында Еуразия құрлығындағы ірі тарихи оқиғаға айналып, тарихқа енген Астана қаласын мақтан тұтуға тәрбиелеу.
Түрі
Слайд-шоу.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Астана қаласының суреттері
- Қазақстан картасы және т.б.
Бағдарлама
- 1 Кіріспе (мұғалім сөзі)
- 2 «Сиқырлы сандар не дер екен?» (оқушы шығармашылықтары)
- 3 «Астана айшықтары» (суреттер сөйлейді)
- 4 «Жаса, жайна, ару қалам — Астана!» (қорытынды бөлім)
Музыкалық сүйемелдеу: Әнұран (хор), «Астана» әні (Сағызбай Рысты), билер: «Қаражорға», «Саржайлау».
І. Ұйымдастыру
Құрметті оқушылар мен ұстаздар! «Алтын төрім — Астанам» атты слайд-шоуға қош келдіңіздер.
Ән
Әнұран (хор).
Өту реті
Кіріспе, оқушылардың шығармашылықтары, фотобаян, сурет көрмесі және қорытынды бөлім.
ІІ. Негізгі бөлім
1) Кіріспе (мұғалім сөзі)
Балалар, 2011 жылдың ерекше екенін білесіңдер ме? Биыл еліміздің ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 20 жыл толды.
Осы жылдар ішінде халқымыз тарихын түгендеп, жоғалғанын тауып, өткенін жаңғыртты. Қиындық та, қуаныш та аз болған жоқ. Тәуелсіздік — басты бақытымыз. Сондықтан оның 20 жылдық мерейтойын мазмұнды да мәнді етіп өткізу — бәріміздің ортақ парызымыз.
Қазақстан — біздің сүйікті атамекеніміз. 1991 жылғы 16 желтоқсан — тарихымыздағы ұлы күн. Сол күні Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекет атанды. Бүгін қазақ мемлекетін әлем таниды: көк байрағымыз Нью-Йоркте әлем елдерінің тулары қатарында желбірейді, ал Әнұранымыз дүниенің түкпір-түкпірінде қазақ тілінде асқақтай шырқалады.
Қазақстан: Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
Дәуірлердің көшінде, ел басы деп шешімге. Отау тіккен Астана — Сарыарқаның төсінде.
1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Президент Жарлығымен Ақмола Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. 1998 жылғы 6 мамырда қала атауы Астана болып өзгертілді.
2) «Сиқырлы сандар не дер екен?» (оқушы шығармашылықтары)
Өлең жолдары
Отанымның төрінде, Сарыарқаның өрінде,
Ту ұстаған Астана — әсем қала, бас қалам.
Заман жаңа, ел жаңа, күлімдейді кең дала,
Өз Астанам, өз ордам — сүйсінерім сен ғана.
Бой көтерді бір қала — ол біздің сұлу Астана.
Астанада бәрі бар, қараймыз соған шаттана.
Мынау менің мекенім, Астанада көсемім,
Әнұран-ақ көрсетер қазақтың кім екенін.
Астана, жас қалам, жайнай бер, жас қалам!
Өркендеп өренің, гүлдей бер, Астанам!
Жүрегім лүпілдеп, баруға асығам:
Мектепті бітіріп, барармын мен саған.
Сұлу қалам, жас қалам, нұр төгілген бас қалам.
Шуақ шашып бәріне, өсе берші, Астанам!
Астанам — мақтанышым, күн сайын күнге ұмтылған.
Халқыңа бар данасың, өмірге шын құлшынған.
Астанам — арқадай кең, даналық мінез сақта.
Елбасы Нұрсұлтандай жете бер жақсы атқа.
Арасында дүрмектің Астанада жүрмекпін.
Бірақ Есіл өзені бар екенін білмеппін.
Арайлы екен таңдары, көңілді екен жандары,
Көшелердің әдемі самсап тұрған шамдары.
Ерекше екен, не керек — жолың түссе, көре кет!
Астанамыз аяулы, қала екен ғой керемет!
Астанам — сұлу қалам, төкті нұрын оған Алла.
Сүйікті қалам — Астанам, жарқырай бер, жас қала!
Күміс күннің астында желбірейді туымыз.
Қазақ деген халықтың қызы менен ұлымыз.
Ардақтайтын Астанам — мәртебелі бас қалам.
Көркейе бер күн сайын, алға қарай бас, қалам!
Жасыл желек оранған әрбір көшең — көк орман.
Сенде түлеп, сенде өскен жас ұрпақта жоқ арман.
Заман жаңа, ел жаңа, күлімдейді кең дала.
Өз Астанам, өз ордам — сүйенерім сен ғана.
Би
«Қаражорға»
3 «В» сынып оқушылары
«Саржайлау»
Қайырбай, Ақбөбек
Ән: «Астана» (Сағызбай Рысты)
3) «Астана айшықтары» — суреттер сөйлейді
Бұл бөлімде Астананың көрікті келбеті фотосуреттер арқылы таныстырылады: Есіл жағалауы, кең даңғылдар, сәулеті келіскен ғимараттар мен қала тынысы.
Қала көріністері
Слайдтар топтамасы
Есіл өзені
Жағалау, көпірлер
Сәулет нышандары
Бірегей мүсіндік белгілер
Заманауи қала
Жоғары технологияға ұмтылыс
4) «Жаса, жайна, ару қалам — Астана!»
Оқушылар салған суреттерді тамашалау арқылы әр бала Астанаға деген өз көзқарасын, сүйіспеншілігін және мақтанышын шығармашылықпен жеткізеді.
Көрме: оқушылардың суреттері
ІІІ. Қорытынды
Есілдің жағасында бой көтерген Астана — ерекше сәулеттік ландшафты мен бірегей мүсіндік нышандары жарасқан, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған қала. Бұл — өзгені құрметтейтін, жаңа астанасы мен елін шексіз мақтан тұтатын көпұлтты, көпдінді халқымыздың ортақ жүрек төрі.
Негізгі ой
Астана — елдік пен бірліктің, тәуелсіздіктің айқын символы.
Тәрбиелік өзек
Отанға сүйіспеншілік, тарихқа құрмет, болашаққа сенім.
Үндеу
Жаса, жайна, ару қалам — Астана!