Соқты қардан аққала
Ұйымдастырылған оқу қызметі: «Көңілді қыс»
Бұл жоспар «Тіл дамыту» бөлімі аясында, «Қатынас» білім беру саласына арналған. Мақсаты — балалардың қыс мезгілі туралы түсінігін кеңейту, қысқа тән ерекшеліктерді ажырата білуге және өз ойын толық жеткізуге үйрету. Сонымен қатар қысқы ойындарға қажетті құралдарды атау, табиғатты аялауға, әсемдікті сезініп, көре білуге тәрбиелеу.
Бөлімі
Тіл дамыту
Білім беру саласы
Қатынас
Тақырыбы
Көңілді қыс
Мақсаттары
- Қыс мезгілі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктерін ажыратуға үйрету.
- Өз ойын толық, анық жеткізе білу дағдысын дамыту.
- Қысқы ойындарға қажетті құралдарды атау (шаңғы, коньки, шана және т.б.).
- Табиғатты аялауға, әсемдікті сезініп, көре білуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Әңгімелесу, түсіндіру, сұрақ-жауап, көрсету, ғажайып сәт, ойын, сергіту сәті.
Көрнекіліктер
Мазмұнды суреттер, аққала макеті, ойынға қажетті заттар.
Сабақтың барысы
Жылулық шеңбері
Тәрбиеші: «Балалар, күн суық болса да, біздің жүрегіміз жылы. Жылуымызды жан-жағымызға таратып, шеңбер құрып, қонақтарымызбен амандасайық».
Мейірімділік — жүректен,
Ақ пейіл — ізгі тілектен.
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық.
Келіп қалған қонақтарды
Қуанып қарсы алайық.
Кіріспе әңгіме: өлең арқылы тақырыпты табу
Тәрбиеші өлең оқиды:
Шанамен зырғып желетін,
Коньки, шаңғы тебетін,
Аққала жасап ойнайтын —
Бұл қай мезгіл, балалар?
Балалар: «Қыс мезгілі».
Қыс мезгілінің белгілері және қимыл-қозғалыс
Сұрақ: Қыстың белгілерін атайық.
Жауап: Қар жауады, аяз болады, боран соғады.
Қимылмен көрсету
- Боран: қолды жоғары көтеріп, гуілдеген дыбыс шығару.
- Аяз: қолды қусырып, аяқпен топырлату.
- Күн шыққанда: «Алақай!» деп қол көтеру.
Қыс айлары
Балалар: «Желтоқсан, қаңтар, ақпан».
Желтоқсан
Жылдың аяғы, қыстың басы. Суық, ызғарлы кезең.
Қаңтар
Жыл басы, қыстың ортасы. Ең қарлы ай; үскірік аяз жиі болады.
Ақпан
Жел мен боран жиілейтін, мінезі қаталдау ай.
Қыста киінетін киімдер
Тәрбиеші: «Тоңбас үшін қандай киім киеміз? Қимылмен көрсетейік».
Қысқы ойындар және таза ауа
Балалар қыс мезгілінде қар лақтырып ойнайды, аққала жасайды, шанамен сырғанайды, шаңғы мен коньки тебеді. Тәрбиеші балаларға қыста ауаның таза болатынын, сондықтан денсаулықты нығайту үшін таза ауада белсенді ойнаудың маңызды екенін түсіндіреді.
Қысқы мерекелер
Балалар: «Жаңа жыл».
Тәрбиеші: «Дұрыс. Сонымен қатар 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні, 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні атап өтіледі».
Зерттеу сәті: аққала және қар
Сұрақ-жауап
- Аққала неден жасалады? — Қардан.
- Қардың түсі қандай? — Ақ.
- Қар мұздай ма, жылы ма? — Мұздай.
- Аққала неше бөліктен тұрады? — Үш бөліктен.
- Пішіндері қандай? — Дөңгелек.
Тәжірибе
«Қарды қолмен ұстап көрейік» — балалар қардың суық екенін сезінеді, бақылау арқылы қорытынды жасайды.
Ғажайып сәт: Аққаланың келуі
Аққала: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендермен ойнауға және өнерлеріңді тамашалауға келдім. Сандықшамда сендерге арналған сыйлықтар бар».
Тәрбиеші: «Кел, төрлет! Біз дәл сен туралы айтып отырған едік».
Ойын: «Қар жинау»
Шарты: «Қар ерімей тұрып, шелектің ішіне мүмкіндігінше жылдам жинау».
Аққаланың тапсырмалары
1-тапсырма: Қыс мезгілі ұнай ма?
Ұнайтын жақтары
- Жаңа жыл мерекесі.
- Шаңғы, коньки тебу.
- Шанамен сырғанау.
- Қар жаууы, қар лақтырып ойнау.
- Аққала жасау.
Ұнамайтын жақтары
- Қатты аяз.
- Суық жел.
- Боран.
Сергіту сәті
Шынығамыз бәріміз,
Иіліп-бүгіліп денеміз.
Хоккейді де ойнаймыз,
Шаңғыны да тебеміз.
Әрлі-берлі жол салып,
Қар лақтырып ойнаймыз.
Қорықпаймыз аяздан,
Спортшы болып шынығамыз.
2-тапсырма: Қыс туралы тақпақтар
Ақниет
Қыс мезгілі — көңілді.
Айсан
Қар жауғанда топ бала,
Аспаннан ақ қар төгілді.
Соқты қардан аққала.
Шанамен біз ойнаймыз,
Шаңғы теуіп сырлаймыз.
Барысхан
Далада қар борайды,
Ақ мамыққа орайды.
Мұз болады, қатады,
Жып-жылтыр боп жатады.
Қанат
Ауыл сырты — биік жар,
Бізді күтіп тұр қарап.
Биік жарға шығып ап,
Жөнелеміз сырғанап.
Ойын: «Аққала құрастыру»
Балалар бөлшектерді сәйкестендіріп, аққаланың суретін құрастырады.
Шығармашылық таныстыру
Балалар ата-аналарымен бірге салып келген суреттерін қонақтарға және аққалаға таныстырады.
Қорытынды және қоштасу
Қорытынды сұрақтар: Бүгін жылдың қай мезгілі туралы әңгімелестік? Қонаққа кім келді? Сабақ ұнады ма?
Балалар: «Қыс мезгілі». «Аққала». «Иә».
«Жүректен — жүрекке»
Балдай тәтті баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Ойынменен өседі,
Ойымыз бен санамыз.
Қол ұстассақ бәріміз,
Жарасады сәніміз.
Көріскенше күн жақсы,
Сау болыңыз бәріңіз!
Мәлімет
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, «Достық» балабақшасының тәрбиешісі — А. Длжанова.