Сөз кезегі әділқазыларда
Іс-шара туралы мәлімет
Атауы
«Даярлық сұлтаны» сайысы
Түрі
Сыныптан тыс іс-шара
Мақсаты
- Жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату, Отанға және туған елге сүйіспеншілігін қалыптастыру.
- Төзімділікке, тапқырлыққа, ептілікке, алғырлыққа баулу.
- Сөздік қорын молайтып, сөйлеу мәдениетін дамыту.
- Эстетикалық талғамын қалыптастыру.
Өтілу орны және безендірілуі
Мерекеге сай безендірілген сынып бөлмесі: интербелсенді тақта, қанатты сөздер, шарлар және өзге де көрнекіліктер.
Басталуы
Музыка әуенімен ортаға тәрбиеші шығады.
Тәрбиешінің құттықтау сөзі
Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Мектепалды даярлық сыныбының Жеңіс мерекесіне және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күніне орай ұйымдастырылып отырған «Даярлық сұлтаны» сайысына қош келдіңіздер!
Егеменді еліміздің ертеңі — бүгінгі бүлдіршін. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы кемел, іргесі бүтін ел болып қанатын кеңге сермеуі үшін патриоттық тәрбиені мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап баланың санасына сіңіру маңызды.
Әділқазылар
Сайыс әділ өтуі үшін әділқазылар алқасы сайланады.
Сайыскерлерді таныстыру
Жүргізушінің өлең жолдары:
Ержүрек батыр елдің ұрпағымыз,
Биікке қанат қағар сұңқары біз.
Намысты, от жүректі, мың өнерлі —
Даярлық тобындағы ұлдарымыз.
Тұрмайды босқа қарап олар текке,
Өнерін көрсетеді мынау көпке.
Ел қорғайтын ертеңгі сарбаз олар,
Көрермен, сұлтандарды қошеметте!
Өнерлері бойларында тасыған кішкентай серілерге қошемет көрсетіледі. Сайыс 5 бөлімнен тұрады.
I бөлім
Таныстыру
II бөлім
Серілер өнері
III бөлім
Білімді мыңды жығар
IV бөлім
Спорттық сайыс
V бөлім
Сән шеру
Сайыс бөлімдері
I бөлім — Таныстыру
«Артта қалмас шын жүйріктер, тұлпарлар, қуаныш пен шаттық әнін шырқаңдар…» — сұлтандар өз-өздерін таныстырады. Әр қатысушыға ұпай қойылады.
II бөлім — Серілер өнері
«Асыл сөзді даналықтан терейік…» — қатысушылар өз өнерлерін көрсетеді. Әділқазылар бағалап, ұпай береді.
III бөлім — «Білімді мыңды жығар»
«Шеттерінен сұлтандарым өнерлі, ал ендеше, білімдерін байқайық!» — киіз үй ішінен сұрақтар алынады. Тәрбиеші оқып береді, балалар жауап қайтарады.
IV бөлім — Спорттық сайыс
«Ал енді, менің қайсар сарбаздарым, бақ сынайды спорттық мың өнерден!» — қатысушылар спорт түрлерінен сынға түседі.
1-ойын
Асық ату
Қазақтың ұлттық ойыны.
2-ойын
Шелекке доп салу
Дәлдік пен ептілікке арналған тапсырма.
3-ойын
Отжимание жасау
Шымырлық пен төзімділікті байқатады.
Іске сәт! Бірінші болып сұлтанымыз Серік Бауыржан өнерін көрсетеді. Әділқазылар ұпай қояды.
V бөлім — Сән шеру
Бұл бөлім 9 мамыр — Жеңіс мерекесіне және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күніне арналады. Сондықтан киім үлгісі батырлар мен сарбаздардың, елін-жерін қорғап жүрген теңізшілердің немесе қырағы сақшылардың киіміне сай болуы шарт.
Қатысушылар дайындалғанша
Сыныптың өнерлі қыздары мерекеге арналған ән, би және өлеңдерін ұсынады.
Ән
«Қазақстан жалауы»
Би
«Теңізшілер»
Өлең жолдары:
Мына сынып неткен шіркін өнерлі,
Өрге жүзер білімді жас өрені.
Аруларын қарсы алыңыз сыныптың,
Айтып әнді, би де билеп береді.
Сән шеруі басталады: ұл балалар сахна төрімен жүріп өтіп, орындарына келген соң өз киімдерін таныстырады. Әділқазылар ұпай береді.
Қорытынды және марапаттау
Күту сәті
Сайыс өз мәресіне жетеді. Әділқазылар шешім шығарып, сегіз қырлы, бір сырлы «Даярлық сұлтандарын» анықтағанша, өнерлі балдырғандар «Қара жорға» биін билеп береді.
Тәрбиешінің қорытынды лебізі
Қасиетті қазақтың ұл-қыздары,
Жарқылдар әлі талай жұлдыздары.
Көрінер әлі-ақ өнер биігінен,
Бақытты бала шақтың жұлдыздары.
Құтты болсын бүгінгі күн, мерекең! Ата-аналар, арта берсін берекең. Баласы үшін барын сарқып беретін жандарға бүгін алғыс айтамын!
Марапаттау рәсімі
- Сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
- Әр балаға номинациялар бойынша марапат табысталады.
- Бір қатысушыға «Даярлық сұлтаны» атағы беріледі.
- Сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталады.
- Ата-аналарға және мектеп әкімшілігіне сөз беріледі.