Сөйлемдегі дауыссыз дыбыстардың астын сыз
Сабақтың тақырыбы
Дауыссыз дыбыстардың түрлері
Сабақтың типі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың түрі
Дәстүрлі
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, іздендіру, шығармашылық
Көрнекіліктер
Интербелсенді тақта, оқулық, тақырыпқа қатысты кестелер, үлестірме қағаздар
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Дауыссыз дыбыстар туралы лингвистикалық білімді кеңейту; фонетикалық талдау, жаттығулар және қосымша тапсырмалар арқылы білімді бекіту.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, елжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеу.
Дамытушылық
Дауыссыз дыбыстардың түрлерін ажырату және фонетикалық талдау жасау дағдыларын қалыптастыру; деңгейлік тапсырмалар арқылы логикалық ойлауды дамыту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II. Жаңа тақырыпты түсіндіру
1) Қызығушылықты ояту
Балалар, бастауыш сыныпта сендер дауыссыз дыбыстардың түрлерімен таныстыңдар. Дауыссыз дыбыстар туралы не білесіңдер? Білетіндеріңді қысқаша жазып көріңдер.
2) Мағынаны тану («Қырағы болсаң, байқап көр»)
Талқылауға арналған сұрақтар:
- Дауыссыз дыбыстар дегеніміз не?
- Қазақ тілінде неше дауыссыз дыбыс бар?
- Дауыссыз дыбыстарды неше түрге бөлуге болады?
- Қатаң, ұяң, үнді дауыссыз дыбыстарды қалай анықтаймыз?
- Дауыссыз дыбыстар не себепті үш түрге бөлінеді деп ойлайсыңдар?
Көрнекі түсіндіру: «Үш құмыра» тәжірибесі
Үш құмыраның суреті көрсетіледі: біріншісі — суға толы, екіншісі — жартылай толы, үшіншісі — түбінде ғана суы бар.
Ойлануға арналған сұрақтар
- Суы толық құмыраны ұрғанда қандай дыбыс шығады?
- Жартылай толы құмыраны ұрғанда қандай дыбыс естіледі?
- Түбінде ғана суы бар құмыраны ұрғанда қандай үн пайда болады?
- Неліктен дыбыс әртүрлі естіледі?
Қорытынды сәйкестендіру
- Суы толық құмыра Қатаң
- Жартылай толы құмыра Ұяң
- Түбінде ғана суы бар құмыра Үнді
Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай қатаң, ұяң, үнді болып үш түрге бөлінеді.
Қатаң дауыссыздар
Салдырдан жасалған дауыссыз дыбыстар.
П, Ф, К, Қ, Т, С, Ш, Щ, Ч, Х, Ц, Һ
Ұяң дауыссыздар
Салдыр мен үн қатысады, бірақ салдыры басым.
Б, В, Г, Ғ, Д, З, Ж
Үнді дауыссыздар
Үн мен салдыр қатысады, бірақ үні басым.
Р, Л, Й, (У), М, Н, Ң
III. Оқулықпен жұмыс («Кітап — сенің ақылшың»)
264-жаттығу
- Дыбыстық талдау жасаңдар.
- Мәтіндегі «ақыл» мен «ғылым» ұғымдарын түсіндіріңдер.
265-жаттығу
- Жұмбақтардың шешуі болатын дыбыстарға талдау жасаыңдар.
- Осыған ұқсас жұмбақтар құрастырып көріңдер.
266-жаттығу (ауызша)
- Үлестірме карточкалармен жұмыс.
Топтық жұмыс: «Галереяға саяхат»
Табиғат тақырыбындағы сурет бойынша мәтін құрастырыңдар. Мәтіндегі 1–2 сөйлемге дыбыстық талдау жасаңдар.
Жеке жұмыс
Үлестірме карточка алған оқушылармен жеке жұмыс жүргізіледі.
Деңгейлік тапсырмалар («Білімді мыңды жығар»)
I деңгей
- Қазақ тілінде қанша дауыссыз дыбыс бар?
-
Сөйлемдегі дауыссыз дыбыстардың астын сызыңдар:
Абай — өз заманының жаршысы. Оның шығармалары — сол заманның шежіресі. (Ж. Смағұлов)
II деңгей
- Дауыссыз дыбыстардың дауысты дыбыстардан айырмашылығы неде?
- Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай нешеге бөлінеді?
-
Сөйлемнен дауыссыз дыбыстарды тауып, дыбыстық талдау жасаңдар:
Атаның баласы болма, адамның баласы бол. (Абай)
III деңгей
- Жұп дауыссыздарды жазып, мысал келтіріңдер.
- Қазақ тілінде қанша дыбыс және қанша әріп бар?
- Төмендегі сөздерге фонетикалық талдау жасаңдар: қою, қоян, аю, стиль, подъезд.
IV. Жаңа сабақты бекіту
Танымдық тапсырма: кесте бойынша жұмыс
Төмендегі сөйлемдер бойынша дауысты және дауыссыз дыбыстардың санын анықтаңдар. Дауыссыздарды қатаң, ұяң, үнді түрлеріне ажыратыңдар.
| Сөйлем | Дауысты | Дауыссыз | Қатаң | Ұяң | Үнді |
|---|---|---|---|---|---|
| Жан қиналмай жұмыс бітпес. (мақал) | — | — | — | — | — |
| Көп оқыған көп білер. (мақал) | — | — | — | — | — |
| Ер дәулеті — еңбек. (мақал) | — | — | — | — | — |
| Ауылдың маңы — көкорай шалғын. (Ғ. Мұстафин) | — | — | — | — | — |
Қорытынды сұрақтар
Бүгінгі сабақта не үйренгендеріңді сұрақтарға жауап беру арқылы жинақтаңдар:
- Дауыссыз дыбыстар дегеніміз не?
- Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді?
- Қатаң дауыссыз деп нені айтамыз? Оның саны нешеу?
- Ұяң дауыссыз деп нені айтамыз?
- Үнді дауыссыз дыбыс дегеніміз не?
- Дауыссыз дыбыстар буын құрай ала ма? Егер құрай алмаса, неліктен?
V–VII. Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы және рефлексия
Сабақты қорыту
Оқушылардың жауаптары тыңдалып, негізгі ұғымдар қорытындыланады.
Бағалау
Оқушылардың жұмыстары бағаланады.
Үй тапсырмасы
- «Дауыссыз дыбыстардың түрлері» тақырыбын қайталау.
-
267-жаттығу: бірдей дыбыстан басталатын сөйлемдер жазу.
Үлгі: Таудың тамаша табиғатына тамсанып тұрмыз.
Рефлексия: «Шаттық шеңбері»
Барлығымыз бірге «Шаттық шеңберін» жасап, сабақтан алған әсерімізді және ұнаған сәттерімізді бір ауыз сөзбен айтамыз.