Кері байланыс қағидаттарының орындалуын талдау

ЭКСПО–2017: «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы сыныптан тыс шара

Бұл материал «ЭКСПО–2017: Болашақ энергиясы» тақырыбындағы сыныптан тыс шараны жоспарлауға арналған. Мазмұны оқушыларды халықаралық көрменің маңызымен таныстыруға, энергетика тақырыбын кеңінен талқылауға және кері байланыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Оқушыларға қойылатын мақсат

Техникалық жетістіктерді назарға салатын халықаралық көрме туралы мәліметтер негізінде ЭКСПО–2017-нің мемлекеттік маңызын, сондай-ақ болашаққа берер мүмкіндігін түсіндіру.

Оқушыларға қойылатын міндеттер

  1. ЭКСПО–2017 аясындағы ғылым, технология және мәдениет салаларында әртүрлі қуат көздерін оңтайландыруға қатысты зерттеулер мен жетістіктерді, қоғамдастықтардың функционалдық тәсілдерін таныстыру.
  2. «Болашақ энергиясы» жобасының тұрақты қуат көздерін дамытуға бағытталған нақты мақсаттарын түсіндіру.

Мұғалімдерге қойылатын мақсат пен міндеттер

Мақсат: білім беру үдерісін жаңа сапалы деңгейге көтерудегі кері байланыстың әсерін көрсету.

Міндеттер:

  1. Өзара кері байланыс беруге және қабылдауға ерекше көңіл бөлу.
  2. Кері байланыс қағидаттарының орындалуын талдау.

Ереже

  1. Сыныптан тыс шараға үш команда қатысады. Әр команда өзіне сәйкес төсбелгіні таңдайды.
  2. Бірінші тапсырма: әр команда берілген үй тапсырмасы бойынша механикалық энергия, потенциялық энергия, кинетикалық энергия тақырыптарының бірін қорғап шығады.
  3. Екінші тапсырма: әр қатысушы эссеге дайындалып келеді. Эссе тақырыбы: «ЭКСПО – менің арманым!» немесе осы тақырыпқа жақын еркін тақырып. Эссе шара барысында жазылады.
  4. Үшінші тапсырма: әр команда басқа команданы Қазақстанда өтетін ЭКСПО–2017 көрмесіне шақыруға арналған шақыру қағазын дайындап, таныстырады (командалар алдын ала бөлінеді).

Шараның барысы: мұғалімнің слайд арқылы таныстыруы

№1 слайд: ЭКСПО дегеніміз не?

ЭКСПО — индустрияландырудың символы, техникалық жетістіктер мен технологияларды көпшілік назарына ұсынатын халықаралық көрме. ЭКСПО көрмелерінде әлем мемлекеттері өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетіп, жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің озық елдері қатарынан көрінуге бағытталған көптеген белестерді бағындырды. Экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асырып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатынымызды дәлелдедік. ЕҚЫҰ саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы сияқты жиындар ел беделін арттырып, даму бағытын айқындауға ықпал етті.

№2 слайд: Энергия ұғымы және оның қоғамдағы орны

Энергия — адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасайтын және оны ынталандыратын негізгі табиғи қайнар көздердің бірі. Энергия қоғамның тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етіп, әлем мен адамзатқа тікелей қатысты маңызды сұрақтарды туындатады.

Қоғамның энергия көздеріне қолжетімділігі олардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық тұрғыдан тұрақты дамуын тікелей айқындайды. Әртүрлі қуат көздерін оңтайландыруға бағытталған ғылыми зерттеулер мен технологиялық жетістіктер қоғамдастықтардың тиімді тәсілдерін анықтап, энергетиканың тұрақты даму болашағын қалыптастырады.

№3 слайд: ЭКСПО–2017 және «Болашақ энергиясы»

Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өткен ЭКСПО–2017 көрмесі кең ауқымды, барлығын қамтитын жоба ретінде ойластырылды. Көрме тақырыбы — қоғамдастықтардың өмір сүруін айқындайтын және адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін фактор ретінде энергияны жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.

№4 слайд: Тұрақты даму контекстіндегі «Болашақ энергиясы»

«Болашақ энергиясы» — қазіргі заманның өзекті мәселелерін және болашақ шешімдерді болжауға қатысты міндеттерді талқылауға жетелейтін кең тақырып. Жоба идеясы тұрақты даму ұстанымдарына негізделеді: экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктерді, мәдени әр алуандылықты, сондай-ақ адам денсаулығына қолайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған үдерістерді қамтиды.

