Сергіту сәті Мейірімді жүрек жүректі жұбату
Атырау облысы · Қызылқоға ауданы · Қаракөл ауылы
Қаракөл орта мектебі, «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі: Суатова Тоғжан Болатовна
Сынып: 2-сынып
Тақырып: Жүрек жылуы
Сабақтың негізгі идеясы — баланың жүрегіндегі мейірім мен қайырымдылықты оятып, оны іс-әрекет арқылы көрсетуге үйрету. Жылы сөз бен жақсы ниет адамның көңілін көтеріп, өзара түсіністік пен адамгершілікке жетелейді.
Мақсаты
Қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Мейірімділік пен қайырымдылық туралы түсініктерін тереңдету.
- Қамқорлық жасауға жетелеу.
- Мейірімділікке тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Интерактивті тақта, плакаттар, бояулар, шар, жүрекшелер, дәптер, оқулық, тауық пен балапандардың суреті.
Шаттық шеңбері
Ж. Әділжанқызы
Жан-жағына нұр шашып, Арайлап жарқын таң атса, Жер бетінде жайқалып, Көгеріп өссе көк майса, Жүрегім жыли бастайды. Оралғанда сапардан Алдымнан жақын жан шықса, Кездескенде достарым Құшағын маған кең ашса, Жүрегім жыли бастайды.
Әңгімелесу
Балалардың сезімін оятып, өмірмен байланыстыра сөйлету үшін төмендегі сұрақтар ұсынылады:
- Үлкендер еркелеткенде өздеріңді қалай сезінесіңдер?
- Жақсы көретін адамдарға қандай тілек айтқың келеді?
- Басқаларға жақсылық жасаған кездерің болды ма?
Мәтінмен жұмыс
В. Осеева — «Жай ғана әжей»
Дәйексөз
«Табиғаттағы барлық жылу — күннен. Өмірдегі барлық жылу — адамнан»
М. Пришвин
Қайырымды іс оған мұқтаж адамның жанын жұбатады. Ал өзің біреуге жақсылық жасағанда көңілің көтеріліп, жаның жай тауып, қуаныш сезінесің. Сенің игі ісіңе жақындарың, достарың, айналаң да қуанады. Әрбір адамның жүрегінде осындай жылу болса, бір-бірімізге қайырымдылық танытсақ, әлемде қуаныш пен бақыт көбейеді.
Тапсырма
Өздерің жақсы көретін адам туралы қысқаша әңгімелеп беріңдер: ол қандай, сен үшін неліктен қымбат, қандай жақсылығын есіңе аласың?
Ойын-жаттығу: «Көмек»
Қиын сәтте дұрыс шешім қабылдау — мейірімді жүректің белгісі. Төмендегі жағдаяттарды талқылаңдар:
Жағдаят 1
Сен досыңмен көлге шомылуға бардың. Кенет досыңның «Құтқар!» деген дауысын естідің. Сен не істер едің?
Жағдаят 2
Жолда келе жатып, шұңқырға түсіп кеткен балапандарды көрдің. Олар шиқ-шиқ етіп шығуға тырысады, бірақ шамасы келмейді. Мұндайда сен қандай әрекет жасар едің?
Ойлануға сұрақтар
- Әр адамның жүрегі мейірімді әрі қайырымды болуы үшін не істеу керек?
- Жақсы тілектің адам өміріндегі маңызы қандай?
- Достарыңа қандай жақсы тілектер айтар едің?
Жағдаяттарды талдау
1-жағдаят
Бір құшақ газет-журнал көтеріп келе жатқан пошташыны кездестірдің. Қандай көмегің тиеді?
2-жағдаят
Аулаға ролик тебуге шықтың, ал досыңда ролик жоқ. Сен не істейсің?
3-жағдаят
Анаң ас пісіріп жатыр, ал інің мазасызданып кетті. Қандай қамқорлық жасайсың?
Сергіту сәті
Мейірімді жүрек — жүректі жұбату, Жүректі қуанту. 1–2–3–4–5 Күн шығады, күлімдей, Күн сәулесі төгілді, Балалар жүр көңілді. 6–7–8–9–10 Күн қарайды бізге оң, Біз ержетіп, еркелеп, Мектепке келдік көңілді.
Жаңа ақпарат
Мейірімді адам өзге адамдарға, туған-туыстарына және табиғатқа жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетуге әрдайым дайын болады.
Ойланайық, пікірлесейік
- Жақсы көретін жануарларың бар ма?
- Табиғатқа қамқорлық жасаған кездерің болды ма?
Тыныштық сәті
Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа жайлап таралғанын сезініңдер.
Жүрегіміз қайырымдылыққа, мейірімділікке, адамгершілік құндылықтарға толы екенін сезінейік. Енді көзімізді жаймен ашамыз.
Ендеше жүрегіміздің жылуын бізге білім беріп, тәрбиелеп жүрген мұғалімдерімізге арнайық!
Топпен орындау
«Ақылшы ұстазым» өлеңін бірге орындайды.
Дәптермен жұмыс
Суретке қарап, жүрегіңнен шыққан мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық пен жан жылуын кімдерге немесе нелерге арнайтыныңды бос торкөздерге жаз.
Тренинг
- A4 қағазға үлкен етіп жүрек сал.
- Жүректің ішіне гүлдің суретін сал.
- Гүлдің ішіне үйдегі адамдардың есімдерін жаз.
Бұл тапсырма жақындарыңа деген ризашылықты сезінуге және жүректегі жылуды сөзбен жеткізуге көмектеседі.