Ақбілек қандай қыз

Пікірталас Ролдік ойын Әдеби талдау

«Ақбілек» романы — ұлт тағдыры

Мақсаты

  • Оқушыларды өзіндік ізденіске бағыттау, жазушы туралы білімін тереңдету.
  • Шығармаларымен таныстырып, пікірін ашық айтуға, сөйлесу дағдысын дамытуға үйрету.
  • Көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, талдау арқылы адамгершілікке, достыққа, адалдыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Слайдтар мен тұсаукесер
  • Көрініс (сахналық үзінді)
  • Қосымша материалдар

Өткізу форматы

Ұйымдастыру түрі: пікірталас

Әдістер: пікірталас, ролдік ойын

Іс-шара жоспары

  1. 1 Баяндама
  2. 2 Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы туралы тұсаукесер
  3. 3 «Ақбілек» романы — ұлт тағдыры» тақырыбындағы оқушылар пікірталасы
  4. 4 Қорытынды

Кіріспе: жүргізушілер сөзі

Тоғжан

Қайырлы күн, құрметті көрермен! Сөз бастайын термелейтін өлеңмен: Тәрбиелі, білімді боп әрқашан,
Өс, өркенде, қанат жайып кемелден!

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай «Ақбілек» романы бойынша «Ақбілек» романы — ұлт тағдыры» атты пікірталас іс-шарасына қош келдіңіздер!

Баяндама

Оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатындағы баяндаманы мектеп кітапханашысы Жүкенова Салтанат Рахимбекқызы ұсынады.

Лаура

Бүгінгі «Ақбілек» романы — ұлт тағдыры» атты пікірталасымыздың кіріспе сөзін мектеп кітапхана меңгерушісі Әбішева Сәуле Ибрагимқызына береміз.

Сәуле Ибрагимқызы

Құрметті қонақтар және оқушылар, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы — ұлт мәдениетінің қастерлі мұрасы, қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі. Бүгінгі іс-шараның мақсаты — оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, Аймауытов туралы білімді толықтыру және «Ақбілек» романы туралы ой-пікірді анықтау. Романды оқып шыққан әрқайсыңыз өз көзқарасыңызды ортаға саласыздар деп сенемін. Ендеше, сөз кезегі өздеріңізде.

Жүсіпбек Аймауытов: өмірі мен мұрасы

Тоғжан

Жүсіпбек Аймауытов (1889–1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туған жері — Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрынғы Қызылту, қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.

Ерасыл

Жүсіпбек жастайынан арабша хат танып, оқуға үйренеді. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектепте, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде және екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.

Қымбат

1911–1914 жылдары ауылда мұғалім болады. 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, оны 1918 жылы тәмамдайды. Кейін Алаш қозғалысына қатысты жұмыстарға араласып, Семейде «Абай» журналын шығаруға атсалысады, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады.

Аяулым

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы мұра қалдырды. Бес томдық жинағына өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия–Шәрбану», «Шернияз» пьесалары, көптеген әңгімелері, «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.

Мадияр

Аймауытов мұрасының әрқайсысы — оның кесек дарын иесі, гуманист суреткер, тайсалмас ұлтжанды тұлға екенінің айғағы. Шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік сұранысына жауап беріп, қоғамның ақ пен қарасын таразылауға бағытталған. Сонымен бірге көркемдік қуаты, идеялық сонылығы, тіл шеберлігі оның туындыларының өміршеңдігін айқындайды.

Ақбота

1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде «ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден соң 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылады.

«Ақбілек» романы: көркемдік биік және ұлттық мазмұн

Тоғжан

«Ақбілек» — қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы реалистік прозаның ірі үлгілерінің бірі. Реалистік роман ұстанымдарын қазақ тілінде алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі — Жүсіпбек Аймауытов.

Лаура

«Ақбілек» романы — Аймауытов шығармашылығының биік шыңы. Жазылғанына талай уақыт өтсе де, роман бүгін ғана дүниеге келгендей әсер қалдырады. Сыңғырлаған күмістей таза, шебер тіл оқырманды бірден баурап әкетеді. Жазушы стиль мен композицияға, бейне жасауға, мінез даралауға ерекше мән береді; Еуропа және орыс әдебиетіндегі дәстүрлерді еркін пайдаланып, өз талантының биік қырын танытады.

Роман өзегіндегі басты ой: қазақ қызының тағдыры қоғаммен, уақыттың қатал шындығымен тікелей байланыста.

Сахналық көрініс: романдағы қасіретті кезеңнің басталуы

Оқушылар романдағы оқиға желісі бойынша көрініс ұсынды. Төменде мәтін ықшамдалып, сахналық нұсқада берілді.

Көрініс (үзінді)

Автор: Ақбілектің ауылы жайлауға көшіп келеді. Киіз үй тігіліп жатыр. Ақбілек құрбысымен таза ауа жұтып жүр.

Ақбілек: Көзім тартып тұрғаны несі?

Құрбысы: Жай тартып тұрғаны да… Қуанарсың қай көзің?

Ақбілек: Қуанар ем… Сол көзім…

Автор: Күн батып келеді. Мамырбай үйінде отбасымен шай ішіп отыр. Кенеттен төрт салт атты (орыстар) келіп қалады.

Орыс: Ах, сволочь! Тап атты!

