Бар баланың тақпағы
Сабақтың тақырыбы
Ана – аса қымбатты жан
Мақсаты
Балалардың өз аналарына және барша адамзат анасына деген сүйіспеншілігін ояту. Ананың еңбегін ақтап, ардақтап, құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Суреттер, шарлар, проектор, слайдтар.
Форматы
Құттықтау, өлең оқу, хор, би, «Көктем аруы» сайысы, сыйлық табыстау, қорытынды марапаттау.
Мерекелік құттықтау
Мұғалім: Құрметті аналар, әжелер! Сіздерді әйел жанына жарасқан тамаша көктем мерекесі – 8 Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі сынып сағатымызға қош келдіңіздер!
Кеш жүргізушілері
Рахметов Наби, Темірбай Нұрай, Нүркен Әділкерей, Құрманғалиева Самал.
Ана туралы жүрекжарды сөз
Нұрай
Алғашқы көктем мерекесінің жер бетіне өмір сыйлаушы нәзік, ақылды, сымбатты, мейірімді жандарға арналуы қандай ғажап!
Наби
Әлемдегі ең асыл жан – Ана. Бұл сөз жүрегімізде сүйікті жанға деген махаббат сезімін оятады.
Самал
Бала тілі шыққаннан-ақ алғашқы сөзін «ана» деп айтады. Өмір есігін ашқанда, ең алдымен жан анаңды танисың.
Әділкерей
«АНА» деген үш әріптің аясында адамзатқа қуаныш сыйлар қаншама қасиет бар десеңізші!
Төрт жолға сыйған мейірім
Нұрай: Ару – ана
Наби: Ару – асыл жар
Самал: Ару – көңілдің гүлі
Әділкерей: Ару – өмірдің жыры
Олай болса, бүгінгі аналарға, қыздарға арналған «Ана – аса қымбат жан» кешімізге қош келдіңіздер!
Балалар:
Құттықтаймыз, анашым, 8 Наурызбен!
Көркем бөлім
Кештің ашылуы
Әділкерей: Той пердесін ашайық, Тойға шашу шашайық. Аналарды құрметтеп, Ән маржанын шашайық.
Хор орындалады.
Өлеңдер
Наби: Ақ анашым, аппағым, Өзің жайлы тақпағым. Арналады сіздерге Бар баланың тақпағы.
Балалардың тақпақтары айтылады (Асылхан, Мирас, Мұхаммед).
Би
Самал: Барша аналарға арналған биді Ильяс орындайды.
«Көктем аруы» сайысы
Кіріспе
Әділкерей: Қыздар, қыздар, қыздар-ай, Қыр төсінен гүл терсе жан жарасып. Самал тербеп көк майса құлпырады, Табиғаттың тұрғандай нұры тасып.
Бүгінгі сыныбымыздың қыздары арасында өтетін «Көктем аруы» атты сайысқа қош келдіңіздер!
Нұрай: Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Жанары жаны жаздай жайраңдаған. Қыз өссе – елдің көркі деген сөзді Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.
Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. «Қызыл гүл», «қарақат көз», «алма мойын» секілді теңеулердің бәрі – ару қыздарымызға айтылған сұлулық сипаттары.
Қатысушыларды таныстыру (үлгі мәтін)
Төмендегі жолдардағы бос орындарға қатысушылардың есімдері енгізіледі.
Әділкерей: Жақсы адам кімге болсын болар пана, Мол оның тал бойында ақыл, сана. Көркіне ақылы сай келетін, Сыныптас дос, __________ де ортамызда!
Наби: Көрікті де, сымбатты, __________ – біздің әдемі. Намысын қорғап бүгінде, Қыз сынына келіпті.
Самал: __________ – біздің өнерлі, Көңілді өмір сүреді. Қыз сынындай сайысқа, Алып келді өнерін.
Нұрай: Өнер қуған жасынан, Өнері судай тасыған. Келесі бізде __________, Көрінген күштің басынан.
Әділкерей: Сабырлы әрі салмақты, Өзі өнерлі, жан-жақты. Ортада __________ қыз, Жарысты бүгін жалғапты.
Тәрбиелік өзек
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сондықтан ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жас ұрпақтың бойына сіңіріп өсіру – басты мақсат. Осы тәрбие сағатына дайындық барысында қыздарымыз көп оқып, өз білімдерін көрсетеді деп сенеміз.
Әділқазы алқасы
- 1) __________________
- 2) __________________
- 3) __________________
- 4) __________________
Сайыс кезеңдері
-
1-кезең: «Сәлем – сөздің атасы»
Әр ару өзін таныстырады. -
2-кезең: «Өнерлі өрге жүзер»
Әр қатысушы өнер көрсетеді (ән, би, мәнерлеп оқу, қолөнер және т.б.). -
3-кезең: «Білімді мыңды жығар»
Сұрақ-жауап кезеңі. -
4-кезең: «Он саусағынан өнер тамған»
Үйден әзірлеп әкелген қолөнер, сондай-ақ қолдан жасалған салаттарды таныстыру және бағалау. -
5-кезең: «Сәндік өнер»
Сән үлгісін көрсету.
3-кезең: Сұрақ-жауап үлгілері
Әр қатысушыға үш сұрақтан қойылады.
- Күй анасы кім?
- Екі аяғымен түрегеп тұрған адамның салмағы 50 кг болса, бір аяғымен тұрғандағы салмағы неше кг?
- Қазақ қыздарының бұрымына тағатын әшекей қалай аталады?
- Адамның екі қолында барлығы неше саусақ бар?
- Ана туралы қандай мақал-мәтелдерді білесің?
- 3 жұмыртқа 5 минутта піссе, 5 жұмыртқа неше минутта піседі?
- Халқымыздың батыр қыздарын ата.
- Алманың жартысы неге ұқсайды?
- Наурыз көже қанша түрлі тағамнан дайындалады?
- Үстелдің 4 бұрышы бар. Егер бір бұрышын кесіп тастаса, неше бұрыш қалады?
Қорытынды және марапаттау
Номинациялар
- 1) Көктем аруы
- 2) Инабатты ару
- 3) Өнерлі ару
- 4) Сымбатты ару
- 5) Ақылды ару
Сыйлық табыстау
Мұғалім: Мерекені қарсы алып, мәз болғанда барша жұрт, гүл ұсынып қыздарға, сыйлық бердім мен өзім, – деп бүгін қыздарға арналған сыйлығымызды табыс етуге рұқсат етіңіздер.
Ұлдар қыздарға сыйлықтарын табыс етеді.
Аналарға алғыс
Мұғалім: Бөбегіңнің сыйлығын, Қабыл алшы, анашым. Ұзақ өмір, жүз жасап, Ауырмашы, анашым.
Бәріміздің де анамыз бар, әжеміз бар, әпкеміз бар, қарындастарымыз бар. Жылына бір рет келетін осы аналар мерекесінде қандай сыйлық жасасақ та жарасады. Өйткені бізді өмірге алып келген, бізге әлемнің жарығын сыйлаған – анамыз.
Ендеше әр оқушы өз қолымен дайындаған сыйлығын аналарына табыс етсін.
Кештің жабылуы
Аналар, қалқып бақыт аралында, Лайым мұң қонбасын жанарыңа. Осымен кешімізді аяқтайық, Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңа.
Бүгінгі «Ана – аса қымбат жан» атты кешіміз жабық деп жарияланады.