Зат есімнің жіктелуі
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сыныбы
- 7
- Пәні
- Қазақ тілі
- Түрі
- Жаңа білім беру
- Әдістері
- Түсіндіру, сұрақ-жауап, салыстыру, жаттығу жұмыстары, талдау, танымдық ойын.
Көрнекілігі
- «Даналық әліппесі»
- Ұлттық нақыштағы оюлы себет
- Түрлі-түсті дөңгелекшелер
- Семантикалық кесте
- Слайдтар
- Киіз үйдің екі шағын макеті
Пәнаралық байланыс
- Әдебиет
- Халықтық педагогика
- Музыка
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Зат есімнің жіктелу жүйесін және жіктік жалғауларының емлесін меңгерту; сөйлеу кезінде жіктік жалғауларын дұрыс қолдана білуге үйрету.
Дамытушылық
Оқушылардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеу дағдысын дамыту.
Тәрбиелік
Тапқырлыққа, еңбекқорлыққа және ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- A Оқушылармен сәлемдесу.
- Ә Кезекшінің мәлімдемесі.
- Б Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Үйге берілген 35 және 36-жаттығулардың орындалуы тексеріледі.
Қосымша сұрақтар
- Қазақ тілінде қанша жалғау бар?
- Қазақ тіліндегі септіктер саны қанша? Атап шығыңыз.
- Септік жалғаулары дегеніміз не?
- Зат есімнің септелуі дегеніміз не?
III. Өткен сабақты қорытындылау
Ертегі-әңгіме
Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, зат есім жерінде, қазақ тілі елінде Септік деген шал болыпты. Елде жұт болып, ашаршылық жайлапты. Бұл ашаршылық Септік шалдың үйіне де келіп жетіпті.
Атау атты ұлы қайтыс болғанда, шал ағашқа аттың қылын керіп, тиегінің орнына қойыпты да үнсіз егіліпті. Ай өткен соң Ілік деген ұлы өлгенде, тағы бір ішек тағып: «Ненің зияны, кімнің көзі тиді екен?» — деп егіледі.
Ай өткен соң Барыс атты ұлы дүниеден өтеді. Сонда шал үшінші ішекті тағып: «Кімге айтып жылайын, неге ғана өлді екен?» — деп жоқтау айтады.
Табыс атты ұлы өлгенде: «Нені айтып, кімді ғана қарғайын?» — дейді. Жатыс атты ұлы да аштықтан өлгенде, ағашқа бесінші ішек тағылып: «Неде, кімде екен себебі?» — деп жылайды.
Шығыс ұлы да қайтыс болады. Алтыншы ішек тағылып: «Неден қайтыс болдың, кімнен сені сұраймын?» — деп егіледі. Көмектес те сол ашаршылықтан қайтыс болғанда: «Кіммен өмір сүрмекпін, немен енді шұғылданамын?» — деп жоқтау айтып, егіліпті.
Содан 7 ішек, 7 тиек тағылып, жетіген аспабы пайда болыпты. Осы аспап арқылы шал мұңын халыққа жеткізген деседі.
Талқылау сұрағы
Оқушылардан ұлттық аспаптардың қандай түрлерін білетіні сұралады.
Музыкалық сәт
Слайдта ұлттық аспаптардың суреттері көрсетіледі. «Даналық әліппесі» арқылы сөйлейтін қаламмен «Балбырауын» күйі тыңдатылады.
IV. Жаңа сабақ
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.
Қазір бізде қазақ тілі сабағы. Ендеше бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: зат есімнің жіктелуі.
Сен «жіктелу» сөзінің мағынасын білесің бе? «Жік-жігімен ажырату», «жік-жікке бөлінді» деген тіркестерді естіп, қолданған шығарсың. Адамдарға қатысты айтылғанда, «жік-жікке бөліну» белгілі бір мақсатқа жету үшін жақ-жаққа бөлініп, әрекет ету дегенді білдіреді.
Ал сөздердің жіктелуі сөйлемдегі сөздердің өзара байланысуына қызмет етеді. Мән беріп, толығырақ танысайық.
Негізгі ой
Жіктік жалғауы да басқа қосымшалар сияқты сөз бен сөзді байланыстырып, қарым-қатынас жасау мүмкіндігін тудырады.
Маңызды ерекшелік
Жіктік жалғауының негізгі қасиеті — оның баяндауышқа тән жалғау екендігі. Сөйлемде баяндауыш қызметін атқарып тұрған зат есімдер де жиі кездеседі.
Ереже бағыты
Жіктеу есімдігі бастауыш болып тұрған сөйлемде баяндауыш болатын сөз бастауышпен бір жақта келіп, тиісті жіктік жалғауын қабылдайды.