Дәлелсіз сөз

Сынып сағаты: «Ана тілін құрметтейік!»

Сынып

1-сынып

Әдісі

Екі топ арасындағы сайыс

Көрнекілігі

Слайдтар

Мақсаты

  1. Оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру; қазақ тілінде таза сөйлеуге, сөз мағынасын түсініп, тапсырманы дұрыс орындауға баулу.
  2. Ой-өрісін дамыта отырып, сөздік қорын байыту және мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру.
  3. Еңбекқорлыққа, адамгершілікке, өз тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

Кіріспе бөлім

Мұғалім сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар!

Ана тілім — дана тілім, бақытым,

Қазақ тілін білу — менің парызым.

Тілім менің — ұмытылмас тірлігім,

Кім біледі тіліміздің тағдырын.

Алаңдатты тіл тағдыры бүгінде,

Сен болмасаң, болар ертең күнім не?

Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен,

Қазақ болып қалу үшін түбінде.

Қазақ тілім, бас иемін мен саған,

Тілге деген болу керек кең талғам.

Мемлекеттік тілімізді сыйласақ,

Қазақ тілі біздер үшін жаралған.

Тіліміздің тарихы бар қол жетпес,

Айтсаң оның тарихына сөз жетпес.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Ол өте бай әрі көркем. Ана тілін құрметтеген адам Отанын да сүйеді. Бүгін тіл мерекесіне орай «Ана тілін құрметтейік!» атты сынып сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Сайыстың ұйымдастырылуы

Сабақ сайыс түрінде өтеді. Бүгінгі тәрбие сағатында оқушылардың ата-аналары екі топқа бөлініп, өз білімдері мен өнерін ортаға салады. Жарысқа төрелік ететін әділ қазылар алқасымен танысып алыңыздар:

Әділқазы 1

Аты-жөні көрсетіледі

Әділқазы 2

Аты-жөні көрсетіледі

Әділқазы 3

Аты-жөні көрсетіледі

Жарыс кезеңдері (5 сайыс)

  1. Топтық сайыс (2 топ қатысады).
  2. «Атаның сөзі — ақылдың көзі» (мақал-мәтелдер сайысы).
  3. «Тілім барда білмеймін мен қайғыны» (өлеңді мәнерлеп оқу; әр топтан 1 оқушы).
  4. «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің» (сұрақ-жауап).
  5. Топ басшысына сұрақ және топ ішінен бір қатысушы тіл туралы ән орындайды.

I. Топтық сайыс

Таныстыру

Әр топ өз атауын, ұранын, топ басшысын және мүшелерін таныстырады.

II. «Атаның сөзі — ақылдың көзі»

Қазақ тілі — дүние жүзіндегі ең бай әрі бейнелі тілдердің бірі. Тіл байлығы — әр елдің мақтанышы. Енді «Мақал — сөздің маржаны» сайысына кезек береміз.

1-топ: мақал-мәтелдер

  1. 1.Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
  2. 2.Дәлелсіз сөз — желмен тең.
  3. 3.Ине көзінен сынады, шешен сөзінен сынады.
  4. 4.Піл көтермегенді — тіл көтереді.
  5. 5.Сөз тапқанға — қолқа жоқ.
  6. 6.Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл.
  7. 7.Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
  8. 8.Қаһарлы сөз — қамал бұзар.
  9. 9.Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
  10. 10.Айтылған сөз — атылған оқпен тең.

2-топ: мақал-мәтелдер

  1. 1.Бал тамған тілден — у тамған.
  2. 2.Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар.
  3. 3.Жақсы сөз — жарым ырыс.
  4. 4.Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.
  5. 5.Тіл қылыштан — өткір.
  6. 6.Ана сүті бой өсіреді, ана тілі — ой өсіреді.
  7. 7.Жыланның уы тісінде, адамның уы — тілінде.
  8. 8.Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей — шешен боларсың.
  9. 9.Тілден артық — қазына жоқ.
  10. 10.Сүңгі жарасы бітер, тіл жарасы бітпес.

Көрермен жиналған бұл тамашаға,
Құры қарап жай отыру жараса ма?
Туысқа, досқа, сыныптасқа, танысқа емес —
Соқ қолыңды білімді ата-аналарға!

III. «Тілім барда білмеймін мен қайғыны»

Әр топтан бір оқушы ана тілі туралы өлеңді мәнерлеп, жатқа айтып береді.

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

1-топ

Өлең орындаушысы белгіленеді

2-топ

Өлең орындаушысы белгіленеді

IV. «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің»

1-топқа сұрақтар

  1. Қазақстан Республикасы қашан тәуелсіздік алды? (1991 ж. 16 желтоқсан)
  2. Абайдың әжесі кім? (Зере)
  3. Ы. Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі қалай басталады? («Кел, балалар, оқылық»)
  4. «Өнер алды — қызыл тіл» — мақал ма, әлде мәтел ме? (Мәтел)
  5. Қандай ұлттық тағамдарды білесің? (қазы-қарта, жал-жая, бесбармақ, қымыз, шұбат)
  6. Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? (түркі тілдес)

2-топқа сұрақтар

  1. «Тіл туралы» заң қай жылы күшіне енді? (1997 ж. 11 шілде)
  2. Абайдың туған жылы? (1845)
  3. Тіл тазалығы дегеніміз не? (ана тілді бөтен сөзбен шұбарламау)
  4. Қазақ әліпбиін жасаған ғалым кім? (Ахмет Байтұрсынов)
  5. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін ата. (шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату т.б.)
  6. Мемлекеттік тіл қай тіл? (қазақ тілі)

V. Топ басшыларына сұрақ және ән

Топ басшыларына төмендегі нақыл сөздер бойынша сұрақ қойылады. Сонымен қатар әр топтан бір қатысушы тіл туралы ән орындайды.

  • 1. Тіл қадірін білмеген — ел қадірін білмейді.
  • 2. Тіл — қылыш: тиімсіз жерде тый, тиімді жерде қи.

Қорытындылау

Жарыс қорытындыланып, қатысушыларға алғыс білдіріледі. Оқушылардың ата-аналары мақтау қағазымен (сертификат) және сыйлықтармен марапатталады.

Қорытынды сөз

О, туған тіл! Тас бұлақтың тұнығы да — сенде, ана сүтінің жұғымы да — сенде, райхан гүлдің жұпары да — сенде, қыран құстың жанары да — сенде, назды сұлудың нәзіктігі де — сенде, сахара даланың кеңдігі де — сенде. Сондықтан ана тілімізді ар-иманымыздай ардақтап, аялай білейік.