Қарсылық мәнді салалас және қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемдердің табиғаты
Сабақтың тақырыбы
Қарсылықты бағыныңқы сабақтас. Қарсылық мәнді салалас және қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемдердің табиғаты.
Білімдік мақсат
- Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқысының жасалу жолдарын түсіндіру.
- Өзге сабақтас түрлерінен ажырата білуге дағдыландыру.
- Ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыра отырып таныту.
- Қарсылықты салалас құрмалас пен қарсылықты бағыныңқы сабақтас туралы ұғымдарды меңгерту.
Дамытушылық мақсат
- Қарсылық мәнінің сөйлемдегі және құрмалас сөйлемдегі көрінісін талдап, қорытынды жасау қабілетін дамыту.
- Ұғым қалыптастыру, байымдау жасау, ойлау мен тіл мәдениетін дамыту.
- Зейінін арттыру, өз пікірін дәлелдеп айтуға үйрету.
- Өзін-өзі сыйлау құндылығын нығайту.
Тәрбиелік мақсат
- Өзіндік практикалық әрекет ортасын қалыптастыру.
- Белсенділік пен қызығушылықты арттыру, жұмыс істеу дағдысын жетілдіру.
- Табиғатты сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Баяндау, талдау сабағы.
Әдіс-тәсілдер
Іздену, ой қозғау, компьютермен жұмыс, сұрақ-жауап, салыстыру, оқулықпен жұмыс, тест.
Көрнекілік
Тақта, компьютер, сызбалар.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың оқу құралдарын түгендеу, сабақта жоқ оқушыларды белгілеу.
- Оқушылардың ынта-зейінін сабаққа бағыттау.
- Тақтаға күннің атын және сабақтың тақырыбын жазу.
- Оқушыларды 2 топқа бөлу.
- Стратегиялық сызбаларды оқушыларға тарату.
II. Үй тапсырмасын сұрау
1) Өткенді еске түсіру
Құрмалас сөйлем, салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдердің ерекшеліктері мен айырмашылықтарын өзектендіру үшін төмендегі сөйлемдерді талдату:
«Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ.»
«Ол осыны айтқанда, патшаның төңірегіндегілердің бір тобы уәзірдің арашаға түсуін қолдапты.»
«Көптеген ғалымдар тіл мен ойлаудың өзара қарым-қатынасы туралы мәселені шешуге тырысқанымен, оны дұрыс шеше алмады.»
2) «Топтастыру» стратегиясы
Оқушылар құрмалас сөйлем туралы білетін ұғымдарын жазады.
3) Жүйелеу және саралау
Жазылған ұғымдарды жинақтап, жүйелеу. Одан кейін өздеріне таныс емес сабақтас түрлерінің астын сызу.
III. Жаңа сабақты түсіндіру және дағдыландыру
Адам өмірдегі құбылыстарды танып, оны тіл арқылы жеткізгенде ойды қарсы қойып айтуға, яғни қарама-қарсы нәрселердің бір тұтастықта көрінуіне мән береді. Қарама-қарсы құбылыстар мен іс-әрекеттерді қатар беруде құрмалас сөйлемнің қызметі ерекше: бір сөйлем ішінде әрекеттің қарама-қарсы екі түрі қатар танылады.
Қарсылық мағына салаласа байланысқан құрмалас сөйлемде де, сабақтаса байланысқан құрмалас сөйлемде де беріледі. Дегенмен, құрмаластың екі түрі болғандықтан, қарсылық мәннің жасалу жолы мен берілу сипаты әртүрлі болады. Ортақ тұсы — екеуінде де бір мағынаның (қарсылықтың) көрініс беруі.
Мағыналық байланыс (сызба)
Ортақ мағына
Қарсылық мағына
Құрмаластың түрі
Қарсылықты салалас құрмалас
Құрмаластың түрі
Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас
Қарсылықты салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері бір-біріне қарама-қарсы мағынада айтылған салаластың түрін қарсылықты салалас деп атаймыз.