Адам: Төре… тақсыр… аясаңшы, бейуаз едік қой…

Автор: Малай жүгіріп келеді.

Малай: Келіп қалды!

Мамырбай: Кім?!

Малай: Өңшең орыстар!

Мамырбай: Жинал! Ұмтыл! Тығыл! Қаш!

Көрініс (жалғасы)

Автор: Бәйбіше Ақбілекті үңгірге тығып қояды.

Бәйбіше: Тырп етпей жат!

Ақбілек: Апатай, қорқам…

Автор: Орыс бәйбішені көріп, сұраққа алады.

Орыс: Қайдан келесің?

Автор: Орыс қамшымен ұрып жібереді. Бәйбіше құлайды.

Орыс: Қызың қайда? Тап қызды!

Бәйбіше: Қызым жоқ…

Орыс: Өзім табам!

Автор: Кеш бата Ақбілек үңгірде жылап отыр. Қадам дауысы естіледі…

Ақбілек: Ағатай-ай!

Адам (сыбырлап): Ақбілекпісің?

Ақбілек: Мен едім… құтқар, ағатай!

Автор: Бірақ әлгі адам орыстарға Ақбілектің тығылған жерін айтып қояды. Орыстар қызды үңгірден суырып алады.

Орыс: Ә, вот қайдасың!

Ақбілек: Апатай!

Автор: Бәйбіше қызын құшақтайды, арпалыс басталады. Ақыры бәйбіше атылып, Ақбілек есінен танып қалады. Орыстар қызды алып кетеді.

Түйін

Бұл көрініс қазақ қызы Ақбілектің өміріндегі ең ауыр кезеңнің басталғанын аңғартады. Жазушы осы арқылы әйел тағдыры мен қоғамдық шындықтың байланысын, ұлттың рухани жарасын көркемдікпен көрсетеді.

Пікірталас: сұрақ-жауап арқылы талдау

Талқылауға кіріспе

Тоғжан: Біз «Ақбілек» романын сынып болып оқып шықтық. Енді әркім түйген ойымен бөліседі.

Лаура: Оқырмандардың ой-пікіріне кезек береміз.

Сәуле Ибрагимқызының сұрақтары

Оқушылардың кітапханаға келіп, романды қызыға оқығаны қуантады. Енді сұрақ-жауап арқылы пікір алмасайық:

  1. 1. Романдағы оқиға қай кезеңде бейнеленген?
  2. 2. Ақбілектің «көзінің тартуы» нені аңғартады?
  3. 3. Шұбап келген төрт атты кімдер болып шықты?
  4. 4. Салт аттылардың бірден Мамырбай үйіне келуі нені аңғартады?
  5. 5. Ақбілек тығылып жатқанда қандай күй кешті?
  6. 6. Ананың балаға деген махаббаты қай оқиғамен айқын көрінді?
  7. 7. Ақбілектің үңгірде екенін кім білді?
  8. 8. Қара мұрт қандай адам?
  9. 9. Бекболаттың сүйген қызынан бас тартуына көзқарасың қандай?
  10. 10. Әкесінің қызын үйден қуып жіберуі дұрыс па?
  11. 11. Жеңгесі қандай адам? Оның жасаған жақсылығы неден көрінеді?
  12. 12. Болған оқиғаға Ақбілек кінәлі ме? Ақбілек қандай қыз?
  13. 13. Роман ұнады ма? Қай тұсы ерекше әсер етті?
  14. 14. Неліктен тақырыбымыз «Ақбілек» романы — ұлт тағдыры» деп алынды?

Түйін: «Ақбілек» — қазақ қыздарының тағдыры сол кездегі қоғаммен тікелей сабақтас екенін танытатын шығарма.

Талқылау өзегі: Мамырбайдың Ақбілекті үйден қуып жіберуі — ескі таным, қоғамдық қысым, намыс ұғымының трагедиялық тоғысы.

Қорытынды пікірлер

Лаура

Жүсіпбек Аймауытов бұл шығармада кейіпкерлердің азаматтық болмысын, адамгершілік позициясын, рухани тазалығын психологиялық тұрғыда терең ашады. Типтік бейнелерді шынайы қалыпта, бояуын қанықтыра сомдайды.

Тоғжан

Шығармадан мейірім есіп тұрады. Тілі жатық, жеңіл, жүрдек оқылады. Оқиғаның жүгі ауыр болса да, оқырманды қажытпай, ойды дәл жеткізеді.

Ортақ ой

Аймауытов — кейіпкер табиғатынан тазалық іздеген жазушы. Оның туындыларындағы нәзік лиризм — тазалыққа, әділетке, адамдыққа аңсаудан туған жылы ағыс. Бүгінгі талқылауда сол ағыстың өзегін сезінуге талпындық.

«Ақбілек» — жеке тағдыр ғана емес, ұлттың рухани ахуалы мен тарихи жарасын танытатын шығарма.

Ұсыныс

Мектеп оқушыларына көркем әдебиетті көбірек насихаттап, кітап оқуға тарту; оқырман талқылауы, пікірталас, сахналық қойылым сияқты түрлі іс-шараларды жүйелі түрде өткізу.

Іс-шара: «Ақбілек» романы — ұлт тағдыры»

Қоштасу сөзі: «Қош сау болыңыздар!»