№5 слайд: Жобаның нақты мақсаттары

  • Тұрақты қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегиялар, бағдарламалар мен технологияларды зерттеу.
  • Қуатпен жабдықтаудың сенімділігі мен тиімділігін арттыру.
  • Қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдануды ынталандыру.
  • Қуатты үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және энергияны тиімді пайдалану тәжірибесін көрсету.
  • Энергетикалық қорларды ұтымды пайдалануға қоғамның белсенді қатысу қажеттігін түсіндіру.

№6 слайд: Идеяның өзегі

«Болашақ энергиясы» атауы энергияны жақын болашақта пайдаланудың ең озық тәсілдерін қабылдау, енгізу және қолдану идеясын білдіреді. Бұл — тұрақты дамудың ажырамас шарты. Сондай-ақ жоба қоғам назарын адамзаттың ортақ мұрасы болып табылатын қуат қорларын жауапты әрі тиімді пайдалану қажеттілігіне аударуды мақсат етеді.

№7 слайд: Түйінді ұғымдар

Әлеуметтік-экономикалық бағыт

  • Қалпына келтірілетін қуат көздерін және баламалы энергия түрлерін пайдалануға ынталандыру.
  • Энергия тұтынудың тиімділігі және ұтымды пайдалану.
  • Көлікті электрлендіру.
  • Экологиялық таза энергияға көпшіліктің қолжетімділігі.
  • Энергиямен қамтамасыз етілу.
  • Энергия мен материяның, тіршілік пен адамның өзара ажырамастығы.

Қоршаған орта бағыты

  • Қазбалы қуат көздерінің шектеулілігі және қоршаған ортаны қатты ластауы.
  • Жаһандық жылыну және климаттың өзгеруі.
  • Қоршаған ортаның ластануы және денсаулыққа төнетін қауіп.
  • Қазбалы жанармайды пайдалануды азайту және көмірқышқыл газы шығарылымын төмендету.

Тапсырмалар және бағалау өлшемдері

I. Бірінші тапсырма: тақырыптық қорғау

Әр команда өзіне берілген тақырып бойынша таныстырылым жасап, қорғау жұмысын жүргізеді: механикалық, потенциялық немесе кинетикалық энергия.

Критерийлер

  1. Таныстырылым тақырыптан ауытқымайды.
  2. Шығармашылық ізденіспен орындалып, көрнекілік құралдарымен қамтылған.
  3. Барлық топ мүшелері қатысады.

Кері байланыс

Мұғалім мен оқушылар арасында ауызша кері байланыс беріледі.

II. Екінші тапсырма: эссе жазу

Эссе тақырыбы: «ЭКСПО – менің арманым!» немесе осыған жақын еркін тақырып. Эссе шара барысында жазылады.

Критерийлер

  • Берілген тақырыптағы негізгі ойды нақты анықтайды (не туралы?).
  • Мәселені тұжырымдап, ұсынылған дәлелдерді талдап, ой қорыту жасайды.
  • Тілдік құралдарды орынды қолданады: салыстыру, эпитет, метафора, риторикалық сұрақ, тірек сөздер мен тірек сөйлемдер.
  • Жалпы қорытынды жасай алады.

Кері байланыс

Оқушылар арасында және топтар арасында ауызша кері байланыс ұйымдастырылады.

III. Үшінші тапсырма: шақыру қағазын таныстыру

Әр команда басқа команданы ЭКСПО–2017 көрмесіне шақыратын шақыру қағазын дайындап, оны тартымды түрде таныстырады. Қажетті материалдар компьютерде алдын ала әзірленеді.

Критерийлер

  1. Жағдаяттан ұтымды шығады.
  2. Шақыру билетін тартымды түрде таныстырады.
  3. Шақыру рәсімі мазмұнды әрі әсерлі орындалады.

Кері байланыс

Қонақтар мен оқушылар арасында ауызша кері байланыс беріледі.

Рефлексия: сауалнама

Шара соңында оқушылар қысқа сауалнама арқылы өз жұмысын және сабақтың тиімділігін бағалайды.

Сабақта мен...

Белсенді / белсенді емес

Сабақта мен өз жұмысыма...

Риза / риза емес

Сабақ мен үшін...

Ұзақ / қысқа

Сабақта мен...

Шаршадым / шаршаған жоқпын

Менің көңіл күйім...

Жақсы / жаман

Сабақ материалы маған...

Түсінікті / түсінікті емес

Қажетті / қажетсіз

Қызықты / іш пыстырарлық

Үй тапсырмасы мен үшін...

Оңай / ауыр; қызықты / қызықты емес