Бүгінгі тақырыбымыз Қазақстанның ғалымдары
9-сыныпқа арналған сабақ жоспары
Сабақтың тақырыбы
Қазақстанның ғалымдары
Сабақтың сипаттамасы
- Сабақтың типі
- Жаңа сабақ
- Әдіс-тәсілдер
- ЖИГСО, ақпараттық-коммуникативтік тәсілдер
- Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта, сызба, кесте
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Қазақстанның ғалымдары туралы білімді кеңейту, алынған мәліметті қолдануға үйрету.
Дамытушылық
Тақырыпты түсініп тыңдау, байланыстырып сөйлеу, баяндау дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Қазақ халқының белгілі тұлғаларын танып-білуге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- «Түсінік ағашында» қандай сөздер көріп тұрсыңдар? Оқушылардың жауаптарын тыңдап, сабақтың тақырыбын анықтау: Қазақстанның ғалымдары.
II. Тыңдалым
Мәтінді екі рет тыңдап, естіген мәліметтер бойынша «түсінік ағашын» толтыру.
Негізгі ой
Адамзатты өркениетке жеткізетін күш — ғылым. Ғылымды дамытатын — ғалымдар. Ғалымдар — өз елін, жерін, туған халқын сүйген ойшыл, данышпан адамдар. Олардың ғылыми еңбектері мен жаңалықтары әрдайым халқына, Отанына қызмет етеді. Қазақ халқында ерте заманнан бүгінге дейін талай ғұлама ғалымдар бар: олар өз күш-қайратын, ақыл-ойын ғылым жолына арнаған.
III. Операциялық-танымдық кезең (ЖИГСО)
1) Топқа бөлу
Сынып 3 топқа бөлінеді (әр топта 4 оқушыдан). Оқушылар ЖИГСО әдісі бойынша нөмірленіп, нөміріне қарай 4 жұмыс тобы құрылады.
2) Мәтіндермен жұмыс
- №1–3 топтарға белгілі бір мәтін беріледі.
- №4 топ — сарапшылар тобы.
3) Нәтиже
- Оқушылар мәтіннен негізгі мәліметтерді іріктейді.
- Мәтін бойынша кестені толтырады.
Оқылымға берілетін тұлғалар
- Әлкей Марғұлан
- Ермұхан Бекмаханов
- Шапық Шокин
Сарапшылар тобының тапсырмасы (№4)
- Берілген мәтіндер негізінде 9 сұрақ құрастырады.
- Сұрақтарды компьютерде теріп, тақтаға шығарады.
- №1–3 топ оқушылары өз топтарына қайта оралып, меңгерген ақпаратты ортаға салады (әр сөйлеушіге 3 минут).
Үш ғалым туралы қысқаша дерек
Ермұхан Бекмаханов (1915–1966)
Ермұхан Бекмаханов — белгілі қазақ тарихшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Ол ұзақ жылдар профессор болып еңбек етіп, ҚазМУ-дың тарих кафедрасын басқарды. Ғалым Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірін жан-жақты зерттеді.
Өмірінің бір кезеңінде оған «Қазақстан тарихын бұрмалады» деген айып тағылып, репрессияға ұшырады. Ермұхан Бекмаханов 1915 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 11 жасында бастауыш мектепке барып, 1933 жылы Воронеж педагогикалық институтына оқуға түседі. Институттан кейін Қазақстанға оралып, алғашында мұғалім болып жұмыс істейді.
1959 жылы мектептерге арнап «Қазақстан тарихы» оқулығын жазды. Қорытындылай айтқанда, Ермұхан Бекмаханов — тарихтағы шындықты іздеген ғалым.
Әлкей Марғұлан (1907–1985)
Әлкей Марғұлан — Абылай ханның ту ұстаушысы Олжабай батырдың шөбересі. Әкесі Хақан мен анасы Нұрилә өз заманының көзі ашық, білімді адамдары болған. Әлкей ауыл мектебінде, кейін үш жылдық орыс мектебінде оқыды.
1919 жылы мұғалімдер курсына түсіп, бір жылдан соң туған ауылында мұғалім болып еңбек етті. 1920 жылы фольклортанушы Ә. Диваев қазақ кеңес фольклорын зерттеу мақсатында Жетісу мен Сырдария өңіріне ғылыми экспедиция ұйымдастырғанда, Әлкей сол құрамға қатысады. 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына оқуға түседі.
Кейін ол бір мезетте бірнеше жоғары оқу орнында білім алды: Шығыстану институты, Материалдық мәдениет институты (кейін Археология институты), Өнертану институты. Әлкей Хақанұлы Марғұлан — КСРО География қоғамының толық мүшесі, ҚР ҰҒА академигі, профессор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол тарих, әдебиет, өнер, археология, этнография, география, сәулет салаларында өнімді еңбек етіп, ғылымда өзіндік із қалдырды.
Шапық Шокин (1912–2003)
Шапық Шөкіұлы Шокин — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі. Ол 1912 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты С. Торайғыров атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Болашақ Халық қаһарманының балалық шағы ауыр жағдайда өтеді: 1918 жылы, 6 жасында әкесінен айырылады.
1920 жылы ағасы Риза Шапықты бастауыш мектепке береді. Ол кейін жастар мектебін, педагогикалық техникумды бітіріп, 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетіне қабылданады. Университетті 1937 жылы тәмамдап, еңбек жолын Алматыда бастайды.
1943 жылы Ш. Шокин Ғылым академиясының энергетика секторына басшылыққа тағайындалды. Негізгі зерттеу бағыты — энергетика және су шаруашылығы, отандық энергетикалық баланс мәселелері. Ол 450-ге жуық ғылыми еңбек жазған, мемлекеттік сыйлық иегері, көптеген медальдар мен ордендермен марапатталған.
IV–VI. Бекіту, сөйлесім және қорытынды
IV. Білімді бекіту және тексеру
Сарапшылар құрастырған сұрақтар негізінде тест өткізіледі. Дұрыс жауаптар тақтада көрсетіліп, оқушылар өз жұмыстарын тексереді.
V. Сөйлесім
Алған білімдерін пайдаланып, топ ішінде жағдаят бойынша диалог құрастырады.
VI. Сабақтың қорытындысы
Рефлексия сұрағы: «Сабақтан қандай білім алдыңдар?»
Үй тапсырмасы
Ғалымдардың еңбектері туралы баяндама дайындау.