Алтын әжем, күн әжем
Іс-шараның мазмұны
Тақырыбы
«Мерекеңмен, анашым!»
Мақсаты
8 Наурыз мерекесімен қатар келетін көктемнің ерекшеліктерін атап, табиғаттың жаңаруын, құлпыруын балаларға әсерлі түрде жеткізу; аналарға, әжелерге деген сүйіспеншілік пен құрметті нығайту.
Көрнекілігі
Нақыл сөздер үлгісі: «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал», «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы».
Кештің басталуы
Көңілді әуен ойнайды. Балалар залға мерекелік көңіл күймен кіреді.
Тәрбиешінің құттықтауы
Армысыздар, ақ жаулықты әжелер, ардақты да аяулы аналар! Өздеріңізге арналған мерекелік кешімізге қош келдіңіздер.
Сіздерді көктем айының алғашқы мерекесі — 8 Наурыз, Аналар күні — мерекесімен құттықтаймыз. Әрқашан дендеріңіз сау, көңілдеріңіз жайдары болсын!
Құттықтау сөз
«Ақтілек» балабақшасының меңгерушісі Нүргүл Қабдырқызына сөз беріледі.
Балалардың жүрекжарды тілегі
Жанымызды жайнатқан —
Сіздерсіз ғой, аналар!
Зор денсаулық, мол бақыт
Тілейміз біз, балалар.
Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым,
Сәлем жолдап бүгін саған
Мерекеңмен құттықтаймын!
Бал бөбегін баптаған,
Мамам үшін мақтанам.
Аялайтын біздерді —
Көп жасасын ақ мамам!
Ән
«Мерекеңмен, анашым!»
Көктемнің келуі: табиғаттың жаңаруы
Өлең шумақтары
Көктем деген — қыстағы
Әніміз ғой айтатын.
Көктем деген — құстар ғой,
Туған жерге қайтатын.
Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Мал жағалап суатты,
Сай-саламен су ақты.
Сұрақ-жауап
Тәрбиеші балалардан көктем мезгілінің ерекшеліктерін сұрайды. Балалардың жауаптары:
- Күн жылынады.
- Қар ериді.
- Құстар ұшып келеді.
- Ағаштар бүр жарады.
Сахналық көрініс: «Ару көктем» қонақта
Әдемі әуен ойнайды. Тәрбиеші: «Біздің мерекеге қонақ келе жатқан сияқты. Кім екен?»
Тәрбиеші
Саламатсың ба, Ару көктем! Сені асыға күттік көптен.
Жер-анамыз бүр жарды,
Күн де нұрын төкті еркін.
Ару көктем
Сәлем, сәлем, балақайлар! Әзиз әже, аяулы аналар, ардақты апайлар! Мол шуақты ала келдім — қуаныңдар, алақайлап!
Құстар әнін ала келдім, жерге кілем жая келдім. Табиғатқа жан бітіріп, гүлдерімді ала келдім.
Көктемнің алғашқы айы
Ару көктем балалардан: «Көктемнің алғашқы айы қалай аталады?» — деп сұрайды.
Балалар: Наурыз айы.
Ойын: «Кім көп сөз біледі?»
Ортаға екі ана шығады, оларға қарсы балалар тұрады. Әр қадам сайын бала анасын еркелетіп, жылы сөз айтуы керек: «айым», «күнім», «жұлдызым», «алтыным», «күмісім» және т.б. Көп жылы сөз айтқан бала жеңіске жетеді.
Ертегі сәті: «Анаңды жоғалтпа!»
Сырт жақтан «Мама, мама!» деген дауыс естіледі. Тәрбиеші аң-таң болып, дыбыстың қайдан шыққанын сұрайды.
Қоян
«Мама, мама! Мамамның артынан секіріп келе жатыр едім. Адасып қалдым. Енді қайдан табамын?»
Түлкі
«Мен ешкімнен қорықпаймын, бәрін де алдаймын!» — деп келіп, қояннан: «Неге жылайсың?» — деп сұрайды. Қоян «анамды жоғалтып алдым» дегенде, түлкі: «Менің анам бәрінен әдемі!» — деп дауласады. Артына қараса — өзі де анасынан адасып қалғанын түсінеді.
Аю
«Бұл не шу? Ұйқымнан ояттыңдар ғой!» — дейді. Олар: «Біз мамамыздан адастық», — деп жылайды. Үшеуі де «мамамыз сұлу, әдемі» деп дауласа бастайды.
Қарға
«Қарқ, қарқ! Бұл не айқай-шу? Сендер мында екенсіңдер ғой! Сендерді аналарың іздеп жүр», — дейді. Аңдар қуанып, аналарына қарай асығады.
Әжелерге арнау
Ару көктем: «Көктем мерекесі тек аналардың ғана емес, әжелердің де мерекесі. Әжелерге айтатын тілектерің бар шығар?»
Дильназ
Шай ішетін қоюлап,
Жақсы көрем апамды.
Сырмақ сырған оюлап,
Жақсы көрем әжемді.
Айшабибі
Әжетайым, әжетай,
Сізді жақсы көреміз.
Сізге өлең-тақпақты
Жатқа айтып береміз.
Еркін
Шуағыңды сепкен
Күнімізсің, әже.
Жұлдыздарың боп,
Айналамыз, әже.
Ілияс
Менің әжем — гүл әжем,
Алтын әжем, күн әжем.
Ана үшін, мен үшін
Нағыз ана тілі — әжем.
Ән
«Әжетайым»
Сыйлық сәті және қорытынды
Қолөнер сыйлықтары
Тәрбиеші: «Осы күнді әр бала тағатсыздана күтті. Енді өз қолдарымен дайындаған кішкентай сыйлықтарын аналары мен әжелеріне тарту ететін сәт келді». Балалар сыйлықтарын ұсынады.
Жүректен шыққан тілек
Құрметті әжелер мен аналар! Сіздерді көктемнің шуақты күнімен бірге келген төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дүниеде ананың ыстық алақанынан артық еш нәрсе жоқ.
Өмірге бізді әкеліп,
Жарық дүние сыйлаған.
Баласын жамандыққа
Ешқашан да қимаған.
Көрмесін қайғы балалар,
Аман болсын аналар!
Осымен «Мерекеңмен, анашым!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп рақмет!