Қазақ ою - өрнегінің ұлттық киімде орналасуы

Сабақтың тақырыбы

Қазақ ою-өрнегінің ұлттық киімде орналасуы.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Жалпы мақсат

Оқушыларды ұлттық киім үлгілерімен және ою-өрнек элементтерімен таныстырып, композиция құрастыру шеберлігін дамыту; эстетикалық талғамды және ұқыптылықты қалыптастыру.

Білімділік

Қазақ халқының ұлттық киім түрлеріне және олардың ою-өрнекпен безендірілу ерекшеліктеріне сипаттама беру.

Дамытушылық

Ойлауды, байқағыштықты және танымдық қабілеттерді дамыту.

Тәрбиелік бағыт

Жеке және топпен жұмыс істей білуге, әсемдікті сезінуге тәрбиелеу; көркемдік талғамды, икемділікті қалыптастыру. Ою-өрнектің мәніне үңілу арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, халқымыздың асыл мұраларын, салт-дәстүрін және өнерін құрметтеуге баулу.

Жаңа сабаққа кіріспе

Ою-өрнек ұғымы және тарихы

Біздің ата-бабаларымыз қолөнермен айналысып, оны жетілдіріп, ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Жасалған бұйымдардың көбін табиғатпен байланыстырған өрнектермен безендіріп отырған.

«Ою-өрнек» ұғымы әшекейлеу, көркемдеу мағынасын береді. Көбіне «орнамент» терминімен қатар қолданылады. Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі де — ою-өрнек.

Ұлттық киім және ою-өрнек

Қазақтың ұлттық киім түрлері өте көп және олар көз тартарлық әсемдігімен, сәнділігімен, ою-өрнек нақышымен ерекшеленеді. Кейбірі күнделікті тұрмыста киілсе, енді біреулері мереке-мейрамдарда, ойын-сауықта, той-думанда киіледі.

Әйелдердің ұлттық киімдеріне көйлек, кимешек, сәукеле, камзол және т.б. жатады. Ерлер мен әйелдердің бас киімдері де сәнділігімен дараланады: барқыт сияқты маталардан тігіліп, жиегі ою-өрнекпен көмкеріледі.

Композиция және үйлесім қағидасы

Қазақ ұлттық ою-өрнегінің тарихы бірнеше ондаған ғасырды қамтиды. Ол атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста дамып отырған өнер.

Мысалы, киіз үйдің ағаштан жасалған бөлшектерінде де, киізден жасалған жабдықтарында да ою-өрнек жиі кездеседі. Бұл — ағаш пен киіздің күрделі үйлесімі арқылы жасалған тұтас көркем жүйе.

Ою-өрнекті сапалы орындау үшін алдымен материалды дұрыс таңдап, ою ырғағы мен мөлшерін, яғни өрнектің бетке түсуі мен орналасуын алдын ала нақты жобалау қажет. Нәтиженің көркем шығуы — шебердің ой ұшқырлығы мен өрнектерді үйлестіре білуіне байланысты.

Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, «ескен арқандай» тұтасып тұруы керек. Егер ара жігі үйлеспей, олпы-солпы көрінсе, өрнек сәнін де, мағынасын да жоғалтады.

Қазақ ою-өрнегінің бастауы ретінде «қошқар мүйіз» өрнегі жиі аталады. Көптеген ою түрлері осы негізден өрбіп, әртүрлі элементтермен толыққан сайын күрделеніп, жаңа композициялық шешімдерге айналады.

Ою-өрнектің тәрбиелік және рухани мәні

Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай, ою-өрнек өз шеберін тапса жарасып, құлпырып, көзге қуаныш, көңілге жылылық сыйлайды. Ата-бабаларымыз осындай өнерді биік деңгейге жеткізе білген.

Ою-өрнек — дәлдік пен есеп, теңдік пен үйлесім, нәзіктік пен тазалық, көркемдік пен сәйкестік мәдениеті. Ол ұқыптылыққа, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке баулиды; өнерге сүйіспеншілікті арттырады.

Ою ойған адамның жүрегі жылы, көңілі нәзік болады.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.

  • Материалдар мен құрал-жабдықтарды тексеру.

  • Техника қауіпсіздігі ережелерін еске салу.

II. Жаңа сабаққа дайындық

Қазақ халқының киім түрлерін және ою-өрнек түрлерін еске түсіру, негізгі ұғымдарды нақтылау.

III. Топпен жұмысқа ынталандыру

«Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам,
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям»,
— Б. Момышұлы

Осы ойды басшылыққа алып, келесі сарамандық жұмысқа көшеміз.

IV. Оқушыларға тапсырма

  • Алдыңыздағы киім үлгісіне қағаздан ою-өрнек қиып, желіммен жапсырыңыз.

  • Техника қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз.

V. Сабақты бекіту

Киім үлгілеріне ою-өрнек жапсыру барысында төмендегі сұрақтар арқылы білім бекітіледі:

  1. Қазақтың ұлттық киімдері туралы не білесіз?
  2. «Ою-өрнек» сөзі қандай ұғымды білдіреді?
  3. Ою-өрнек неше топқа бөлінеді?
  4. «Қошқар мүйіз» өрнегі қандай бұйымдарда қолданылады?
  5. Ең жиі қолданылатын ою-өрнек түрі қайсы?

VI. Сабақты қорытындылау

Оқушылар жұмыстары талданып, композициядағы үйлесім, тазалық, дәлдік және эстетикалық шешім бойынша пікір айтылады.

VII. Үй тапсырмасы

Ою түрлерін ойып үйрену, бірнеше элементтен шағын композиция құрастыруға дайындалу.

VIII. Бағалау

Бағалау жұмыстың орындалу сапасына, қауіпсіздік ережесін сақтауына, ұқыптылығына және шығармашылық шешіміне қарай жүргізіледі.