Оқушыларға жалғау түрлері, олардың жасалу жолдары, туралы жалпы түсінік беру, сөйлем ішінен жалғау түрлерін ажырата білуді үйрету және әртүрлі тапсырма түрлерін орындата отырып жалғау түрлерін меңгерту
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: шағын диалог
- Оқытушы:
- Сәлеметсіздер ме?
- Оқушы:
- Сәлеметсіз бе.
- Оқытушы:
- Қазір қандай сабақ?
- Оқушы:
- Қазақ тілі сабағы.
- Оқытушы:
- Бүгін нешесі?
- Оқушы:
- Бүгін қазанның он жетісі.
- Оқытушы:
- Аптаның қай күні?
- Оқушы:
- Бүгін сәрсенбі.
- Оқытушы:
- Сәрсенбі орыс тілінде қалай аталады?
- Оқушы:
- Среда.
- Оқытушы:
- Сәрсенбі қазақ халқы үшін қандай күн болып есептеледі?
- Оқушы:
- Сәтті күн болып есептеледі.
- Оқытушы:
- «Сәрсенбі» сөзінде қазақ тіліне тән қандай дыбыстар бар?
- Оқушы:
- Ә, і дыбыстары.
Қазақ тіліне тән дыбыстар: ә, ө, і, ү, ұ, қ, ғ, ң, һ.
2) Фонетикалық жаттығу
Жаттығудың мақсаты — оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға, сөз ішінде орынды қолдануға, шапшаңдық пен нақтылыққа үйрету.
Ә
әтеш, әже, әке, әлем
І
ілім, іні, іс
Ө
өгіз, өрнек, өтірік
Ұ
ұя, ұл, ұлы, ұлағатты
Ғ
ғарыш, ғалым, ғылым
Һ
гауһар, жаһан, айдаһар
Ң
аң, оң, аңыз, қоңыз
Қ
қоғам, құс, құдық
3) Үй жұмысын пысықтау: септеу
«Қоғам», «құс», «құдық» сөздерін септеу және осы сөздермен ауызша сөйлем құрастыру.
| Септік | Қоғам | Құс | Құдық |
|---|---|---|---|
| Атау | қоғам | құс | құдық |
| Ілік | қоғамның | құстың | құдықтың |
| Барыс | қоғамға | құсқа | құдыққа |
| Табыс | қоғамды | құсты | құдықты |
| Жатыс | қоғамда | құста | құдықта |
| Шығыс | қоғамнан | құстан | құдықтан |
| Көмектес | қоғаммен | құспен | құдықпен |
Жаңа тақырып: жіктік жалғауы
Жіктік жалғауы басқа қосымшалар сияқты сөздерді байланыстырып, қарым-қатынасқа келтіреді. Жіктік жалғауы жалғанған сөз көбіне баяндауыш қызметінде жұмсалып, бастауышпен жақтық және шақтық жағынан қиыса байланысады.
Маңызды тұжырымдар
- Жіктік жалғауы баяндауыш қызметінде келетін сөздерге жалғанады.
- Сан есімге де, тіпті жеке әріпке де жалғануы мүмкін.
- Үш жақта (I, II, III) және жекеше-көпше түрде қолданылады.
- III жақта көбіне арнайы көрсеткіш болмайды.
Жіктелуге мысал
Мен инженермін.
Сен инженерсің.
Сіз инженерсіз.
Ол инженер.
Біз инженерміз.
Сендер инженерсіңдер.
Сіздер инженерсіздер.
Олар инженер.
Жалғану үлгілері (I топ)
Бұл топта жіктік жалғауы түбірге тікелей жалғанады. III жақта арнайы көрсеткіш болмайды.
| Жақ | Жекеше жалғау | Көпше жалғау | Мысал |
|---|---|---|---|
| I жақ | -мын/-мін, -бын/-бін, -пын/-пін | -мыз/-міз, -быз/-біз, -пыз/-піз | бала+мын, жиен+мін |
| II жақ | -сың/-сің | -сыңдар/-сіңдер | бала+сың, жиен+сің |
| II жақ (сыпайы) | -сыз/-сіз | -сыздар/-сіздер | бала+сыз, жиен+сіз |
| III жақ | — | — | бала, жиен |
Жекеше үлгілер
- Мен оқушымын, үлкенмін, оныншымын.