Мысал
Ән басылып қалды, бірақ гитара сазы тоқтаған жоқ.
Қарсылықты бағыныңқы сабақтас
Басыңқыдағы іске бағыныңқыда айтылған іс, немесе керісінше, мағыналық тұрғыдан қарама-қарсы қойылса, ондай сабақтастың түрін қарсылықты бағыныңқы сабақтас деп атаймыз.
Мысал
Жетпіс жыл өмір сүрсем де, аз секілді көргенім.
О. Ш.
Оқушыларға өзіндік тапсырма
- Екі ережедегі ортақ белгілерді анықтаңдар.
- Айырмашылықтарын көрсететін тұстарын табыңдар.
- Әр ережеге сәйкес келетін сөйлем құраңдар.
Тұжырым
- Құрмалас сөйлемнің салаласа байланысқан түрі де, сабақтаса байланысқан түрі де қарсылық мағынаны бере алады.
- Дегенмен, қарсылық мағынаны беру тәсілі екі түрде де әрқалай жүзеге асады.
- Бұл айырмашылық салалас пен сабақтастың құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты.
- Оқушыларға тұтас ереже құрастырып шығару тапсырылады.
IV. Жаңа технологиямен жұмыс
I топ — «Кубизм» стратегиясы
- Суретте: қарсылықты бағыныңқы сабақтас туралы жазады.
- Салыстыр: қарсылықты бағыныңқы сабақтасты қарсылықты салаласпен салыстырады.
- Ойыңмен байланыстыр: жасалу жолдарындағы кейбір жұрнақтардың өзге сабақтастарда да кездесетініне мысал келтіріп дәлелдейді.
- Сарала: жасалу жолдарын түсіндіріп, мысал келтіреді.
- Қолдан: қарсылықты бағыныңқы сабақтасқа сөйлем құрастырады.
- Талқыла: жасалу жолдары ұқсас сабақтастарды ажыратудың күрделілігі, мағыналық қатынасқа мұқият қарау қажеттігі айтылады.
II топ — «Ұқсастық пен даралық» стратегиясы
Келесі сабақтас түрлерін салыстыру арқылы ортақ және дара белгілерін анықтайды:
- Мезгіл бағыныңқы сабақтас
- Шартты бағыныңқы сабақтас
- Себеп бағыныңқы сабақтас
- Қарсылықты бағыныңқы сабақтас
Оқулықпен жұмыс (жаттығулар)
I топ
130-жаттығу
Тыныс белгілерін қойып көшіріп жазып, мағыналық түрлеріне ажыратыңдар.
II топ
131-жаттығу
Қарсылықты салаласты сабақтас құрмаласқа айналдырып жазыңдар.
Тест тапсырмалары
Тест тапсырмаларын орындау.
V. Жаңа сабақты бекіту
1) Шығармашылық диктант
Тапсырма: берілген екі бағанға бір жағынан қарсылықты салалас құрмаласты, екінші жағынан сабақтас құрмаласты жазып отырыңдар.
2) Түрлендіру тапсырмасы
Берілген жай сөйлемдерді толықтырып, алдымен қарсылықты салаласқа, кейін қарсылықты бағыныңқы сабақтасқа айналдырыңдар.
Негіз
- Қараңғы түсті.
- Дабыр басылмады…
Оқушылардың білімін бағалау
Оқушылардың жұмысы мен белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.
VI. Үйге тапсырма
- Сабақ мазмұнын дәптерден қайталап келу.
- Оқулықтағы материалды оқып, талдап келу.
- Жаттығуларды орындау.
- Қарсылықты салалас пен қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бір-біріне айналу тәсілін талдап, соған байланысты 4 мысал жазу.
Негізгі ой
Қарсылық мағына — ойды салыстыра, қарсы қоя отырып дәл жеткізудің маңызды тәсілі. Ол салалас құрмаласта да, сабақтас құрмаласта да көрінеді, алайда әрқайсысында жасалу жолы мен мағыналық қатынастың берілуі өзіндік ерекшелікке ие.