Бүгін міне бастауышпен қоштасады, Азамат боп кешегі сәби еркелер
Мерекелік ертеңгілік: «Бастауышым – балбұлағым»
Бұл ертеңгілік — бастауыш сыныппен қоштасатын бүлдіршіндердің қуанышы мен толқынысы тоғысқан ерекше сәт. Кеше ғана алты жасар бала болып мектеп табалдырығын аттаған оқушылар бүгін есейіп, білімге қадам басқан шәкірт ретінде жаңа белеске бет алып отыр.
Көрініс
«Қамажай» биі: Жанель мен Анель ортаға шығып, мерекенің шырайын ашады.
Музыка
Вальс: оқушылар қатармен кіріп, вальс билейді.
Ұстаз сөзі
Мұғалім:
«Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас, біле білсең, білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда», —
деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, тарыдай болып кіріп, ақыл-ойларың толысып, оң мен солыңды танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйрендіңдер.
Ендеше, шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өтетін «Бастауышым – балбұлағым» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер.
Мұғалім:
Толқимыз — толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған шығар баршаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп қарсы алайық,
Бітіруші түлектерді ортамызға.
Бүгін сіздердің алдарыңызда 4 «А» сынып оқушылары тұр. Олар осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала еді, ал бүгін — ес білген, ойы қалыптасқан шәкірт.
Бүгін оқушылар бастауышпен қоштасып, тағы бір жасқа есейіп, ұстаздары мен ата-аналарына өз өнерлерін ұсынбақ.
Жүргізушілер сөзі
Шашу
- 1-жүргізуші: Шашу, шашу, шашайық.
- 2-жүргізуші: Ақ сандықты ашайық.
- 3-жүргізуші: Бұл мереке, бұл тойдың…
- 4-жүргізуші: Бастаңғысын жасайық.
(Шашу шашылады.)
Құрметпен сәлем
-
1-жүргізуші:
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым ардақты! -
2-жүргізуші:
Армысыздар, әжелер мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңізден бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар. -
3-жүргізуші:
Армысыздар, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай балапанын жетелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп кешегі сәби еркелер. -
4-жүргізуші:
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар алғысымыз көп біздің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім.
Мектепке арналған ән
1-жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар, достар, бұл мектептен қаншама адам білім алған.
2-жүргізуші: Менің ағам да, апам да, мен де осы мектептен білім алудамын.
3-жүргізуші: Олай болса, мектебімізге арналған әнімізді шырқайық.
Хор
«Мектебім!»
2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ерғанат. Ендеше, сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
Оқушылардың жырлары
1-оқушы
Мектеп деген — білім кені, жыр кені,
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.
2-оқушы
Мектебім — білім берер алтын ұям,
Ер жетіп, сенде сөзім артты, санам.
Барлығын төрт жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
3-оқушы
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі, мектебім.
4-оқушы
Мектебім — алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
5-оқушы
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға — киелі.
Қанат қаққан, білім алған өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
6-оқушы
Мектеп — үйім, ұстазым менің, ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен — мәуелі бәйтерек,
Тамырланып сан тарапқа тараған.
Барлығы
Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін,
Азық етіп, ер жетеміз.
Ұстазға құрмет
3-жүргізуші: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, 42 әріпті танытып, білім нәрімен сусындатқан жан — ұстазымыз.
4-жүргізуші: Әр шәкіртін баласынан кем көрмей, оқуға да, жазуға да үйреткен ұстаз еңбегі шексіз. «Мұғалім — мектептің жүрегі» деп бекер айтылмаған.
1-жүргізуші: Ғылым иесі де, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні күшті жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де — бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алады.
2-жүргізуші: Батыр Бауыржан Момышұлы: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекшісін де ұстаз өсіреді» деген.
Келесі бөлім
Ендеше, келесі жырымызды ұстаздарымызға арнайық. «Ұстазым» әнін қабыл алыңыздар.