- Сен оқушысың, үлкенсің, оныншысың.
- Сіз оқушысыз, үлкенсіз, оныншысыз.
- Ол оқушы, үлкен, оныншы.
Көпше үлгілер
- Біз оқушымыз, үлкенбіз, оныншымыз.
- Сендер оқушысыңдар, үлкенсіңдер, оныншысыңдар.
- Сіздер оқушысыздар, үлкенсіздер, оныншысыздар.
- Олар оқушы, үлкен, оныншы.
II топ: көсемше формаларының жіктелуі
Бұл топқа -а/-е/-й және -ып/-іп/-п тұлғалы көсемшелер жатады. Ерекшелігі — III жақта -ды/-ді/-ты/-ті қосымшасының келуі.
| Түрі | I жақ | II жақ | II жақ (сыпайы) | III жақ |
|---|---|---|---|---|
| Жекеше | мен барамын, келемін, қараймын, сөйлеппін | сен барасың, келесің, қарайсың, сөйлепсің | сіз барасыз, келесіз, қарайсыз, сөйлепсіз | ол барады, келеді, қарайды, сөйлепті |
| Көпше | біз барамыз, келеміз, қараймыз, сөйлеппіз | сендер барасыңдар, келесіңдер, қарайсыңдар, сөйлепсіңдер | сіздер барасыздар, келесіздер, қарайсыздар, сөйлепсіздер | олар барады, келеді, қарайды, сөйлепті |
Ескерту
III жақтағы -ды/-ді/-ты/-ті тұлғасы жедел өткен шаққа ұқсас болғандықтан, сөйлем талдауда оқушылар жиі шатастырады.
III топ: жедел өткен шақ және шартты рай
Бұл топқа етістіктің жедел өткен шақ формасы (барды, келді) және шартты рай формасы (барса, келсе) жатады. Жекеше де, көпше де жіктеледі.
| Түрі | I жақ | II жақ | II жақ (сыпайы) | III жақ |
|---|---|---|---|---|
| Жекеше | мен айттым, кеттім, оқысам, білсем | сен айттың, кеттің, оқысаң, білсең | сіз айттыңыз, кеттіңіз, оқысаңыз, білсеңіз | ол айтты, кетті, оқыса, білсе |
| Көпше | біз айттық, кеттік, оқысақ, білсек | сендер айттыңдар, кеттіңдер, оқысаңдар, білсеңдер | сіздер айттыңыздар, кеттіңіздер, оқысаңыздар, білсеңіздер | олар айтты, кетті, оқыса, білсе |
III топтың I, II жақ жалғаулары тәуелдік жалғауының I, II жақ жекеше түрімен ұқсас (мысалы: әкем, әкең, әкеңіз). Көпше I жақтың жалғауы бұл топта өзгешелеу (-қ/-к), ал көпше II жақта -ңдар/-ңіздер тұлғалары қолданылады.
IV топ: бұйрық рай
Бұл топқа етістіктің бұйрық рай формасы (бар, кел) жатады. Жекеше және көпше түрде жіктеледі.
| Жақ | Жекеше | Көпше |
|---|---|---|
| I жақ | мен барайын, келейін | біз барайық, келейік |
| II жақ | сен бар, кел | сендер барыңдар, келіңдер |
| II жақ (сыпайы) | сіз барыңыз, келіңіз | сіздер барыңыздар, келіңіздер |
| III жақ | ол барсын, келсін | олар барсын, келсін |
Бекіту тапсырмалары
1) Қосымшаларды тізбектеу
Төмендегі үлгі бойынша бірнеше мысал жазыңыз:
| Сөз | Жұрнақ | Көптік жалғауы | Тәуелдік жалғауы | Септік жалғауы | Жіктік жалғауы |
|---|---|---|---|---|---|
| мал | -шы | -лар | -ыңыз | -дан | -быз |
| Осы үлгі бойынша өз мысалдарыңызды толықтырыңыз. | |||||
2) «Астана» сөзі: жіктік жалғауын жалғау
Болымды түрі
- Мен Астаналықпын.
