Бүтін және бөлік Сабақтың мақсаты
Психологиялық дайындық: «Шаттық шеңбер»
Сабақ басталар алдында балаларды ортаға жинап, ырғақты өлең жолдары арқылы көңіл күйді көтеріп, бірлескен жұмысқа бейімдейміз.
Бір дегенде тұрайық,
2, 3, 4 — алақанды соғайық.
Оң жаққа бұрылып,
Сол жаққа бұрылып.
Біз жүгіріп алайық,
5 дегенде асықпай,
Орнымызды табайық.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Балалардың сабаққа дайындығын тексеру.
- 1-ден 10-ға дейін тура және кері санау.
- Өткен сабақты қайталау: сандардың құрамын табу, көрнекіліктер арқылы есептер шығарту.
II. Негізгі бөлім
1) Түсіндіру: «Бүтін және бөлік»
Балаларға бүтін мен бөліктің айырмашылығын түсіндіреміз. Алманы бүтін күйінде көрсетіп, оны екіге бөлеміз. Кейін «жарты» ұғымын бекітіп, «ширек» бөлігін тапқызамыз.
Назар аударатын ұғымдар:
- Бүтін — заттың бөлінбеген күйі.
- Жарты — бүтіннің екі тең бөлігі.
- Ширек — бүтіннің төрт тең бөлігі.
2) Логикалық жұмбақтар
Оқушылардың ойлауын дамытып, санау дағдысын жетілдіру үшін ауызша тапсырмалар орындалады.
Асыр сап жүр сырғанап,
Сырғанамай екі бала.
Жағалауда тұр қарап,
Енді осы бар баланың
Санын айтсаң — жарадың.
Үйге кірді Алдияр,
Оған қоса Мадияр.
Кейін келді Айдана,
Қанша болды бар бала?
Табақта төрт алма,
Қолымда бір алма.
Бәрін қосқанда
Болды неше алма?
Жаңа сабақ: оқулықпен жұмыс
- Суреттер арқылы түстерді ажырату және бояу.
- Қағаздан бүтін, жарты және ширек бөліктерін қиып, көрсету.
Сергіту сәті
Балаларды орындарынан тұрғызып, қысқа сергіту жаттығуын орындатамыз:
Оң қолыңда бес саусақ,
Сол қолыңда бес саусақ.
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он саусақ.
Тақтамен жұмыс: №2
Әр гүлзарда 7 гүлден болуы керек. Жетпеген гүлдерді жапсыру тапсырмасы орындалады. Әр қатардан бір оқушы шығып, тақтада жұмыс істейді.
Жедел есеп
Аулада 6 балапан жүр еді, оның екеуі кетіп қалды. Аулада неше балапан қалды? Жылдам есептеген оқушы жауапты тақтаға жазып көрсетеді.
Жеке жұмыс
Оқушыларға деңгейіне сай жеке тапсырмалар таратылып, орындарында орындалады. Мұғалім қажет жерінде бағыт-бағдар береді.
III. Қорытынды
Сабақ соңында рефлексия сұрақтары арқылы қорытынды жасалады:
- Бүгін математика сабағында нені үйрендік?
- Қандай заттарды бөліктерге бөлдік?
Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар атап өтіліп, мадақталады.
Мұғалім туралы
Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектептің МАД тобы мұғалімі — Эжимырадова Слухан Мұхатжановна.