Шындық пен өтірікті ажырата білуге үйрету

Тәрбие сағаты Шыншылдық Ақиқат

Сабақ барысы

Төменде сабақтың кезеңдері берілген. Әр бөлім баланың ішкі тыныштығын қалыптастырып, шындыққа сүйенген әрекетке жетелеуге бағытталған.

1) Ұйымдастыру кезеңі: «Тыныштық сәті»

Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Өз тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа тарағанын сезініңдер. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.

2) Үй тапсырмасын тексеру

1-сынып «Өзін-өзі тану» оқулығы бойынша Ә. Табылдиевтің «Ағайынды екі қыз» әңгімесі талқыланады.

Биік таудың ар жағында апалы-сіңлілі екі қыз өмір сүріпті. Біреуінің аты — Шындық, екіншісінің аты — Өтірік екен. Шындық әдемі, ақкөңіл, ақылды қыз болыпты...

Сұрақтар

  • Екі қыздың қайсысымен дос болар едіңдер?
  • Шыншылдық дегенді қалай түсінесің?
  • Сеніңше, шыншыл бала қандай болады?
  • Шындық не үшін керек деп ойлайсыңдар?

Қорытынды: Жақсы бала әдепті, сыпайы, қамқор, қайырымды, жауапкершілікті болады. Сол жақсы қасиеттердің бірі — шыншыл болу, өтірік айтпау.

3) Дәйексөз

«Шыншылдық жақсылыққа жетелейді».

Өтірік айтып ұятқа қалғанша, шындықты айтып, қатеңді мойындаған дұрыс. Мұндай әрекет — адамдықтың белгісі. «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді» деген халық даналығынан шыншыл адамның ары таза, жүзі жарқын болып, қуанышқа бөленіп, бақытқа кенелетінін түсінуге болады. Тіпті шындықты айту — жақсылық жасауға бастайтын қадам.

Сұрақтар

  • Шындық неге жеткізеді?
  • Ал өтірік ше? Мысал келтір.

Жаттау жұмысы

  • Дәйексөзді үш рет қайталау.
  • Алдымен қыздарға, кейін ұлдарға қайталату.
  • 2–3 оқушыдан жеке сұрау.

4) Әңгімелеу: «Шындық пен өтірік» (аңыз әңгіме)

Қоян мен түлкі дос болыпты. Бір күні қоян дүкенге бара жатып, анасы берген ақшаны жоғалтып алады. Ал түлкі ақшаны көріп тұрса да, айтпай қояды. Қоян басы салбырап үйіне кетеді. Түлкі ақшаны алып, өзіне қажет нәрсені сатып алмақшы болады. Бірақ досының көңілсіз күйі есіне түсіп, ақшаны қоянға әкеліп береді. Қоян қатты қуанып, досын құшақтайды.

Сұрақтар

  • Түлкінің орнында сен болсаң, не істер едің?
  • Бұл оқиғада шындық неге жетелеп отыр?
  • Қоянды қуантқан түлкі өзі де қуана ма?
  • Түлкі ақшаны қайтармаса, не болар еді?

Қорытынды: Шыншыл адам өз сөзіне берік, ісіне адал болады.

5) Шығармашылық жұмыс

Оқушылар екі топқа бөлінеді: бір топқа — «Шындық», екінші топқа — «Ақиқат» сөзі беріледі. Тапсырма: әр әріптен басталатын сөздер құрастыру.

Мысал: Ш — шана, А — алма, т.б.

6) Топпен ән айту: «Балдырғандар әні»

Сөзін жазған
О. Әубәкіров
Әнін жазған
Ш. Қалдаяқов

Қуанышқа бөленген әр күніміз,
Бақыттымыз, балалар, барлығымыз.

Қайырмасы:

Өмір тым жайдары — қызықтың қайнары,
Мектебіміз жайнады.

Біз Отанның балдырған ұлдарымыз,
Әдептілік, шыншылдық — ұранымыз.

Қайырмасы:

Өмір тым жайдары — қызықтың қайнары,
Мектебіміз жайнады.

7) Үй тапсырмасы

  • а 85-беттегі «Жауапты іс» мәтінін оқу.
  • ә Дәптерде берілген мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсініп, жаттап келу.

8) Соңғы «Тыныштық сәті»

Баяу әуен қойылады. Көздерімізді жұмамыз. Бүгінгі өткен сабақты ой елегінен өткізіңдер: бұл сабақ өмірлеріңе үлгі болсын. Тек жақсы, шындыққа жақын ойларды ойлауға тырысыңдар. Сонда айналамыз жақсылыққа, шындыққа толады. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.