- Біз Астаналықпыз.
- Сен Астаналықсың.
- Сендер Астаналықсыңдар.
- Сіз Астаналықсыз.
- Сіздер Астаналықсыздар.
- Ол Астаналық.
- Олар Астаналық.
Болымсыз түрі
Жіктік жалғауының болымсыз түрі емес, жоқ сөздері арқылы жасалады.
- Мен Астаналық емеспін.
- Біз Астаналық емеспіз.
- Сен Астаналық емессің.
- Сендер Астаналық емессіңдер.
- Сіз Астаналық емессіз.
- Сіздер Астаналық емессіздер.
- Ол Астаналық емес.
- Олар Астаналық емес.
3) Ассоциация: «Астана» дегенде не елестейді?
«Астана» сөзіне қатысты тірек-сызбаны толтырыңыз:
Лексикалық тақырып: Астана туралы мәтін
Жаңа сөздер
| Қазақша | Орысша |
|---|---|
| жүздесу | встреча |
| саяхатшылар | путешественники |
| әсем | красивый |
| ашылды | открылся |
| мұнара | башня |
| тамсанады | удивляется |
Мәтін
Астана — Қазақстан Республикасының елордасы. Астана қаласы әсем де сұлу, табиғаты тамаша қала. Астанада көптеген кездесулер, басқа елдердің президенттерімен жүздесулер жиі өтеді. Астанада Елбасы Н. Ә. Назарбаев тұрады. Шетелдік саяхатшылар Астана қаласына, ондағы әсем, көрікті жерлерге тамсана қарайды.
Елордамызда биіктігі 97 метрге жететін Бәйтерек мұнарасы бар. Астана қаласы ертеде Ақмола деп аталған, ал 1997 жылдан бері Астана қаласы деп аталып келеді.
Қазір мұнда биік, бірнеше қабатты үйлер, көптеген фабрикалар, зауыттар, мектептер, колледждер, университеттер салынуда. Оқырмандар үшін кітапқа бай үлкен кітапханалар ашылуда. Астана — өте әсем, бай, әлемдегі ең тамаша қалалардың бірі деуге болады. Бұл қала шынында да көркемдігіне көз жетпейтін, айтуға сөз жетпейтін қала.
Мәтін бойынша тапсырмалар
- Оқушылар екі-екі сөйлемнен оқып, орыс тіліне аударады.
- Тақтадағы жаңа сөздермен сөйлем құрастырады.
- Мәтін бойынша сұрақтар құрастырады.
- Сұрақтарға жауап беру арқылы мәтіннің қысқаша мазмұнын айтады.
-
Мәтіннен етістіктерді тауып, тиісті жіктік жалғауларын жалғайды (мысалы: болады).
Жақ Жекеше Көпше I жақ мен боламын біз боламыз II жақ сен боласың сендер боласыңдар II жақ (сыпайы) сіз боласыз сіздер боласыздар III жақ ол болады олар болады
Рефлексия және қорытынды
Кері байланыс: сызбаны толтыру
Білемін
Сабаққа дейінгі білімім
Білдім
Сабақтан кейін меңгергенім
Мен үшін жаңа
Жаңалық болған тұстар
Үй тапсырмасы
- Мәтінді әңгімелеп беру.
-
Мәтіннен бір зат есімді алып, жіктеу (мысалы: оқырман):
Мен оқырманмын, сен оқырмансың, сіз оқырмансыз, ол оқырман.
- Газет-журналдардан Астана туралы мақала немесе өлең тауып, жазып келу.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы, мәтінмен жұмыс істеуі және грамматикалық талдауы бойынша бағаланады.