Белсенділікті арттыру

Мақсаты мен міндеттері

Бұл тренингтің мақсаты — ұстаздарды жаңашылдыққа бағыттап, инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу арқылы логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін және ой-қиялын дамыту.

Міндеттері — жаңа қоғамдағы адамгершілік пен патриотизм құндылықтарын педагогиканың өзегі ретінде ұстанып, нәтижеге бағытталған білім беру іскерліктерін жетілдіру; мұғалімдердің эмоциялық көңіл күйін көтеру; топпен жұмыс істеу мәдениетін нығайту; кәсіби ынтаны арттыру.

Тренинг ережелері

Ынтымақты орта қалыптастыру үшін төмендегі қағидаларды бірге ұстанамыз:

  1. Белсенділікті арттыру.
  2. Бірігіп жұмыс істеу.
  3. Бір-біріне кедергі келтірмеу.
  4. Өз ойымды ашық айта білуге үйрену.
  5. Өзіме пайдалы тұсты алу.
  6. Әріптестермен жақсы қарым-қатынаста болу.
  7. Өзімді еркін ұстауға үйрену.

Тренер сөзі

Сәлеметсіздер ме, ұлағатты ұстаздар! Бүгінгі кездесу — көңіл күйді көтеріп, өз бойымыздағы шығармашылық қабілетті бағалап, бір-бірімізбен сыйластықта болуға арналған «Мейірімді болса жүрек — орындалар тілек» тренинг сағаты. Баршаңызды ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

I. Сәлемдесу

Қатысушылар шеңбер құрып отырады. Ақырын ғана қол ұстасып, хормен «Сәлеметсіз бе!» деп үш рет айтады (әр ретте дауыс көтеріңкі бола түседі). Үшінші ретте орындарынан тұрып, ұстасқан қолдарын жоғары көтереді.

Сәлемдесу жаттығуы

Мақсаты — қатысушылармен жылы амандасу, топқа энергия беру.

Жаттығу барысы: қатысушыларға шеңбер құрып тұру және 3 топқа бөліну ұсынылады: еуропалықтар, жапондықтар және итальяндықтар. Әр қатысушы шеңбер бойымен жүріп, өз амандасу тәсілімен барлығымен сәлемдеседі: еуропалықтар — қол алысады, жапондықтар — бас иеді, итальяндықтар — құшақтасады.

II. Топқа бөлу

Таңдаған жеміс-жидектеріңізге қарай үш топқа бөлінесіздер: банан, алма, алмұрт.

III. «Суреттегі ой» жаттығуы

Экраннан 3 топқа арналған суреттер көрсетіледі. Әр топ суреттерге байланысты өз ойларын, түсінгенін айтып, ой бөліседі.

1-тапсырма

Ақ қағазға салынған төртбұрыштың ішінде қара нүкте орналасқан.

Тренер талдауы

Ортасында қара нүктесі бар ақ кеңістік — баланың дүниеге келгендегі таза парақтай күйін еске салады. Сол параққа ата-ана мен ұстаздың салған «бейнесі» қаншалықты дұрыс болса, нәтижесі де соған сай қалыптасады.

2-тапсырма

Жарқын шуағын төккен күннің астында әр ұлттың үш баласы қол ұстасып тұрғаны бейнеленген.

Тренер талдауы

Сыртқы ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, олардың жан дүниесі бірдей. Сондықтан ұлағатты ұстаздар күн сәулесіндей бәріне бірдей мейірім шуағын төгеді.

3-тапсырма

Біреуді нұсқап тұрған сұқ саусақ бейнеленген.

Тренер талдауы

Өзгені сұқ саусақпен көрсеткенде, қалған үш саусақтың өзімізге бағытталғанын көбіне аңғармаймыз. Демек, біреуді кінәламас бұрын, өз үлесімізді таразылап көрейік: кінәні өзгеден емес, алдымен өзімізден іздейік.

4-тапсырма

Түнгі аспан, жымыңдаған жұлдыздар. Бір үйдің жарығы сөнбеген.

Тренер талдауы

Түн. Айнала жым-жырт. Ел ұйқыда, бірақ бір жан ояу: ол — мұғалім. Қанша жыл еңбек етсе де, жұмыста да, үйде де, ертеңгі сабағына жауапкершілікпен дайындалады. Құрметті әріптестер, осы оймен келісесіздер ме?

Жауаптарыңыз өте мазмұнды болды, рақмет! Енді келесі тапсырманы да үш топ болып орындаймыз.

IV. «Еңбек ағашы» жаттығуы

Қазір сіздерге үш түрлі стикер таратылады. Әркім өз ойын жазып, тиісті орнына іледі. Соңында топ басшысы қорғайды.

Топтық тапсырмалар

  • Бұталарға — мұғалім қандай болуы керек? (1-топ)
  • Жапырақтарға — мұғалімнің түпкі мақсат-мұраты (2-топ)
  • Гүлдерге — мұғалім еңбегінің нәтижесі (3-топ)
  • Жемістерге — шәкірт қандай болуы керек? (ортақ тапсырма)

Тренер сөзі

Міне, сіздер «Еңбек ағашын» құрастырып шықтыңыздар. Бұл — еңбектеріңіздің жемісі емес пе? Өте тамаша! Рақмет!

V. «Жұлдызды сәт» тренингі

Жаз мезгілі. Түн. Аспанда жұлдыздар жарқырап тұр, самал жел еседі. Сол жұлдыздарға қарап, ең үлкен, ең әдемі, ең жарық жұлдызды таңдаймыз да, сол жұлдызға арманымызды айтамыз. Оң қолымызды жоғары созып, жұлдызды «аламыzdай» болып, оны алдымызға қоямыз.

Ниет сөзі

«Жылы сезім жүректе сақталады,
Мейірімділік тек жүректен басталады»

Көзімізді ашқан соң, сол жұлдызға өзіңіз туралы естігіңіз келетін жақсы қасиеттеріңізді және армандарыңызды жазыңыз.

Қорытынды

«Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады» (Ә. Науаи)

Демек, аңсаған армандарыңызға, көздеген мақсаттарыңызға жетіп, мейірімділік нұрын өзіңізбен бірге ала жүріңіз. Қатысқандарыңызға көп-көп рақмет!